Үржардың тау-тасы тарихқа толы

Үржар аудандық тарихи-өлкетану мұражайы 2013 жылғы 29 қазанда облыстық Семей тарихи-өлкетану мұражайының филиалы болып құрылған болатын. Бүгінгі күні мұражайды Серікбек Туғанов деген ұлтжанды азамат басқарып отыр. Қойнауы мен тау-тасы тарихқа толы Үржар өңірінде ашылған аталмыш мұражай іші жыл сайын жаңа жәдігерлермен толығуда.
Киелі жерлерден келген жәдігерлер
– Серікбек Жолдасжанұлы, қасиетті Үржар жерінде жұмыс істеп тұрған тарихи-өлкетану мұражайымен облыс оқырмандарын таныстыра отырсаңыз…
– Мұражайымыз 2014 жылдан жұмыс істеп келеді. Дәстүрлі үлгідегі жеке ғимаратқа орналасқан. Ғимараттың негізгі аумағы – 599,4 шаршы метр, жалпы аумағы – 4582 шаршы метр. Мұражай ғимаратында тұрақты көрмелік құрылым (экспозиция), қор сақтау, қызмет бөлмелері бар. Осы жылдары мұражай ұжымы аудан тұрғындарының рухани-танымдық білімін жетілдіру, жергілікті тарихи құндылықтарды танып білу, әр дәуірден сыр шертетін жәдігерлерді жинақтау, мәдениет және өнер саласындағы түрлі іс-шаралар өткізу, аудан көлемінде және алыс-жақындағы көрермендер санын көбейту мақсатында барынша еңбектеніп жатыр. Мұражай қорындағы жәдігерлер саны бүгінгі күні 4600-ден асып жығылады. Музейдің тұрақты көрмелік құрылымы бес бөлімнен тұрады.
Мәселен, этнография бөлімінде жергілікті қазақ және орыс ұлттарының ежелгі тұрмысы, орыс халқының ағаштан әзірленген үйінің шағын макеті және қазақ үйдің бір бөлігі бар. Бұл бөлімде XIX-XX ғасырларда пайдаланылған тұрмыстық заттар, қару түрлері, ыдыс-аяқ, шаруашылық құралдары жинақталған.
Археология бөлімінде археологиялық зерттеулер нәтижесінде табылған көне тас жәдігерлер б.д.д. I мың жылдықта осы өлкеде ғұмыр кешкен көшпенді бабаларымыздың тұрмысынан сыр шертеді. Көне дәуірлерден көш тартып, ғасырлар бойы бүлінбей жеткен құнды қазыналарымыз бүгінгі ұрпақтың игілігіне жарауда. Осындай асыл мұраларымыздың түпнұсқа бөлшектері, фотосуреттер кеңінен пайдаланылып, өлкені зерттеушілердің еңбектері негізінде ғылыми түсініктемелер берілген. Сондай-ақ аудан табиғаты мен өңірді мекендейтін аң-құстар туралы деректер топтастырылған.
Ал Үржар ауданының тарихы бөлімі ауданның құрылу кезеңі және бүгінге дейінгі тарихы туралы мәлімет берді. Мұнда әр жылдардағы аудан өміріндегі елеулі оқиғаларға арналған фотосуреттер жинақталған.
Халқымыздың тұрмысында қолданылған шаруашылық құралдары, бұйымдар, көне қару-жарақтар мен жергілікті қаламгерлердің төл туындылары – баға жетпес асыл қазынамыз.
Жалпы, музей ұжымы тарапынан өңірімізге географиялық, археологиялық, этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылып тұрады. Осы жұмыстардың нәтижесінде ұлттық асыл мұраларымыздың үлгілері жинақталуда. Сол сияқты, жергілікті суретшілердің түрлі тақырыптағы туындылары да мұражайдың баға жетпес құндылықтары деуге болады. Осы өңірден қанат қағып, көпшілікке танымал болған қоғам қайраткерлері мен ауданның құрметті азаматтарының фотосуреттері мен өмірі туралы деректерде сақтаулы. Еліміздегі атаулы мерекелерге арналған өнер байқаулары, танымдық дәрістер мен тәрбие сағаттары осы бөлімде өтеді. Сөз орайы келгенде айта кетейін, ондай басқосулар бізде жиі өтіп тұрады.
Ал Ұлы Отан соғысы жылдарына арналған бөлім ауданымыздан майданға аттанып, өшпес ерліктің үлгісін көрсеткен жерлестеріміздің өмірі мен өнегелі ерлігі туралы деректермен толығуда. Қаралы күндер мен отты жылдарда қолданылған әскери киімдер, құжаттар, қару-жарақ түрлері жинақталған.
Қасиетті Үржар жерінің өткені мен бүгінгісінен хабардар болғысы келетін жандардың мұражайдағы жәдігерлермен танысуына болады. Есігіміз әрқашан ашық. Бабаларымыз «Өткенге көз жібермей, болашақты болжау жоқ» деген емес пе?! Сондықтан аудан көлемінде білім алып жатқан мектеп оқушыларымен үнемі кездесулер ұйымдастырылып тұрады. Тархын танып, білетін, елінің болашағы алаңдататын ұрпақ тәрбиесіне титтей де болса үлес қоссақ деген арман-мақсатымыз бар.
Аудан басшысы Нұржан Тоқсейітов музей жәдігерлерінің үнемі толығып тұруына баса назар аударады. Ол кісі, мәселен, таяуда ғана атқа жегілетін кәдімгі арба алуымызға жәрдемін тигізді.
Саркофагтың тастары – Жарбұлақта
– Шынында да мұражайда құнды жәдігерлер баршылық екен. Дегенмен, 2013 жылы Алтыншоқы, Лайбұлақ ауылдарының орта тұсынан табылған алтын сәукелелі «Үржар ханшайымының» өзін болмаса да бір белгілерін көре алмай тұрмыз…
– Иә, ол енді бүкіл әлемге бірден әйгілі болған олжа ғой. Әлбетте, оны сол тұста-ақ белгілі реставратор Қырым Алтынбеков бастаған азаматтар арнайы зерттеу үшін Алматыға алып кеткенін білесіз. Тек тас саркофагты қоршап тұрған тастары осы мұражайда еді. Қазір оны да Жарбұлақ мұражайына өткізгенбіз. Таскескен – Бақты автожолын қалпына келтіру кезінде табылған «Үржар ханшайымының» ел археологиясы үшін маңызы зор екені анық. Оны зерттеу жұмыстарын Ә.Марғұлан атындағы Археология институты жүргізді. Ол туралы жіліктеп айтар болсам, оба үйіндісі астындағы тас табыттан, яғни 1,7 метр тереңдіктегі үлкен тас тақтаның астынан ақсүйек текті жас әйелдің сүйектері табылған болатын. Сүйектің аяқ жағынан қыш және ағаш ыдыстар, қойдың сүйектері шықты. Ал адам қаңқасының үстінде көк, жасыл түсті киімнің жіңішке лента тәрізді мата қалдықтары сақталған. Қаңқаның бас сүйегінің құлақ тұсында алтын сырға болса, сол жердегі алақандай ғана құрбандық тасы сол уақыттағы әйелдерді жерлеудегі міндетті атрибут болуы керек.
Айтарлықтай құнды заттарға өсімдікті мәнермен және зооморфты өрнектермен бай әшекейленген шошақты (сәукеле тәрізді) алтын бас киімді жатқызуға болады. Бас киімнің оқ тәрізді ұшы алтын сымдардан шиыршықталып әшекейленіп аяқталған. Төменгі жағындағы бұйымды ежелгі зергерлер бетін кедір-бұдырландырған ілмектермен әшекейлеген. Пішіні мен өрнектердің орындалуы бойынша бұйым қазақ әйелдерінің халықтық бас киімі – сәукеле мен бөрікті еске түсіреді. Осы сияқты бас киімді сақтардың салтанатты киімдерінің жарақтарынан кездестіруге болады. Осыған ұқсас олжалар осы уақытқа жататын атақты Есік обасынан белгілі. Негізі, археологтардың айтуы бойынша, «Үржар ханшайымы» шамамен б.з.д. 4-3 ғасырларға тиесілі.
– Өте жақсы, Секе! Енді өзіңіз жайлы айта кетіңізші.
– Мен 1980 жылы Семей қаласында дүниеге келдім. Үржар ауылындағы Абай атындағы мектеп-лицейден соң, 2001 жылы Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінің қазақ тілі мен әдебиеті факультетін бітірдім.
Қызметімнің поэзияға кедергісі жоқ
– Біз сіздің әкеңіз Жолдасжан Туғановтың да, өзіңіздің де ақын екендіктеріңізді білеміз. Жолдасжан аға қазір Бұрған ауылында тұрады. Сіз республикалық, облыстық жыр мүшәйраларында, ақындар айтысында айтулы жетістіктерге жетіп келесіз. 2012 және 2019 жылдары Президенттің арнайы «Алғыс хаттарымен» марапатталдыңыз. Мемлекеттік қызметтің поэзияңызға кері әсері жоқ па? Қызмет барысында бірі-біріне кедергі келтірмей ме?
– Шынымды айтсам, еш кедергісі жоқ. Керісінше, бірі-біріне үйлесіп, толықтырып, менің поэзияма шабыт беретіндей…
Сұхбаттасқан – Берікхан Тайжігіт
Үржар ауданы.