Ұрпақ тәрбиесі неге ақсап тұр?
Ынтымақ Толқын
Облыс орталығында аналар кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Білім ордасынан бастап әскери бөлімдерде атқарылған жұмыстардың барысы талқыланған шараға республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай қатысты.
Біздің қоғамда бала тәрбиесі мен жастардың қазіргі жағдайы – өзекті мәселелердің бірі. Ел аумағында болып жатқан соңғы жағдайлардың өзі тәрбиелік жұмыстардың ақсап тұрғанын көрсеткендей. Аталмыш мәселенің шешу жолдарын қарастырған Шығыс Қазақстан облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық аналар кеңесінің отырысы қоғам қайраткерлері мен мемлекеттік орган қызметкерлерінің басын қосты. Елдегі балалардың, жасөспірімдердің және отбасылардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған отырыста балалар құқығын қорғау саласындағы заңбұзушылықтардың алдын алу, олардың қауіпсіз мінез-құлқын қалыптастыру, отбасын қолдау және ақпараттық-профилактикалық жұмыстарды жүргізу сынды нақты міндеттер талқыланып, өңір бойынша атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалды.
– Аналар кеңесінің өңір бойынша өткен жылы атқарған жұмыстарының есебін бердік. Облыста ауқымды істер қолға алынған. Аудандар мен ауылдарда да аналар кеңесі белсенді қызмет етуде. Президент 2021 жылы ҚХА-ның кеңейтілген отырысында 4 бағытқа бөлінген жоба бойынша берген тапсырмасына сай жұмыс жүргізудеміз. Біздің ең басты жобамыз «Мәдениетті ана – мәдениетті ұлт» деп аталады, – деді облыстық аналар кеңесінің төрайымы Майра Бейсеқанова.
«Отбасы – мемлекеттің негізі» – ел саясаты осы қағидаға құрылған. Ұлттың мәдени кодын сақтау үшін тәрбие мәселесін әлеуметтік тақырыптардың басына қою қажет. Қазіргі уақытта келешегі бар біртұтас қоғамды қалыптастыру – бірінші кезектегі міндет. Ол үшін елдік бірегейлікті қалыптастыру бойынша үздіксіз іс-шараларды жүргізу керек және бұл бағыттағы жұмыс ең алдымен отбасы институтынан басталғаны жөн. Осы бағыттағы жұмыстардың басы-қасында болу да – осы аналар кеңесінің міндеті.
Қоғам мен билік арасын жалғауда маңызды рөл атқаратын кеңестің кезекті өңірлік отырысы бастапқыда пленарлық бөліммен басталып, кейін ақпараттық блогта бес бөлімге жіктеліп, мектептен әскерге дейінгі мекемелерде кездесетін әлімжеттік, суицид және басқа да мәселелердің себебі талқыланып, ұсыныстар айтылды.
– Аналар кеңесі қоғам мен билік арасындағы алтын көпір бола алады. Себебі ақпараттың дұрыс жетпеуінен түсініспеушіліктер туындап жатады. Ал аналар кеңесінің алдында тұрған мақсат – қандай да бір мекемеде істеліп жатқан жұмысқа көмек көрсету, дұрыс ақпарат беру. Мысалы, әскери бөлімдермен жұмыс істейтін аналар кеңесі ондағы жағдайды, жас сарбаздардың жай-күйін ата-анасына жеткізіп, көңілін орнықтыруға тиіс. Бұның артында тұрған өте үлкен жұмыс бар. Себебі, ертең елді қорғауға баратын жастың да, оның ата-анасының да көңілі тыныш болуы керек. Мектептердегі мәселе де өте маңызды. Жасөспірімдер арасында буллинг мәселесі өзекті. Аналар кеңесінің алдында тұрған міндет – адамгершілікке тәрбиелеу. Өз ата-анасына, бауырына қамқор болған адам өзгені аяусыз тепкілемейді. Ондай жағдайлардан қорытынды жасап, қателік кеткен тұстарын анықтауымыз керек. Ал қазір Өскемендегі мектептерде аналар кеңесінің жұмысы жоқ, – деді республикалық аналар кеңесінің төрайымы Нәзипа Шанай.
Отырыста отбасылық жағдайды жақсартуға бағытталған жұмыстардың барысы да айтылды. Өткен жылы көпбалалы 20 отбасына «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында баспана берілсе, биыл тағы жеті отбасына тұрғын үй берілмек. Сонымен қатар аналар мен көпбалалы отбасыларға жеке кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған гранттар беру мәселесі де қаралуда.