Қоғам

Уран өндіруден көш басындамыз

Уран өндіруден көш басындамыз

Уран өндіруден көш басындамыз

Қазақстан 2015 жылдың қорытындысы бойынша уран өндіруші елдер арасында әлемдегі көшбасшылық орнын сақтап қалды. Өткен жылы елімізде 23 800 тонна уран өндірілген. Бұл туралы «Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясының баспасөз қызметі хабарлады.
Компания ақпаратына сенсек, 2015 жылы Қазақстан АҚШ пен Франция нарығына уран жеткізетін ірі экспорттаушыға айналған. Сонымен қатар, былтыр қабылданған шаралар қорытындысы бойынша «Қазатомөнеркәсіптің» экономикалық қосымша құны (EVA) 15,4 миллиард теңгеге өскен. Бұған қоса, өндіріс тиімділігін арттыру, технологиялық үдерістерді оңтайландыру және қуат үнемдеу бойынша қабылданған кешенді іс-шаралар нәтижесінде компания өндірістің өзіндік құнын 16,4 миллиард теңгеге қысқартыпты.
Айта кетер жайт, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясы былтырғы 12 айда өндірген уранның мөлшері 2014 жылғы көрсеткішпен салыстырғанда 4,2 пайызға артқан-ды.

Ипотека беруін тоқтатты

Елімізде бірден бес банк тұрғын үй алуға қатысты несие беруін тоқтатты. Олардың ішінде «БанкЦентрКредит», «Fortebank», «Сбербанк», «Казкоммерцбанк» және «ВТБ» банктері бар.
Мамандар аталмыш қаржы ұйымдары мұндай қадамға ұлттық валюта бағамының қазіргі құбылмалылығына байланысты барып отырғанын айтуда. Сондай-ақ, банктердің ипотека беруін тоқтатуына еліміздегі жылжымайтын мүлік нарығының тұрақсыздығы да себепші болып отыр.
– Алдағы уақытта, нақтырақ айтсақ, наурыз айында Ұлттық банк есептік мөлшерлемелерді қайта қарап, тауарды нарыққа шығарудың бүгінгіден тиімдірек жолдарын табады деп сенеміз, – дейді «ВТБ» банкінің қазақстандық бөлімшесінің басқарма төрағасы Дмитрий Забелло.
Сол сияқты «Казкоммерцбанк» те жаппай ипотека беруін тоқтатты. Қазірде аталмыш банк тұрғын үй несиесін тек ірі корпоративтік клиенттерге беріп отырғанын айту керек. Ал қалған тұтынушылар болса, банктің балансындағы үйлерді жалға алуға ғана құқылы екен.

Қостанайда JAC автокөлігі құрастырылмақ


Алдағы уақытта Қостанай облысында қытайлық «ChinaMachinerycompany» компаниясының қатысуымен JAC автокөлігі құрастырылатын болды.

– Өткен жылдың тамыз айында «СарыарқаАвтоПром» серіктестігі Қытайдың «ChinaMachinerycompany» және «JAC Motors» компанияларымен Қазақстанның ұлттық автокөлік бренді жөнінде стратегиялық әріптестікті нығайту туралы келісімге қол қойған болатын. Аталмыш келісімнің басты мақсаты – отандық автоөнідіріс саласын дамыту, – дейді Қостанай облысының әкімі А.Мұхамбетов.
Оның айтуынша, «JAC» көлік кешеніне тапсырыс бойынша «ChinaMachinerycompany» компаниясымен бес миллион АҚШ доллары инвестицияланыпты. Бұл мақсатқа барлығы 40 миллион доллар көлемінде инвестиция тарту жоспарланған екен. Жаңа зауытты жабдықтау және технологиялық жабдықтарды монтаждау алдағы маусым, шілде айларында басталмақ.

Шығыс-ақпарат

Осы айдарда

Back to top button