
Күнделікті пісіріп жүрген макаронның бағасы өсіп кетті десек сенесіз бе? Әлде ұзын-сонар кезекте тұрып бағасына да қарап үлгермедіңіз бе? Ендеше сарапшылар берген мәліметке зер салыңыз. Макарон бағасы бір жыл ішінде 10,3%-ға өсті.
Пандемия кезінде азық-түлік бағасы біршама шарықтап кетті. Мәселен нанның өзі 6%-ға қымбаттаған. Мамандардың сөзіне сенсек, нан бағасы былтырғыдан қарағанда 5,9 %-ға артқан. Кеспенің бағасы 11,6 пайызға өскен. Ұннан жасалған кондитерлік өнімдерге 8,2 % қосылған.
Айта кетейік, ағымдағы жылдың бірінші жартыжылдығында нан-тоқаш, макарон және ұннан жасалған кондитерлік өнімдердің өндірісі төмендеген. Өндірілген өнім көлемі 111 миллиард теңге, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 11,8%-ға аз.
Жаңа піскен нан өндірісі 21,3 пайызға, 266,6 мың тоннаға дейін азайды. Макарон өнімдері, кеспе, кускус және сол секілді ұн өнімдері 17,9 пайызға, 75,6 мың тоннаға дейін төмендеді.
Қысқасы, ұннан жасалған өнімдердің бағасы өскен. Бұған өндірістің төмендеуі себеп болуы ықтимал.