Қоғам

Ұмыт қалған мереке ұлықталады

Биыл тағы бір ұлттық мереке қатарға қосылды. Ұлттық мереке ретінде бекітілген 25 қазан Республика күні қарсаңында қазақстандықтар үш күн демалатындығын да ақпарат құралдары жарыса жазуда.

Біраз жыл бойы тойланбай қалған 25 қазандағы Республика күнін қайта тойлау туралы ұсынысты ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев маусым айында айтқан болатын.

– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізгені жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан  қазанның 25-і күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек. 1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек. Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деген болатын Президент.

Осыған орай заңды Парламент Сенатының жалпы отырысында палата депутаттары қарап, ұсынысқа қатысты түзетулерді қабылдаған болатын. Бұл норма «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне кинематография және мәдениет мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына енгізілген. Ондағы өзгерісте «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға 25 қазанды ұлттық мереке – Республика күні деп белгілеу, 16 желтоқсан мемлекеттік мереке – Тәуелсіздік күні болып бекіту жоспарланған еді.

– 25 қазан – Республика күні ұлттық мереке болып бекітіледі. Бұл тарихи және өте маңызды шешім. Еліміздің тәуелсіздігі шынымен де, осы күннен басталады. Сондықтан бұл күннің ұлттық мереке ретінде бекітілуінің өзі мемлекеттілік пен егемендік тұрғысынан маңызды қадам. Болашақта бұл мереке тәуелсіздікті дәріптеп, нығайта түсуге септігін тигізеді деп сенеміз, – деген болатын Сенат отырысында Мәулен Әшімбаев.

Енді міне, ұтымды ұсынысты қолдаған Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзгеріс енгізілген заңға қол қойып, Республика күнін ұлттық мереке ретінде тойлауды тапсырды.

Алтай Ғали-Асқар

Осы айдарда

Back to top button