Қоғам

Ұлытаудағы жиын ұлтты ұйыстырды

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен жаңадан құрылған Ұлытау облысында өткен Ұлттық құрылтай қоғамға жаңаша бір серпіліс әкелді.
   Алқалы жиынның Ұлытауда өтуінің символикалық мәні бар деп ойлаймын. Себебі қазақ мемлекеттігінің алғашқы қалыптасу кезеңі де осы өңірмен тығыз астасып жатыр. Барлық қазақ хандарының түп аталарының бірі Жошы хан да ұлысын осы аймақта құрғаны тарихтан белгілі. Керей мен Жәнібектің Жошыдан тарайтын Орыс ханның ұрпақтары екенін де білеміз. Сол сабақтастық бүгінгі кезеңмен де жалғасын табуда.

Ұлттық құрылтайға әр саланың белді өкілдері қатысты, сындарлы пікірлер де айтылды. Қандайда бір келелі, тағдыршешті мәселеге келгенде құрылтай шақыру өткен ғасырлардағы түркілерден, кешегі қазақ хандығы дәуірінен бар игі үрдіс. Жаңарған мемлекет болуымыз үшін қоғамдық санаға да қозғалыс керек, ойтүрткі керек. Бұл тұрғыдан, парасат-пайымы толысқан, ел алдында жүрген түрлі сала өкілдерінің ел басшысының айналасына топтасып, елдік мәселені бірге талқылауы, шешудің ретін іздеуі құптарлық дүние.

Бұл құрылтай келесіде көшпелі негізде еліміздің әр аймағында өткізіліп отыратын көрінеді. Бұл дұрыс та. Жиындардың тек елорда төрінде ғана салтанат құруы қатып қалған қағида емес шығар. Халықтың ынтымағын, аймақтар арасындағы байланысты жандандыра түсетін үрдіс болмақ. Қай облыста өтсе, делегаттар сол аймақтың әлеуметтік, тарихи, мәдени тыныс-тіршілігіне қанығады, ой түйеді. Бірінде жоқ идеяны екіншісінен табады дегендей… Кемшілігін де, артықшылығын да көзбен көреді.

Күні кеше ғана Ата Заңымызға енетін өзгерістерге дауыс бердік. Халықтың жетпіс пайыздан астамы қолдаған екен. Реформа өздігінен бола қалмасы анық. Ол үшін заңдық тетіктер іске қосылуы тиіс.  Яғни, Конституциялық реформа осының басы. Елдің әлеуметтік ахуалын жақсартуға, демократиялық, азаматтық қоғам қалыптастыруға негіз болатын алда талай заңдар қабылданбақшы. Әділетті Қазақстан тек Президенттің пәрменімен құрыла салмасы белгілі. Ол сіз бен біздің құқықтық белсенділігімізбен, қоғамға кереғар жағдайларға бірігіп тойтарыс беріп отыруымызбен, әркім өз саламызда талмай еңбек етуімізбен іс жүзіне аспақ.

Ұлттық құрылтайға 117 адам мүше болыпты. Әр буыннан қамтылған екен. Қоғамға қажетті тың идеялар мен ұсыныстарды айтып отыратын, ой талқымен ортақ шешімге келтіретін беделді, қозғаушы күшке айналарына сенеміз. Халқымызда «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген бар. Заманында ел ішінде дау болса хан мен бидің алдында төрелігі айтылып, әділ шешім шығарылатын болған. Ұлттық құрылтай да ел мүддесін қорғап, жан-жаққа тартқызбай, келелі жиынның кемел үлгісін көрсете берсін дейміз.

Серік Бектаев, Ақжар ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы

Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button