ТОПҰлыс оң болсын

Ұлыстың ұлы күнінің мәні

«Санаға біраздан бері сіңіп қалған: «Күн мен түн 22-сінде теңеседі» деген сөз – жалған»

(Шартты сурет)

Наурыз мейрамы әр өңірдегі қазақтың түсінігінде әртүрлі ме? Шығыстағы елдің құлағына оғаш естілген «Көрісу күні» қайдан шыққан? Батыс, оңтүстік және шығыс аймақтың адамдарымен тілдесіп, Ұлыстың ұлы күнінің мән-жайын білуге талпынып көрдік.

«Самарқанның көк тасы балқыды»

Бекәділ Сәдібеков – Түркістан облысының тумасы, Өскемен қаласының тұрғыны, облыстық Didar газетінде еңбек еткен ардагер журналист. Кеңес одағы кезінде Наурызды қалай тойлағанын, оңтүстік өңірдің халқына мейрамның қандай мәні бар екенін бала күніндегі естеліктерімен байланыстыра отырып әңгімелеп берді.

– Бала күнімде ауыл халқы наурызек келді деп, мейрамға дайындала бастайтын. Көктем шыққанын сол кішкентай құстың келгенінен білетінбіз. Кеңес үкіметі – оңтүстік жақта да кеңес үкіметі ғой, ескі әдет-ғұрыптарымызды қысымда ұстайтын. Белсенділер келіп айғай шығара ма деп, жұрт жалтақтап жүретін. Бірақ сонда да мейрам тойланбай қалмайтын. Халық ол кезде кедей тұрады. Әке-шешелеріміз көшеге біркиерлерін киіп шығатын. Оңтүстік жылы ғой, осы уақытта көк біршама көктеп кетеді. Ауылымыздың сыртында көгал болушы еді, халық сонда бас қосып, ошақ қазатын. Бірі сүрін, енді бірі тары, бидайын салып, көже дайындайтын.
Біздің ауылдың бәрі диқан – мақта егеді. Менің есімде қалғаны… Соғысқа қатысқан Тұрсынбай дейтін ата болды. Қолы молақ болса да, кетпен шабатын қайратты адам еді. Сол кісі өзі аспаз болып көже пісіретін. Айнала отырған жұртқа соғыс туралы шығарған дастандарын айтып беретін. Дауысы керемет емес, сонда да ескі әндерді орындап отыратын.
Балалар күресі ұйымдастырылатын. Тағы да әнші адамдар әнін айтып, үлкендер жағы қисса орындап, бишілер би билейтін. Өрістен мал қайтқанша тойлайтынбыз осылай. Халық Наурыз мейрамын жаңа жыл ретінде қарастырады. «Күн мен түн теңеліп, жаңа жыл басталды. Самарқанның көк тасы балқыды. Нағыз қазақтың мейрамы – осы», дейтін ақсақалдар. Кейіннен қысым қатая түсті ме, әлде басқа әсер болды ма… бұл мейрамнан мән кете бастағандай болды.
Жалпы, Наурызды бұрын бір айдың ішінде тойлайтын еді ғой. Суық өңірлер ауа райын ескеріп, жылы аймақтар шаруаның ыңғайына қарай кеңесіп, бір күнді белгілеген. Қазір енді бәріміз бір мемлекет аясында өмір сүріп жатқандықтан 22-сіне тұрақтандырды ғой. Ол да дұрыс. Ал 22-сіне дейінгі күндерге «көрісу күні», «жайлау күні» дегендей ат беріп жатыр. Көрісу күні еліміздің батысынан келген екен. Аты біздің құлаққа оғаш естіледі. Дегенмен, мұны пандемияға байланысты халық алаңға жинала алмайтын болғандықтан бекіткен болар деп ойлаймын, – деді Бекәділ Сәдібеков.

«Наурызда жуылмайтын кір қалмайды»

Нұрбақыт Атанұлы – Нұрлыкөш ауылының бұрынғы әкімі, ауылдың сыйлы ағасы. Қазақстанға Қытайдан 20 жыл бұрын көшіп келген. Қытайда мейрамды қалай тойлағаны және ұмыт қалып бара жатқан әдет-ғұрыптар жайында әңгімелейді.

– Біз енді арғы бетте есейдік қой. Ол жақта Наурызға соямыз деп арнайы мал байлап, қыс бойы семіртетін. Көктем шыға мал шаруасымен шашыраған елдің бәрі ой мен қырдан жиналатын. Басы қосылып, аман-есен күннің көзін көргеніне қуанатын. Сақтаған сүрін қосып, жеті түрлі дәмнен наурызкөже әзірлейтін. Бір күні біреуі, екінші күні басқасы – кезек-кезек қонаққа шақырысатын. Үлкендер, орта жастағылар, балалар, әйелдер болып, бөлек-бөлек айтшылаған секілді бір-бірінің үйіне кіретін. Соның далдасында мейірімділік, кішіпейілділік, бауырмалдық көрініп жататын. «Наурызда жуылмайтын кір қалмайды» деп, құда-жегжат, туған-туыс, өкпелі болған дос-жаран табысатын. Көңілде сақталған өкпе «Наурыз» деген киелі бірауыз сөздің желеуімен шайылып кететін еді. Қазір де бұл бар ғой, дегенмен бұрынырақта мейрамның мәні тере-е-ең сезілетін…
Наурыз – діни мейрам емес, нағыз түркі текті халықтың ұлттық мерекесі. Біздің жақта түс ауғаннан кейін неше түрлі ұлттық ойындар өтетін: асық ойнау, жамбы ату, көкпар тарту, аударыспақ, қыз қуу, теңге ілу… Ауылдың кез келген жігіті мен қызы өз еркімен атқа шауып, осы ойындарды ойнайтын. Өйткені бұл олардың ешқайсына таңсық емес. Ал кешінде қурап қалған сүйекті жасырып, «ақсүйекке» кірісеміз. Шешеміз ақ қойдың жүні мен қара жылқының қылынан ширатқан ала арқанды екі теректің бұтағына байлап жіберіп, алтыбақан тебеміз. Қозы мен қасқыр деген ойын бар еді. Ұлдар – қасқыр, қыздар – қозы. «Қасқыр қозыны апанына алып кетті» деп басталатын ол. Сонда ойын барысында бұрыннан кезіге алмай жүрген қыз бен жігітке оңаша қалып, сыр шертісуге мүмкіндік туатын. Мән беріп қарасақ, осынау ойындардың әрқайсының астарында көмескі бір мән жатады.
Айтылуда бар, атқарылуда жоқ салт-дәстүр, әдет-ғұрпымыз көп-ақ қой. Қазақстанға көшіп келгеніме жиырма жыл. Осы уақытта Наурыз мейрамын халық бір сарында қабылдап келе жатыр. Киіз үй тігу, концерт, көже ішу, күрес, арқан тарту деген секілді дәстүр болып қалған дүниелерді жылына қайталап жүрміз. От басы, ошақ қасында шағын салт-дәстүрлер сақталып қалғанымен, осындай ауқымды іс-шараларға арналғандары көмес қалып бара жатқандай. Бірақ жаһандық дәуірде соның бәрі күнделікті өмірде тұрақты жүріп жатпайтыны анық. Өкінішті-ақ дейтін емес, қоғам дамып келеді. Біз енді басқа бағытпен жүруіміз керек қой. Дегенмен оларды заман талабына сай икемдеп, мән-маңызын жете түсінетіндей қылып қайта жаңғыртып отыру керек деп ойлаймын. Бәленбай жыл тарихы бар еліміз, тәуелсіз мемлекетіміз тұрғанда қайдан шыққанымызды ұмытып кетпеспіз, – дейді Нұрбақыт Атанұлы.

Көрісу күнінің мәні

Светлана Қайырғалиева – Атырау облысының тұрғыны, зейнеткер, журналист. Біз Наурыз мейрамы батыстағы ағайынның түсінігінде қандай екенін білу мақсатында хабарластық.

– Батыстың ұғымында наурыз тойы деген – көрісу. 14-і күні жасы кіші адам ауылдың үлкендеріне, туыс-туғандарына барып көріседі. Яғни, аман-саулығын біліп, «қыстан аман шықтыңыз ба?» деп сұрайды. Бұрын мал соңында жүрген қазақ бір-бірін көп уақыт көре алмай қалады. Өлім-жітім болуы да мүмкін ғой. Сонда көктем шыға бірін-бірі түгендеп, «қайныағам орнында екен», «нағашым орнында екен» дегендей барып, амандасып, батасын алып қайтады. Тіріге шүкірлік, өліге салауат айтады. Қазір кімнің үйінде қарты бар, сол үй дастарқанын жайып, дайындалып отырады. Жалпы, біздің елдің адамдары жыл бойы көрісе береді. Кім-кімнің де көңілінде құрмет тұтатын адамдарының тізімі жүреді. Жұмыс-шаруаның ыңғайына қарай сол адамдардың аман-саулығын біліп қайтып отырады, – деді Светлана Қайырғалиева.

Айт-Ман Нұржан – ақын, Маңғыстау облысының тумасы. Оның айтуынша, 22 наурыз – ирандықтардың мерекесі. Қазақтың Әз Наурызы 14 наурызда басталады. Төменде ақынның бізге жолдаған жауап-хаты:
«Көрісу күні» деген мейрам жоқ, Ұлыстың ұлы күні – Жаңа жыл мерекесі бар. Әз Наурызыңыз да, Амалыңыз да осы 14-інде басталады. Бұл – күллі түрік, барша қазақтың төл жаңа жылы! Мені тыңдамасаңыз да, Шәкәрім қажы, Мәшһүр Жүсіп сынды әулиелерге құлақ асыңыз. Олардың және басқа да қазақтың қасиетті шалдарының айтуынша, 22 наурыз «қызылбастардың», яки шиғалардың жаңа жылы. Санаға біраздан бері сіңіп қалған: «Күн мен түн 22-сінде теңеседі» деген сөз – жалған. Ол кезде күннің ұзақтығы 15-20 минөтке ұзарып кетеді. Нанбасаңыз, қолыңызда құралыңыз бар: тексеріңіз!
Кеше (14-і күні түнде – авт.) жаңа ай туды, сондай-ақ күн мен түн теңесті. Мәселен, бүгін күн Ақтауда 07 сағат 45 минөтте шықты, 19 сағат 45 минөтте батады; Астанада 07:25-те шығып, 19:25-те; Алматыда 07:02-де шығып, 19:02-де батады.
Бұл күні табиғатта басқа да көптеген өзгерістер болады. Мысалы, балпақ іннен шығады, қой таң сәріде Самалыққұстың сәулесін көреді де, қошқар көкке қарап мекіренеді, балық су бетіне шығып қарнымен аунайды…
«Көрісу» – сол Ұлық мерекенің бір атрибуты ғана! Неге өз тынысымызды өзіміз тарылтып, қолдан жасанды мейрамдар жасауға құмармыз?! Неге көзкөрекі ақиқаттарға самарқаулық қылып, жалғаннан перде тұтуға оң иығымызды беріп тұрамыз?!
Хош, сонымен баршаңызды түгел түркі, иісі қазақтың төл Жаңа жылымен – Ұлыстың ұлы күнімен құттықтаймын! Көрісейік, қауышайық, табысайық! Бұл Жаңа жыл күллі күмәнді сейілтіп, күллі үмітті оятып, қараңғылық пен ғафілетті серпіп, Ақиқаттың сәулесін жағып келгей! Айт-Ман.
15.03.21.
Көздіойық қонысы,
Маңғыстау уәлаяты»

P.S. Батыс аймақта дәстүр болып сақталған «Көрісу күнін» Премьер-Министр Асқар Мамин биылғы Наурыз мейрамын атап өту тұжырымдамасында ресми бекітті. Осыған орай біз көшпенді өмір салтынан қалған екі мәліметті келтіріп жаза кетпекпіз. Мұнымыз, ақын Айт-Ман Нұржанның «Әз Наурыз 14-інен басталады» деген тұжырымын қостау емес, жай ғана кездейсоқтық болуы да мүмкін.
Шығыста 10-14 аралығында кіріп-шығатын ауа райына қатысты амалды «Әбдікей» деп атайды. Халықтың түсінігінде, бұл – таудағы жабайы аңдар төлдейтін уақытта жүретін құбылмалы суық ағыс. Көшпенді ел көктемнің шыққан-шықпағанын осы амалдың қалай өткеніне қарап болжаған. Амал мал төлдердің алдында болады. Ел аузында «Әбдікей өтпей қоймайды. Жақсы өтсе (желдетіп, құрғақтатып, қатты аяз болмаса), сол жылы шаруаға жайлы болады; жаман өтсе (ақмылтық боран, бұрқасын қар), сол айдың аяғы ұзап, көктемнің күні кейіндеп қалады» деп айтылады.
Халық түсінігінде, ай 14-15-і күндері толып, аспанда толық көрінеді. Бұл кезде үлкендер «Ай көрдім, аман көрдім, баяғыдай заман көрдім, ескі айда есірке, жаңа айда жарылқа» деп дұға қылады. Бір-біріне «Айың оңынан тусын!» деп тілек тілейді. Ертеңгі күннің ауа райын да «жатысы шалқақ», «қораланып қалыпты» дегендей айдың тууына қарап жорамалдайды.

Тасқын БОЛАТҰЛЫ

Осы айдарда

Back to top button