Тылсым дүние

Ұлып қасқыр атам деп, ұлып қалдым…

Ұлып қалдым ғой, ұлып қалдым! Қаңырап қалды қараша үй, –  деп күрсінді аңшы ағамыз. Біз бағана аңшының ауылын бетке алып, Аршалы сайды өрлегенде ақ боран да ұлып тұрған еді…

Сәл үнсіздіктен кейін ауыр күрсініп алған аңшымыз әңгімені арыдан бастады. Бала кезімде тұзақпен тышқан ауладым. Кейін өзім де  өмірдің тұзағына түсерімді аңдамаппын. Аңшылыққа деген алғашқы қадам солай басталды. Жалаңаяқ жар жағалап, бұлақ кешкен балалық шақ білінбей өте шықты. Ержете келе «Ер азығы мен бөрі азығы жолда» деп жортуылдап жон кездік, айлап Алтайды араладық. Аңмен аңдысып, кеш батса таң күтіп, тағылықты тағдырға серік қылдық. Менмін деген әккі мергендерге еріп елсіз түзде ерулеп, тауда қонып талай түндерді өткіздік. Жазылмаған дала заңын жаттап өстік. Жаңылдырды, жоқ, жаңылдым ғой, – деп тағы бір күрсініп алды…

– Кие мен ие туралы иен түзде көп айтылатын. Аңшылардың әуелгі сөзі «ысқырып атқан киіктің обалы жоқ» деп басталатын. Мүмкіндікті мүлт жібермейтін мергендердің серті еді бұл. Жауым да болса жақсы, дұшпанымның деңгейі биік болсын дейтін қазақтың аң аулауда да әділдікке жол бергені бұл. Айғайдан кейін ғана адырнаны аңырата тартатын аңшының серті «біріміз ұтыламыз, біріміз құтыламыз» дегені. Мен ақыры ұтылдым…

Ақыр соңы ашкөздігім аңшылықтың сертін бұзды. Өткен бір жылдардың бөрісырғақ амалы болатын. Орта жонды орағыта келіп, қарауыл тастың  қалтқысына тізе бүктім. Алтайдың ақтүтек бораны ұлып тұрған еді. Бағзы замандағы бөрілігім ұстап, тамырымдағы тағылығым оянды ма, мен де ұли бастадым. Аууу… Аууу…Аууу…

Ішкі дерті асқындыма, аңшымыз ұлып-ұлып алды.

Ауу… Ауу… Ауу… Міне осылай, – деді. – Құртқаның құрты қозып, арланның араны ашылған шақ ғой бұл. Жан-жақтан ұли бастады. Шындығы ұли бастадық. Бөрісырғақ биігі атанған бұл биік – түз тағылары жолығатын тоғыз жолдың торабы еді. Бір шоғыры Баянжүректен, бір шоғыры Ақшоқыдан, бір тобы Құлынембестен құйылып, тоғыз қасқыр Бөрісырғақ биігіне көтерілді. Аңқаулықтан ада болса да, адалдықты ту еткен түз тағылары махаббат маусымында мамық қардың бетінде мауқын басуға оралған еді. Алайда ақтүтек боран астында ажал күтіп тұрғанын аңдамады. Ойламаған жерден оңай олжаның оралғанын көргенде, менің де бөрілігім басылып, кісілігім қылт ете қалды. Қарауыл тастың қалқасында қатыгездік пен қастандыққа кірістім. Табиғат ананың түз тағыларына арнап мамық қардан жайған махаббат көрпесін қызыл қанға боядым. Пешенеме жазылған пенделігімнің пейілі тоқтыққа масайды. Содан кейінгі жылдарда да көп ұлыдым. Көкбөрілерді көп аттым. Тағы ұлыдым, тағы аттым. Таусылмады. Мен таусылдым.

Тоғыз ұлым топалаң тигендей қырылды. Қабірлі сайдың бауырында тоғыз төбешікке айналды. Бір жолы құртқасын тағы да ұлып атып, апандағы үш бірдей бөлтірігін көзі ашылмаған көрсоқыр күйінде көрінгенге сатып едім. Үш перзентім көзсіз туып көрсоқыр күйінде көр бесігіне бөленді. Тағдырдың қасіретінен қабырғасы қайысқан жұбайым жарымжанға айналды. Әуелде «әуп-әуп» деп, ит болып үри бастады. Менің иттігімнің кесірі шығар. Кейіннен тілі тартылды. Жалпақ әлемге жанарымен тіл қататын болды. Жұмыр жер оны да жұтты. «Бөрінің Тәңірісі болса, иттің иесі бар», – дейді. Тәңірі тілегін орындады. Ал менің ием де жоқ. Ұлып қалдым…

Әңгіме аяқталған тұста аңшының жүзінен қасірет табын көрдім. Бір бөлмелі ағаш үйдің ортасында оты сөнген қара пеш қаңсып қалған. Төбені тесіп шығып, тұмсығын көкке білеген пеш мұржасы да гуілдеп ұлып тұрды…

Қызырбек Дүргінбайұлы

Осы айдарда

Back to top button