Қоғам

Ұлы дала сазы

Айжанат Бақытқызы

           Глубокое кентінде түркі халықтарының өнері мен мәдениетін бір арнаға тоғыстырған «Ұлы дала сазы» түркі шығармашылығының VII өңірлік өнер фестивалі өтті.

Түркі мәдениеті әлем мәдениетінің, жалпы адамзат өркениетінің қалыптасуына әсер етіп, ықпал жасауда өзіндік орны бар. Өнер мерекесін ұйымдастырушылардың сөзінше, фестивальдің басты мақсаты – түркі халықтарына ортақ мәдениетті жаңғыртып, тарихта өшпес мұра болып қалуына ықпал ету.

Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мен Абай атындағы мәдениет үйінің ұйытқы болуымен өткен өнер байқауына өңірдегі көркемөнерпаздар мен кәсіби шығармашылық ұжымдар қатысып, фестиваль шымылдығы театрландырылған қойылыммен ашылды.

– Түп негізі бір, тілегі ортақ түркі жұртын тек бір-бірін қиналмай ұғысатын тіл ғана жақындастырып қоймайды, олардың етене араласуына тамырлас өнердің де ықпалы аз емес. Түркі өнері – түркілік рухты қозғайтын айрықша кұбылыс. Ауданымызда осымен жетінші мәрте өткізіліп отырған достық фестивалінің мақсаты – түркі тілдес халықтардың мәдениеті мен дәстүрлерін, әдет-ғұрыптарын насихаттап, дамыту. Мұндай іс-шаралар мәдениетаралық байланысты нығайтып, түркі халықтарының бірлігіне ықпал етеді. Фестивальға қатысушыларға сәттілік тілеймін және өнер жолында арқалап келген үкілі үміттері ақталсын, – деді Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашинов.

Мерекелік концерт басталмас бұрын Шемонайха, Бородулиха, Ұлан, Глубокое ауданы мен Өскемен, Семей қалаларының үздік өнерпаздары қазақтың ұлттық киімдерін киіп, қызыл кілеммен жүріп өтті. Абай атындағы мәдениет үйінде өткен байқау барысында облыс өнерпаздары «Халық әні», «Би өнері», «Аспапта орындау шеберлігі» және «Сәндік-қолданбалы өнер» атты төрт аталым бойынша сынға түсті. Фольклорлық ансамбльдер, әнші-бишілер мен аспапта орындаушылар аудан халқы мен қонақтарын түркі халықтарының ғасырлық музыка өнерімен сусындатты.

Фестиваль қатысушыларының өнерін еліміздің еңбек сіңірген әртісі Вячеслав Ткач, Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, дәстүрлі әнші Әділ Тұрғанбаев, облыстық сәулет-этнографиялық және табиғи-ландшафтық мұражай-қорығы директорының орынбасары Гүлжан Кашакуқызы, оқытушы хореограф Әсем Болатқызы және Байжігіт атындағы халық аспаптары оркестрінің бас дирижері Шалқар Рысханұлы сияқты өнер майталмандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.

Байқау нәтижесінде «Шанабек» әнін орындаған глубокоелік өнерпаздар Алпыс Жақиянов пен Бақыт Абылайханның дуэті «Халық әні» аталымының, «Көшпенділер рухы» күйін орындаған «Сарын» фольклорлық этнографиялық ансамблі «Аспапта ойнау шеберлігі» аталымының, «Ұлы дала мұрасы» биін жарқырата орындаған Шемонайха ауданының «FREEZE LIGHT» үлгілі би ұжымы «Би өнері» аталымының, Семей қаласының өнерпазы, бірнеше халықаралық байқаулардың жүлдегері Серәлі Мұхаметсадықов «Халықтың қолданбалы өнері экспонаттарының тақырыптық көрмесі» номинациясының бас жүлдесін жеңіп алды.

Аудан тұрғындары мен қонақтары алаңда құрылған киіз үйлердегі  көрмелерді тамашалады. Әсіресе облыстық тарихи-өлкетану музейі  ұйымдастырған Катонқарағай ауданындағы Берел қорғандары мен Елеке сазы, Шілікті жазығындағы патша қорғандарынан табылған құнды жәдігерлер көрмесін тамашалағандардың қарасы көп болды. Көрме сөрелерінен темір, былғары, сүйектен жасалған ат әбзелінің жабдықтарын, найзаның ұштарын, алтын мен қоладан жасалған белдік жиынтығының түйіндігі мен салпыншақтарын, алтын, күміс әшекейлер мен руналық жазуы бар айнаны тамашалуға болады.

Музей қызметкерінің айтуынша, қылыштардың ең көп табылатын жері Ертіс жағалауы болған. Бұл қимақ әскерінің тегеурінді күші болған жеңіл атты әскердің кеңінен қолданылғандығын көрсетеді. Көрмеге қойылған қолөнер шеберлерінің бұйымдары түркі халықтарының қолданбалы өнерінің байлығы мен алуан түрлілігін көрсетеді. «Халықтың қолданбалы өнері экспонаттарының тақырыптық көрмесінде» Глубокое кентінің балалар шығармашылығы үйінің жас қолөнершілері өз қолдарымен жасаған бұйымдарымен таныстырды. Мұндағы көрме заттары негізінен тоқыма акварельден жасалыпты.

Келесі киіз үйде түркі халықтарының, оның ішінде қазақ, әзербайжан, татар, өзбек халықтарының ұлттық тағамдарының дайындалу жолымен таныстырды. Мереке барысында Глубокое ауданы көркемөнерпаздарының орындауындағы «Туған жер», «Шіркін-ай», «Отырардағы той», «Ақжайнақ», «Қазақстаным» әндері көрермендерді бір серпілтіп, тамаша көңіл-күй сыйлады. Іс-шара соңы ұлттық спорт және зияткерлік ойындарға ұласты. Мұнда балалар күрес, садақ ату, қол күресінен сайыстарға қатысып, сыйлықтармен марапатталды.

Осы айдарда

Back to top button