SANAQ

Ұлттық санақ биыл қазан айында өтеді

Президент тапсырмасына сәйкес, 2021 жылдың қазан айының 1 мен 30-ы аралығы негізгі халық санағын өткізу мерзімі болып бекітілді.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы 29 қаңтарда Мемлекет басшысының төрағалығымен Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің үшінші отырысы өтіп, онда Қасым-Жомарт Тоқаев ағымдағы қазан айында халық санағын жүргізуді, ал 2022 жылдың ортасына қарай түпкілікті деректерді жариялауды тапсырған болатын.

Президент атап өткендей, бұл ауқымды акция маңызды талдамалы мәліметтерді алуға, сонымен қатар тұрғындардың нақты санын, жас ерекшелігін, гендерлік құрамын, урбанизация дәрежесін, табыс деңгейін және сындарлы, негізделген басқарушылық шешімдерді қабылдауға қажетті өзге де ақпараттарды алуға мүмкіндік бермек. Сондай-ақ Президент санақ кезінде халықтан ақпараттарды мүмкіндігінше мол алуды, қазіргідей пандемия жағдайында цифрлық технологиялардың мүмкіндігін барынша кеңінен қолдануды тапсырды.

Сондықтан алдағы санақ әдеттегідей дәстүрлі әдіспен емес, ақпараттық технологияларды пайдалану арқылы жүргізілетін болды.

– Президент жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің шешіміне сәйкес, ұлттық санақ биыл жүргізіледі. 2021 жылғы ұлттық халық санағының жаңалығы – заманауи цифрлық технологияларды енгізу және процесті автоматтандыру. Санақты екі әдіспен – интернет желісін пайдалану арқылы онлайн режимде өздігінен толтыру және ықшамды есептеу құрылғылары (планшеттер) арқылы сауалнама жүргізу әдісімен өткізу жоспарлануда. Екі әдісте де респонденттерге өзі және үй шаруашылықтарының барлық мүшесі үшін санақ парақтарындағы сұрақтарға жауап беру мүмкіндігі бар, – деді Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің төрағасы Қайрат Келімбетов.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес арнайы жұмыс тобы құрылып, оған Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов төрағалық етпек. Жұмыс тобы санаққа дайындыққа және оны өткізуге байланысты негізгі ұйымдастырушылық  мәселелерімен айналысатын болады.

Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Берік Терлікбаевтың айтуынша, интернет-сауал санақтың басталу кезінен 15 күнге дейін созылады.

– Интернет-сауалға кіру «SANAQ» веб-сайты арқылы жүзеге асырылады. Респондентті тіркеуді ЖСН-ді, жеке куәлік, мобильді телефон нөмірін, код және растау паролін енгізу арқылы жүзеге асыру жоспарлануда. Телефон нөмірін енгізген соң респондент көрсеткен мобильді телефон нөмірі бойынша растау коды бар SMS-хабарлама алады. Бұдан әрі толтыруға қажетті санақ парақтарының нысандары ашылады. Барлық деректерді толтырған соң интернет-санақты өту туралы хабарлама келеді. Интернет-сауалнамамен бір уақытта және санақ аяқталғанға дейін онлайн және оффлайн режимдерде деректерді жинау және планшеттері бар интервьюерлермен жаппай аралап шығу басталады. Олар барлықтарына, соның ішінде интернет-сауалнама өткендерге де сауалнама жүргізеді. Респонденттер интервьюерге интернет-сауалнаманы өткендігі туралы хабарлама ұсынған кезде барлық тұрғындардың сауалнамадан өткендігіне тексеру және анықтау жүргізіледі, санақ парақтарының сұрақтарына олар жауап бермейді, – деді Берік Серікқанұлы.

2021 жылдың 1-30 қазан аралығында өтетін халық санағының бірінші кезеңіне шамамен 400 адам (интервьюерлер) қатысады. Бірінші кезеңде интервьюерлер барлық тұрғын және тұрғын емес ғимараттарды аралап, тұрғындардың санын анықтайды.

Негізгі санаққа шамамен 2000 интервьюер қатыспақ. Екінші кезеңде азаматтар өздері интернет желісін пайдаланып санақтан өтеді немесе оларға интервьюер планшетпен келіп, санақ парақшалары арқылы сауалнама жүргізетін болады.

Айта кетейік, негізінде Ұлттық санақ 2020 жылдың 1-30 қазаны аралығында өтуі тиіс болған, алайда бүкіл әлемді жайлаған COVID-19 пандемиясының кесірінен 2021 жылға шегеріліп отыр.

Дәурен Аллабергенұлы

 

Back to top button