Ұлттық иммунитетіміздің кепілі

Биылдан бастап елімізде Наурыз мейрамы ресми түрде тоғыз күн тойланса, ол күннің бірі Шымырлық пен шеберлік деп аталады. Бұл күні жер-жерде қазақтың ұлттық ойындары ойналып, білектілер мен жүректілер шеберлік байқасады. Арқан тартыс, гір тасын көтеру, қазақ күресі, аударыспақ, көкпар сияқты спорт түрлерінен жарыстар ұйымдастырылып, көктем мерекесінің көркін қыздыра түседі.
Той кезінде ересектер үшін әсіресе ат спортынан өтетін сайыстар қызықты болса, жастар жағын ләңгі тебу мен асық ату бәсекелері бейжай қалдырмайтыны анық. Оның ішіндегі асық ойыны бір қараған көзге тым қарапайым көрінгенімен, бала денсаулығына пайдасы ұшан-теңіз.
Жалпы, асық ойыны – әр өлкеде сан алуан ерекшеліктерін сақтай отырып өзінше дамыған ұлттық ойындардың ішіндегі аса танымал да қызықты түрлерінің бірі. Сондықтан ғасырлар бойы халықтың зердесінде сақталып келген осы бір ойынды өскелең ұрпақты тәрбиелеудің құралы ретінде пайдаланған жөн.
Республикалық «Асық ату» федерацияның атқарушы директоры Жомарт Сабыржановтың айтуынша, бұл ойын мазмұны жағынан ұтыс ойындары тобына жатады. Қазіргі ауыл және қала балаларының ойнап жүрген асық ойыны өскелең ұрпақтың мергендігін арттырып қана қоймай, оны дәлдікке, есепке үйретеді.
– Қазақ баласының есепке жүйріктігі, міне, осындай ойындарды ойнаудан қалыптасқан болса керек. Асықты ешкім қолдан жасап жатпайды. Бұл – табиғи нәрсе. Оның ірі де салмақты түрлерінен сақа жасалады. Қазақта «Қой асығы демей-ақ қолыңа толса – сақа тұт, жасы кіші демей-ақ ақылы асса – аға тұт» деген нақыл сөз бар. Бір нәрсенің дайын екенін білдіретін «сақадай сай» деген сөз тіркесін де білмейтін жан жоқ шығар, – дейді маман.
Негізі, асықтың алшы, тәйке, бүк, шік, омпа, шоңқа деген түрлері болады. Оның ішінде халқымыз әсіресе алшыны ерекше бағалаған. Өмірде жолы болғыш дәулетті адамдарға қарасты «асығы алшысынан түсіп тұр» деп айтып жататыны да сондықтан. Иә, жоғарыда айтқанымыздай, асық ойыны балаларды ептілікке, мергендік пен ұқыптылыққа баулиды, алдына қойған мақсатына жетуге тәрбиелейді.
Қазақта шахматпен де терезесі тең тұрған төл ойын бар. Ол – тоғызқұмалақ. Аталған логикалық ойынның адамның ойлау жүйесінің дамуына айтарлықтай септігін тигізетіні ғылыми түрде дәлелденген.
Зерттеушілердің мәліметінше, тоғызқұмалақтың төрт мың жылдық тарихы бар. Абай атамыздың өзі ерекше жақсы көрген бұл ойын адамды сабырлыққа, тәуекелге баруға, тез әрі дұрыс шешім қабылдауға үйретеді. Оны «ойшылдар ойыны» деп те атайды. Тоғызқұмалақ ойнағанның жүрегі тазарып, ақылы жетіледі дейді білетіндер. Ойыншының есте сақтау қабілеті де анағұрлым артады, оның үстіне, терапиялық сипаты да зор.
Тоғызқұмалақты жастайынан серік еткен балалардың түгелдей дерлігі оқуда жақсы жетістіктерге жетіп, көбісі мектепті «Алтын белгімен» аяқтайтыны да сондықтан болар.
Жоғарыда айтылған қос ойынымыз тек Наурыз мейрамында ғана емес, күн сайын ойналатындай деңгейге жетуі керек. Былайша айтқанда, бұқаралық сипат алуы тиіс, өйткені төл ойындарымыз ұлттық иммунитетіміздің нығаюының кепілі іспеттес.
Didar ақпарат