Ұлттық дәстүрді дамытқан алтын көпір

Ғалымның хаты өлмейді…
Биыл Абайдың ақындық мектебі мен Қазақстандағы текстология ғылымы, шәкәрімтану және алаштану ғылымдарының негізін қалаған көрнекті ғалым, ақын, жазушы-драматург, аудармашы, ұстаз, қоғам қайраткері Қайым Мұхамедхановтың туғанына 105 жыл толып отыр. Ғылымға өлшеусіз үлес қосқан ғалымның еңбегі – кейінгі ұрпақ үшін үлкен мұра. Жылдар жылжып, ғасырлар озған сайын ғалымның да адамдық болмысы, ғылымдағы биігі асқақтай бермек.
Әуезовтің сенімді шәкірті
Қайым Мұхамедханұлы 1916 жылы 5 қаңтарда бұрынғы Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы) Жаңа Семейде дүниеге келген. Ол жеткіншек кезінен бастап өлең жазды. 15 жасында кемежайда жүк тасушы болып істеді. Кейіннен жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызметтерді атқарды.
Екі жылдық қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімдерін әзірлеу курсынан кейін Семей пединститутына түсіп, 1941 жылы экстернмен аяқтайды. Қайым 17 жастан бастап Семей қаласының әртүрлі мекемелерінде сабақ бере бастады. Үздік педагог-тәлімгер өмірінің 60 жылдан астамын жастарды тәрбиелеу және білім беру ісіне арнады.
1937 жылы әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов тұтқындалғаннан кейін (1937 жылы 2 желтоқсанда ату жазасына кесілді) Қайым педагогикалық институттан қуылады. Сол кезде жасөспірім жігітке әкесінің досы Мұхтар Әуезов моральдық тұрғыда қолдау білдіреді, ол Қайым үшін ғұмыр бойы тәлімгер және ұстаз болып қалды. Ұстаз және шәкірт өмірлерінің соңына дейін алаш ісіне адал болды. Адамдарды жақсы танитын Мұхтар Әуезов Қайымның бойынан ерекше дарын, имандылық пен адалдықты байқайды. Сол себепті Абайдың тұңғыш мұражайын ашуға негіздеме қалауды өзінің шәкірті Қайымға сеніп тапсырды. Қиындыққа толы сапарлар барысында Қайым Абай мұражайы үшін 500-ден аса жәдігерді тауып, сақтады, соның ішінде Абайдың жеке заттары, Абай және оның айналасындағы адамдардың қолжазбалары болды.
Мұхтар Әуезов шәкіртіне ғылымдағы жаңа бағыт бойынша зерттеу жүргізуді сеніп тапсырды, ол – Абай мектебі. Қайым Абайдың 30-дан аса шәкіртінің есімін нақтылады және олардың ғылыми-шығармашылық өмірбаяны туралы деректер жинап, жариялады. Ең бастысы, ол Абайды көзі көрген қариялардың айтқандары мен табылған жазба үзінділер арқылы ғылыми текстологиялық талдау әдісімен әр шығарманың ақынның қай шәкіртіне тиесілі екендігін дәлелдеді. Өлшеусіз еңбек! Қайым Абай ізбасарлары қатарына алаш арыстарын енгізді. Ғалымдар Қайымның зерттеушілік еңбегінің ауқымдылығы мен жаңашылдығын бағалай келе, оның 30-дан аса диссертация қорғағанын атайды. Абай шәкірттері мен ізбасарларын мектептер мен жоғары оқу орындары оқытады, ал бұл – қазақ әдебиетіндегі бірегей мектеп, ұлт мақтанышы. Бір өкініштісі, ғалымның осындай жанкешті еңбегі үшін 1951 жылы репрессияға ұшырап, 25 жылға бас бостандығынан айырылғаны туралы ешқайда айтылып, жазылмаған.
Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысты: Абай өлеңдері мен поэмаларына текстологиялық талдау жүргізіп, әрбір шығармасына ғылыми түсініктеме жазды, ұзақ жылдар бойы бір басылымнан екінші басылымға көшетін жаңсақтықтар мен қателерді жөндеді. Сонымен бірге, ғалым Абайдың белгісіз болып келген 31 шығармасын тауып, олардың Абайдікі екенін дәлелдеді.
Ә.Нұршайықов және Р.Нұрғалиевтың айтуынша, Мұхтар Әуезов ең сенімді шәкірті Қайым Мұхамедхановқа көптеген маңызды тапсырмаларды сеніп тапсыратын. «Абай жолы» эпопеясына байланысты көп деректі Мұхаң Қайым Мұхамедханұлынан алды. Сондай-ақ ұстазы шәкіртіне ақын-жыраулар мен батырлар – Қабанбай батыр, Бөгенбай батыр, Махамбет, Бұқар жырау, т.б. туралы текстерді жаңғыртуды тапсырды.
1951 жылы 7 сәуірде ҚазССР Ғылым академиясында «Абайдың әдеби мектебі» атты диссертациясын қорғауы еліміздің тарихындағы елеулі оқиғаның бірі болды. Диссертация қорғалды, бірақ ұстаз бен шәкірт – Әуезов пен Мұхамедхановты айыптау тоқтамады. Диссертацияны қорғау кезінде басталған айыптаулар абайтану барысын талқылауда, сондай-ақ 1951 жылы баспасөзде тапсырыс бойынша жазылған мақалалармен жалғасын тапты. Мұның соңы Мұхамедхановты Абай мұражайы директоры және оқытушы қызметінен босатумен аяқталды. Ақыры, 1951 жылы 1 желтоқсанда Қ.Мұхамедханов тұтқындалып, соңынан Семей және Алматы қалаларындағы НКВД түрмесіне, Қарағанды лагеріне қамауға алынды. Шектен шыққан азаптаулар – ыстық және суық камера, тырнақ астына ине жүгірту, басқа тамшылатып су тамызып қинау, моральдық қысым және өлім жазасымен қорқыту Қайымның ерік-жігерін сындыра алмады. Ол «Абай мектебі бар», «Өлсем, Алаш азаматтарынан жаным артық емес» деп жауап берді. Өйткені жастайынан Алаш арыстарын, халқымыздың белгілі азаматтарын, М.Әуезовті көріп өскен Қайым әке үйінің құндылықтарына адал болды.
Қайым Қарағанды, Теміртау, Долинка, Дарья, Құлайғыр, Қарабас, Шерубай, Просторное, Топар, Тартаул және басқа да Қарағанды лагерьлерінде болып, азап жолынан өтті.
Тұңғыш гимнің авторы
27 жастағы Қайым Мұхамедханов 1943 жылы республика гимнін жазып конкурс жеңімпазы атанды. Оның алғашқы жолдары: «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. Бұл гимн шамамен 50 жыл бойы айтылғанын ұмытпаған жөн!
Қайым ақын ретінде 1936 жылдан бастап таныла бастады. Ол 100-ден аса өлең мен поэма жазды, сондай-ақ Ғ.Тоқай, Т.Шевченко тағы басқа ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды. Карлагта «Туған ел – алтын бесік», «Балаларыма», «Жұбайым Фархинурға», «Отырдық тар қапаста күнді санап», «Шерубай станциясы», т.б. өлеңдерін жазды. Сонымен бірге Н.Карамзиннің «Сормаңдай Лиза» повесін қазақ поэзиясы тілімен аударды.
Қайым Мұхамедханов Шәкәрімнің ұлы Ахатпен бірге ақынның есімін ақтауда бар күш-жігерін аямады. 1958 жылы Мәскеуден Шәкәрімнің ақталғаны туралы анықтама келгеннен кейін, отыз жыл бойы Шәкәрім шығармашылығын ақтау және есімін тарихта қалдыру үшін күресті.
Ғалым бірқатар энциклопедиялар шығаруға қомақты үлес қосты: ҚСЭ-нің (Қазақ Совет энциклопедиясы) 12 томына ғылыми түсініктемелер жазып, тарих, әдебиеттану, өлкетану, театр, қазақ батырлары туралы, т.б. мақалалардың қателері мен жаңсақтығын жөндеді. Ғалым «Абай» энциклопедиясы, «Абай елі», т.б. кітаптарды шығаруға елеулі үлес қосып, жанкештілікпен еңбек етті.
Қолжазбаларды жинаушы және сақтаушы Қайым Мұхамедханов 1940 жылдың басында көптеген қолжазбаларды анықтап, өңдеп ҚазССР-і ҒА мұрағатына сақтауға өткізді. Соның ішінде «Әріп», «Қабанбай батыр», «Бөгенбай батыр», Абай, Шәкәрімнің белгісіз өлеңдері, батырлар, Алаш зиялылары туралы материалдар және т.б. мәдени құндылықтар болды. Ол бұл жұмыспен ғұмыр бойы айналысты және Ғылым академиясы, Мемлекеттік мұрағат, Абай мұражайы, Өлкетану мұражайы, Достоевский мұражайы, Орталық мемлекеттік мұражай қорларын құнды материалдармен толықтырды. Ол әкесі Мұхамедхан Сейтқұлов тәрізді құнды қолжазбаларды, сирек фотосуреттерді жинап сақтады, халықтың есінде қалдыру мақсатында адамдардың аты-жөндерін нақтылап, түсініктемелер берді.
Драматург Қайым Мұхамедханов «Майданнан майданға», «Комиссар Ғаббасов», «Перне», «Ер Білісай» тәрізді пьесалар жазды. Аудармашы ретінде 1941 жылы жазушы, әзірбайжан драматургі, композитор, СССР халық әртісі У.Гаджибековтің «Аршын-мал-алан» музыкалық-комедиялық қойылымын алғаш рет қазақ тіліне аударды. Аталмыш комедия алғаш рет Семейдің музыкалық-драмалық театры және Шымкент театрында қойылды, кейіннен Қазақстанның басқа да драма театрларының репертуарына енді. Татар тілінен Шариф Камалдың «Қажы әфенді үйленеді» комедиясын, Пушкиннің «Русалка» поэмасын, француз драматургі Пьер Огюстен Бомаршенің «Фигароның үйленуі», Боккачоның «Декамерон», поляк драматургі Ежи Юрандоттың «Уақыт сондай» сияқты пьесаларды қазақ тіліне аударды.
Ғалымның өмірі мен тағдыры, оның ғылым мен мәдениетке, мемлекеттік рәміздерге, жас ұрпақ тәрбиесіне қосқан өлшеусіз үлесі – нағыз патриотизм мен өз халқына қалтқысыз еңбек етудің жарқын көрінісі. Белгілі философ және мәдениеттанушы Әуезхан Қодар өмірінің соңғы жылы (2016) Қайым Мұхамедханов туралы маңызды мақала жазып, ғалымның өмірі мен тағдыры, оның Отан алдындағы қажымас еңбегі жайында «…Қайым Мұхамедханов – абайтану ғылымының негізін қалаушы, ірі ғалым-текстолог, Алаш дәуірінде өркендеген еркін қазақ мәдениетін Кеңес дәуірінде жаңғырта білген дәнекерші, ұлттық қазақы дәстүрді дамытқан алтын көпір…» деген философиялық тұжырым жасады.
Ш. Нұрғалымқызы,
А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан
облыстық кітапханасының қызметкері