Өнегелі өмір

Ұлттық дәстүрді дәріптеді

Глубокое ауданында “Аяулы жас келін-2022”  дәстүрлі облыстық байқауы өтті. Оған қатысушылар  ұлттық салт-дәстүрлерді, әдет-ғұрыптарды білуден сайысқа түсіп,  шығармашылық және зияткерлік қабілеттерін де көрсетті.

Глубокое аудандық Мәдениет үйінің алды кішігірім ауылға айналып, әр киіз үйдің жанында самаурыннан шай демдеп,  жас келіндер бауырсақ пісіріп, жарыстың көркін қыздырды. Облыстық байқауға алғашқы рет қатысып отырған Анжелика қазақтың салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы таңсық емес екенін жеткізді. Ол екі жыл бұрын қазақ отбасының келіні атаныпты. «Екі жыл бұрын тұрмыс құрдым. Басында бәрі таңсық болды. Уақыт өте келе көп дүниені үйрендім. Қамыр илеп, нан жайып, бауырсақ, шелпек пісіру мен үшін үйреншікті. Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың «Үш бақытым» атты өлеңін қазылар алқасы алдында оқып бердім. Бүгін менін қасымнан жан жолдасым, 10 айлық қызым қолдап келіп отыр», – деді Өскемен қаласынан келген қатысушы Анжелика Шабданбекова.

Байқауға облыстың әр аудандарынан келген 16 келін қатысты. Байқаудың  «Жас келіннің бір күні» атты алғашқы бөлімінде келіндер бір күндік тыныс-тіршілігін көрсететін бейнеролик ұсынды. Одан кейін «Ас адамның арқауы» кезеңінде ұлттық тағамдардан ас әзірлеп, бүгінде ұмытылып бара жатқан ас түрлерін ұсынып, дайындау жолдарын түсіндірді.  Интеллектуалдық сайыста қатысушылар қазақ халқының салт-дәстүрі, әдет-ғұрыптары жайлы түрлі тақырыптағы сұрақтарға жауап беріп, ал шығармашылық сайыста  өз өнерлерін ортаға салды. Бірі ән айтты, бірі би биледі, бірі мәнерлеп өлең оқыды, тағы бірі пьесадан үзінді көрсетті. Ең соңғы «Ақ орамал» бөлімінде әр ұлт өкілінің қатысушысы келіннің басына байлайтын орамалдың шығу тарихы, ерекшелігі, орамалды тағу мәдениеті жайлы егжей-тегжейлі айтып берді. Осы облыстық байқауға Үржар ауданынан келген қатысушы Айдана Тұрсынқожанова сайыстың тәрбиелік мәні зор екенін, жас келіндерге берері мол екенін жеткізді.

Айта кетейік жас келіндер арасындағы мұндай сайыс өңірде бірінші рет өткізіліп тұрған жоқ. Байқауға қатысқан жас келіндерге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан Сәрсебаев алғысын білдіріп, Достық үйінің құрылуының мерейтойлық жылында дәстүрлі байқау әртүрлі ұлттар келіндерінің басын біріктіргенін атап өтті. «Сіздердің арқаларыңызда біз бүгін елімізде бейбітшілік пен келісімде өмір сүріп жатқан түрлі халықтардың мәдениеттерімен жақынырақ таныса алдық. Бір-бірімізді өзара байытуға мүмкіндігіміз бар екені қуантады. Біздің күшіміз – әралуандық пен бірлікте», – деді Жасұлан Бірлікұлы. Сайыстың негізін қалаушы Арайлым Есімбекова  жыл сайын қатысушыларға қойы­латын талаптар күшейтіліп, жас келіндер өздерін жақсы қырларынан танытып келеді деді.

Осылайша, қазақ келінінің ақылы мен парасаты сынға түскен байқау да өз мәресіне жетті. Қазылар алқасы үшін «мыңнан тұлпар, жүзден жүйріктерді» анықтаудың қиын болғаны рас.  Глубокое ауданының әкімі Эльдар Тумашиновпен бірге облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы байқауға қатысушыларды марапаттады. Нәтижесінде «Аяулы жас келін-2022» байқауында үшінші орынды Өскемен қаласынан келген қатысушы Анжелика Шабданбекова иеленсе, екінші орын Глубокое ауданынан Ажар Төлеуқанова мен риддерлік Ардақ Матаеваға бұйырды. Бас жүлдені Абай ауданынан келген Айдана Байтусова жеңіп алды. Байқауға қатысушылардың барлығы Алғыс хаттармен, жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button