Ұлттық жоба аясында 15 мектеп салынады
Ержан Әбіш
Президент тапсырмасына сәйкес өңірде 15 мектеп және 27 медпункт, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, жеті отбасылық-дәрігерлік амбулатория салынатын болады. Әлеуметтік нысандар құрылысы бойынша өткен кеңесте аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деп айтты.
– Мемлекет басшысының тапсырмасына сай «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 7800 орындық 15 білім ордасын саламыз. Қазірдің өзінде Өскеменнің «Нұрлы жол» шағын ауданында, Зайсанда мектептердің құрылысы аяқталуда, – деген облыс әкімі өзінің орынбасарына және білім басқармасына жағдайды егжей-тегжей талдап, Белоусовка, Прапорщиково не Опытное поле елді мекендерінің қайсысына мектеп салу керектігін анықтауды тапсырды.
Тавриядағы (Ұлан ауданы) 300 орындық, Риддердегі 600 орындық мектептердің типтік жобалары ұтымдылығын дәлелдеді. Осы заманауи, жайлы оқу орындары барлық керек-жарақпен жабдықталған. Қазіргі міндет – қай жерде және қанша мектеп салу керектігін анықтау. Өңірде оқушылар саны көп және бос орындары жеткілікті мектептер бар. Аймақ басшысы оларға жүктеме біркелкі бөлінуі үшін автобуспен жеткізуді ұйымдастыруды міндеттеді.
– Медициналық мекемелерге келсек, Президент тапсырмасына сәйкес ауылдарда 27 медпункт, екі фельдшерлік-акушерлік пункт, жеті отбасылық-дәрігерлік амбулатория саламыз. Типтік жобалары бар, құрылысты бастауға дайынбыз, – деді Даниал Ахметов.
Қазір Риддерде күніне 500 адамды қабылдай алатын емхана салынып жатыр, сонымен қатар мекеме үшін жабдықтар сатылып алынуда.
Ал Алтай мен Риддер қалаларында фитнес орталықтары пайда болады, олардың үлгілік жобасы әзір тұр.