Ұлттық мерекенің маңызы қандай?
Бұл мереке бұрынғылардан өзгерек. Бұл күн – Тәуелсіздік тарихының өзегі. Бұл күн егемендік жолындағы арманымыздың бүр жарып, бүршік атуымен ерекше. Біздің қазақ «жоғалып табылған мал олжа, ауырып жазылған жан олжа» дейді. Бұл күнді тарих парағына қайта оралған тарихи олжа деуге болады.
Егемендіктің етегіне оралып өскен ересек буын бұл күнді білер, ал жаңа ғасырда туған жас буын үшін беймәлім дүние болып көрінгендей. Сондықтан әр мерекенің мәні мен маңызы болатынын, оның өзіндік һәм заңдық ерекшеліктері барын тілге тиек еткен жөн сияқты. Тіпті абдырап қалған буынның арасында «енді Тәуелсіздік күнін тойламаймыз ба?» деп жүргендері де бар. Бұл жерде мерекені тойлаудың мазмұны ғана өзгергенін Президент нақтылап айтты.
– Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, – деді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Ал Президенттің Жарлығына сәйкес биыл 25 қазанда Республика күні елімізде ұлттық мереке ретінде алғаш рет аталып өтпек.
– Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан қазанның 25-і күні жыл сайын егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек, – деді Президент.
Жалпы, Республика күні 2001 жылдан бастап ұлттық мерекелер тізімінде болған. Алайда 2009 жылы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен алынып тасталған болатын. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығынан кейін бұл мерекені жоғары деңгейде тойлау қолға алынып, елімізде көптеген іс-шара өтуде.
Жаңа ғасырдың бірінші онжылдығында Республика күнін тойлау неліктен алынып тасталды? Оның да өзіндік себептері болғаны анық. Жалпақ жұрттың пайымдауынша: «Егемендік туралы декларацияда Қазақстанның емес, ҚазКСР-інің егемендігі жарияланды. Декларацияға сәйкес адамдарда КСРО азаматтығын сақтап қалу құқығы болды. Сонымен қатар ол Қазақстанның халықаралық қатынастардағы дербестігіне кепілдік бере алған жоқ. Мемлекет КСРО-дан шығуға құқылы болғанымен, іс жүзінде оның құрамында болды. «Мемлекеттік тәуелсіздік туралы» Заң қабылданғаннан кейін ғана Қазақстан әлемдік қоғамдастық мойындаған тәуелсіз мемлекеттің заңды рәсімделген мәртебесіне ие болды», – деген қорытынды жасайды.
Қалай болғанда да егемендіктің бастауы болған күннің ұмыт қалмағаны дұрыс. Сондықтан да болар, бұл мерекені жұрт жылы қабылдаған сынды. Түсінікті болу үшін «ұлттық мерекенің мемлекетік мерекеден айырмашылығы қандай?» дегенге де тоқтала кетейік.
Ұлттық мереке кезінде мемлекеттік органдарда міндетті түрде ресми іс-шаралар өткізіледі. Себебі олар ерекше тарихи маңызы бар және мемлекеттіліктің дамуына елеулі әсер еткен оқиғалар қатарына жатады. Сол себепті тарихи күнге арналған «Республика күні» ұлттық мереке қатарына кіргізіліп отыр. Ал мемлекеттік мерекелер қоғамдық-саяси маңызы бар оқиғаларға арналады.
Әр мерекенің өзіндік мәні, саяси астары, ұлттық маңызы бар. Сондықтан мерекелі күндердің көп болғаны артықшылық етпес. Мереке көп болса, береке де арта түспек. Міне, осылайша биылғы ұлттық мереке қарсаңында қазақстандықтар үш күн демалмақ. Қаулыға сәйкес, демалыс күні 2022 жылғы 22 қазан – сенбіден 2022 жылғы 24 қазан – дүйсенбіге ауыстырылады. Мереке құтты болсын!
Алтай Ғали-Асқар