Қоғам

Ұлттық құндылықты ұлықтайық

Бүгінгі таңда ақпараттық технология үстемдік құрып, интернеттің игілігі сағат санап артуда. Осы орайда оқушыларға сапалы білім бере отырып, салт-дәстүр, әдет-ғұрыпты арқау еткен ұлттық құндылықтарымызды дәріптеуді ұмыт қалдырмауымыз керек. Оны дәстүрлі білім беру үрдісімен қоса оқушыға үйрете білген жөн. Дәл осындай үрдісті Өскемен қалалық білім-инновациялық лицейі бірнеше жылдан бері жүзеге асырып келеді.

Ұрпаққа ұлттық құндылықты дәріптеудің ұтымды жолы, тиімді тәсілі баршылық. Бірақ оны дәстүрлі білім беру үрдісімен қабыстыра білу шеберлікті талап етері анық.  Осы тұрғыдан алып қарағанда Өскемен қалалық білім-инновациялық лицейі 2019 жылдан бері өзгеше жол тауып, ұлттық құндылықты ұрпаққа дәріптеп келеді. Жаңа оқу жылының басында жоспар құрылып, әр айда бір құндылықты дәріптеу көзделген. Қоңыраулатып келетін қыркүйек «ынымақтастық» айы деп аталса, қазан «құрмет» айы ретінде ұсынылған. Ал қараша «кемелдену» айы болса, желтоқсанда «патриоттық» іс-шаралар легі жалғасады. Сонымен қатар қаңтар «адалдық», ақпан «жауапкершілік» айы болса, Наурызда «ұлттық құндылықтар» дәріптеледі. Сәуір «тазалық» айына арналып, мамыр «батылдық» айы ретінде белгіленген. Міне, осылай оқушылар әр айда әртүрлі мазмұндағы іс-шараларға қатысып, өз бойындағы ұлттық құндылықтың ұпайын түгендеп отырады.

Қоңыр күзді құшаққа ала құштарлықпен мектепке оралған оқушылар «ынтымақтастық» айына арналған бірнеше іс-шараға қатысты. Бірлік пен берекенің, ынтымақтастықтың дәнекері ретінде бірқатар спорттық іс-шаралар өтті. Топ-топқа бөлінген оқушылар арқан тарту сайысына қатысып, күш білекте емес, бірлікте екенін сезінді. Қол үзбей бір шеңберден өту арқылы «бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығара» білу керектігін түсінді. Бір тақтаймен топтасып жүру арқылы табандылық пен төзімділікке де бірлік керек екенін аңғарды. Тілдер күніне орай «Тіл – татулық тірегі» атты сайысқа қатысып, әр ұлттың әнін шырқап, биін биледі. Осылайша, ынтымағы жарасқан оқушылар үйлесім тапқан музыкалық шығармадай бір толқында тоғыса білді.

Біз осылай оқушыларды өзара сайыстыра жүріп, санасына ұлттық құндылықтың нәрін құйып, сәулесін сіңіруді мақсат еттік. Бірлік пен берекеге, ынтымаққа баулыдық. Ойын-күлкі, сан түрлі сайыс арқылы олардың ой-санасына өзгеріс әкелуді көздедік. Себебі әр бала ұлттық құндылыққа құрметпен қараса, еліміздің ертеңі баянды болмақ.

Венера Мерикеқызы

Осы айдарда

Back to top button