Шаңырақ

Ұлтты ұйыстырған мереке

Ынтымақ Толқын

Өскемендегі Металургтер мәдениет үйінің алдында Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамына орай ұлттар достығын паш еткен ауқымды шара өтті. Мерекелік бағдарламадан еңбектеген баладан, еңкейген қарияға дейін қағыс қалмады.

Жыл басының жаршысындай жеткен әз Наурыз облыс орталығында дүркіреп өтті. Металлургтер мәдениет үйінің алдында тойланған мерекені «Казцинк» ЖШС,  Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Достық үйі бірлесіп ұйымдастырды. Алаңға қос бірдей киіз үй тігіліп, әр ұлттың дәмі қойылған мол дастархан жайылды.

– Наурыз – қазақстандықтар үшін ерекше мереке. Онымен бірге табиғат оянып, жер бусанып, бүкіл адамзат жақсылыққа үміт етеді. Біз де бұл мейрамды жыл сайын дәстүрлі түрде халықпен бірге атап өтуге тырысамыз. Биыл да осы үрдісті үзбедік, – дейді «Казцинк» ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры Андрей Лазарев.

Аталмыш шараның атап айтар бір ерекшелігі – ұлттар достығында жатыр. Шығыс өңірінде шоғырланған әр ұлттың өкілдері жиналып, концерт қойды, дастархан жайып, ұлттық тағамдарын ұсынды.

– Бүгін біз халықтық мереке ұйымдастырып отырмыз. Бұған өңіріміздегі әр ұлттың өкілдері белсенді қатысып жатыр. Бағдарламаға сәйкес көпшілікке арнап әр ұлттың әні шырқалып, биі биленді. Сонымен қатар ұлттық ойындар да ойнатылып жатыр. Жастар үшін алтыбақан да құрылды. Бүгінгі шараны ұйымдастыруға «Казцинк» компаниясы көмектесті. Алғысымыз шексіз. Барша жұртты бүгінгі әз Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын, – дейді Достық үйі директорының орынбасары Равиль Юнусов.

Бұл күні кішкентай қонақтар да назардан тыс қалмаған. Алаңда балаларға арналған ойындар ұйымдастырылып, ертегі кейіпкерлері ортаға шықты.

– Наурыз мерекесі көңілді өтіп жатыр. Үйге жақын болған соң отбасыммен келген едім. Балаларымның көңілі бір серпіліп қалды. Ұйымдастырушыларға рахмет. Барлығы жоғары деңгейде өтіп жатыр, -деді қала түрғыны Базарбек Болатұлы.

Алаңда тігілген қос үйдің бірінде қазы аударып, ұлттық тағамдарды жасау жолы көрсетілсе, енді бірінде әр ұлттың қолөнер бұйымдары мен музыкалық аспаптары қойылған көрме ұйымдастырылды. Жиналған жұртқа алаңда наурызкөже мен ыстық бауырсақ, дәмді палау таратылды.

 

 

Back to top button