Руханият

Ұлт ұстазының ұлы жолы

Биыл Ұлт көсемі көрнекті лингвист, түркітанушы, ақын, аудармашы, әдебиеттанушы, бірқатар оқулық пен оқу құралдарының авторы Ахмет Байтұрсыновтың туғанына 150 жыл толып отыр. Былтыр 2022-2023 жылдары  ЮНЕСКО-ның аясында тойланатын халықаралық мерейтойлар тізімінің қатарында ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығы да енген болатын. Осы орайда бүгінгі мақаламызды ғұлама ғалымның өмірі мен шығармашылығына арнауды жөн санадық. 

Ахмет Байтұрсынұлы 1872 жылы 5 қыркүйекте қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы, Сарытүбек ауылында қарапайым отбасында дүниеге келген. Есімін Ахмет деп атасы Шошақ қойыпты. 1885 жылы  Ахмет 13 жасқа енді аяқ басқан кезінде болыс сайлауы өтіп,  ояз бастығы қатысқан үлкен жиын болады.  Жиынға Торғай бекетінің, Ақкөл, Аққұм, Шөптікөл ауылдарының  адамдары да қатысады. Әсіресе, Ақкөл, Аққұмнан келгендердің ішінде Шошақтың балалары Ақтас, Байтұрсын, Сабалақтың сайлау нәтижесіне көңілі толмайды. Ештеңеден тайсалмайтын, жүректі Байтұрсын «Біз сайлау қорытындысына наразымыз» деп ояз бастығы Яковлевтің бетіне айтып салады. Тіпті қолындағы қамшымен Яковлевті тартып та жіберген екен.  Ал Яковлев Байтұрсынды қалаға апарып қамауға бұйрық береді. Ояз бастығын ұрғаны үшін ағайынды үшеу кісенделіп, түрмеге қамалады.  Дүние-мүлкі тәркіленіп, малы Торғайға айдалады. Оязға қарсы шыққан үшеуді он бес жылға Сібір каторгасына айдау туралы шешім шығады.

 Міне, осы оқиға жас Ахметтің жадында мәңгі жатталып қалады. Кейін Ахметтің: «Оқ тиіп, он үшімде ой түсіріп, Бітпеген жүрегімде  бар бір жарам…» деп жазуының да сыры осында.

Шошақтың Ерғазы атты баласы бұл оқиға болған кезде Қарғалыда болмайды. Сондықтан да ол Сібірге айдалмай, аман қалған екен. Кейін сол Ерғазы Ахметті Торғайдағы төрт жылдық орыс-қазақ училищесіне апарады. Мұның алдында ауыл молдасынан хат танып, анасы Күңшеден орыс қарпін үйренген Ахметке училищеде оқу аса қиынға соқпайды. Тіпті ол орыс тілін тез меңгеріп кетеді. Ешкімі жоқ жетім және шалғайдағы ауылдан келген балаларға арналған пансионда жатып оқиды. Бұл кезде ауылда Ахаңның анасы Күңше мен бауырлары Қали, Мәшен, қарындасы Жиляш қалады. Ояз бастығы малын тартып алған соң, ағайындары қарасып, оншақты қой, бір сиыр мен ат жинап беріпті.

Ахметтің білімге құштарлығы сондай кейде жазғы демалыста ауылға бармай, кітапханада уақытын өткізеді екен.  1891 жылы Ахмет училищені жақсы аяқтап, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын төрт жылдық училищеде оқуын жалғастырады. Оны 1895 жылы ойдағыдай аяқтаған соң, бірер жыл Әулиекөлде бала оқытумен айналысады. Қазақ баласын біліммен сусындату жас ұстаздың басты арманы еді. Тіпті Әулиекөлдегі мектепте  жүргенінде   ұстаздық қызметі  үшін еңбекақы төленбей қалған кездер де болған екен. Бірақ Ахмет жеке басының қамынан гөрі, елдің, білімге ұмтылған жас ұрпақтың қамын көп ойлағанға ұқсайды.

Ахметтің әкесі Байтұрсын мен ағасы Ақтас Сібірдегі айдаудан 1902 жылы оралыпты. Ахметтің де көңілі орнына түсіп, ағарту саласындағы еңбекпен еркін айналыса бастайды. Ахметтің әкесі Байтұрсын 1909 жылы 66 жасында өмірден озса, анасы Күңше  1919 жылы өмірден өтіпті. Анасы өмірден өткенде Байтұрсын шаңырағындағы қос өркешті бір аналық түйе жайылымнан келе жатып, Күңшенің моласына соғып, тізерлеп, боздайтын көрінеді. Ал Байтұрсынның ағасы Ақтас 1920 жылы өмірден өтіпті.

Қарқаралы петициясы

Ғалымдар Ахмет Байтұрсынұлының қоғамдық-саяси қызметінің басталуын 1905 жылғы Қарқаралы петициясымен байланыстырады.  Өйткені Қоянды жәрмеңкесінде 14 500 адам қол қойған, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілген Қарқаралы петициясының авторларының бірі Ахаң болғаны белгілі. Десе де Қарқаралы петициясына дейін де Ахаңның саяси көзқарасы мен азаматтық ұстанымы нық  қалыптасқан болатын. Оны Ахметтің 1904 жылы Торғай облысы оқу істері жөніндегі инспекторы Алекторовты іздеп барып, кездесуінен көруге болады. Ол инспектордан  мектептерде қазақ балаларын христиан дініне кіргізуді доғаруды талап етіп, мұсылманша оқытатын кластарды  көптеп ашуды ұсынады.   Бірақ миссионер Алекторов Ахметтің көтерген мәселесін құлағына ілмейді. Осы кездесуден кейін Ахмет Байтұрсынов халықты ағарту саласындағы қызметін шындап қолға алады.

Қарқаралы петициясынан кейін Байтұрсыновтың ізіне жандарм түседі. Ол 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне қамалады. Ал Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдайды. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбордағы кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің  аса белсенді шағы болды.

«Қазақ» газеті қалай шықты?

Ахмет 1913–1918 жылы Орынборда өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауымен тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарды.

«Қазақ» газетінің алғашқы саны 1913 жылы 1 ақпан күні жарық көреді. Газет сол кездері қазақ халқы үшін өте өзекті мәселелердің бәрін көтерді деуге болады. Жерді қазаққа бөлу, жерді земствоға қарату,  қазақ кластарын ашу мен әліпбимен оқыту мәселесі, соттарда присяжныйлардың болуы, қазақтарды жер аударуды тоқтату, орыс қарашекпенділерін қазақ жерінің шұрайлы жерлеріне қоныстандыруды тоқтату мәселелері және т.б. Газетте көтерілген осындай тақырыптар, әрине, жергілікті билікке ұнамайды.   1914 жылы облыстың басқармасы туралы ереженің жобасын сынға алған мақала үшін Орынбор губернаторы Сухомлинов газетке 1500 рубль мөлшерінде айыппұл салады.   Айыппұлды төлемеген жағдайда газет басшысы үш айға түрмеге қамалуы тиіс.   Әрине, ондай ақша газетте болмағандықтан, Ахмет Байтұрсынұлы денсаулығының нашар екеніне қарамастан үш ай бойы түрмеде отыруға келісім береді.

Билік «Қазақ» газетін 1916  жылы да «сепаратистік» деп танып, газеттің бас редакторы А.Байтұрсыновты тұтқындайды. Бірақ газет оқырмандары А.Байтұрсыновты 3000 сом ақша төлеп, бес күннен кейін түрмеден босатып алады.

Алғашқы жылдары «Қазақ» газетіне  жазылғандардың саны 3000 болған екен.  Ал жабылғанға дейін оның таралымы 8 000 данаға жетіпті.

1917 жылдың шілдесінен бастап «Қазақ» газеті «Алаш» партиясының баспа органына айналды, бірақ біраз уақыттан кейін Торғай кеңесі съезінің шешімімен басылым жабылады.

«Газет әлденеше рет жабылып, қайта тіріліп, шығынданып, сотталып жатса да көздеген мақсатын түгелімен орындады деп тұжырым жасауға болады. Тіпті кейде бұдан да шығыңқырап, әлемдік ой-пікірге азық болар мәселені де қозғап кеткен сәті бар», дейді академик Өмірзақ Айтбайұлы.

Ахмет Байтұрсынов және Алаш идеясы

Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында Ахмет Байтұрсынұлы болды. Әлімхан Ермектовтің сөзімен айтқанда,   «Алаш партиясын құрудағы басты мақсат ол қазақ халқының болашақ тағдыры мен әлемнің озық мәдениетті елдерімен терезесі тең мемлекет құру болатын». Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезінде А.Байтұрсынов Оқу-ағарту комиссиясының  төрағасы болып бекітіледі. Кейін А.Байтұрсынов 1920 жылы тамызда құрылған Қазақ АКСР-і үкіметінің құрамына еніп, 1920–1921 жылдары Қазақ АКСР-і халық ағарту комиссары қызметін атқарды. 1922 жылы Өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталықтың, 1922–1925 жылы Халық ағарту комиссариаты ғылыми-әдеби комиссиясының, Қазақ өлкесін зерттеу қоғамының төрағасы болып қызмет атқарды. Байтұрсынұлы түрлі мемлекеттік қызметте жүрсе  де оқытушылық-ұстаздық жұмысынан  қол үзбеді. 1921–1925 жылдары Орынбордағы, 1926–1928 жылдары Ташкенттегі Қазақ халық ағарту институттарында қазақ тілі мен әдебиеті, мәдениет тарихы пәндерінен сабақ берген. 1928 жылы Алматыда Қазақ мемлекеттік педагогикалық институтының ашылуына байланысты ректордың шақыруымен осы оқу орнына профессор қызметіне ауысады. Ал 1929 жылдың маусым айында Алматыда тұтқынға алынып, Мәскеудегі Бутырка абақтысына қамалады. 1934 жылы халықаралық Қызыл крест ұйымының өтінішімен ол Алматыға оралса да, 1937 жылдың қазанында қайта тұтқындалады. Ал 1938 жылдың желтоқсанында халық жауы ретінде атылады.

Еңбектері

А.Байтұрсыновтың алғашқы кітабы – «Қырық мысал».  1909 жылы жарық көрген бұл кітабында  орыс отаршыларының зорлық-зомбылығын, елінің  қиын халін оқырманына уытты тілмен астарлап жеткізді. Ал 1911 жылы «Маса» деген атпен тағы бір  өлеңдер жинағы шығады. Елдің болашағына алаңдаған ақын жұртшылықты оқу-білімге шақырып, өнер мен мәдениетті уағыздайды.

Ахмет Байтұрсыновтың қазақ тіліндегі алғашқы ғылыми-теориялық іргелі еңбегі «Әдебиет танытқыш». Әдебиет табиғатына терең бойлап, талдап-түсіндірген бұл еңбек қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салды. Сонымен қатар А.Байтұрсынов ұлттық әліпби жасап, жаңа үлгі ұсынған реформатор. Оның 1912 жылы жарық көрген «Оқу құралы»  – қазақша жазылған тұңғыш әліппенің бірі. Бұл әліппе 1925 жылға дейін бірнеше рет басылған. Тіпті «Оқу құралы» қазіргі әдістеме тұрғысынан әлі күнге дейін маңызды оқулық ретінде бағаланып келеді.

1922 жылы А.Байтұрсынов 50 жасқа толады. Мерейтойы   Орынборда, Ташкентте аталып өтеді. Байтұрсыновтың қазақ халқына сіңірген еңбегін С.Сәдуақасов, С.Сейфуллин, М.Әуезов, М.Дулатов, Е.Омаров сияқты замандастары баспасөзде жариялаған мақалаларында жоғары бағалайды.  Ал 1929 жылы Мәскеуден  шыққан «Әдебиет энциклопедиясында» Байтұрсынұлы тұлғасына «аса көрнекті қазақ ақыны, журналисі және педагогы. Ол қазақ тілі емлесінің реформаторы және қазақ әдебиеті теориясының негізін салушы» деген ғылыми әділ баға берілген.

Отбасы

Ахметтің жары – Александра орыс қызы. Әкесі Иван –   орманшы болыпты. Ахмет­тің қалауымен Александра  Бадрисафа деген есімді иеленеді. Бадрисафа  1909 жылы 5 тамызда дала губернаторына түрмеде отырған күйеуіне араша  сұрап, жеделхат жолдаған деген де дерек бар.

Жергі­лікті жұрт Ахмет пен Алек­сан­драның ма­хаб­батының құрметіне Әулиекөлдегі жеті көлдің бірін «Мұғалім­көл» атаған екен. Жоғарғы сот 1989 жылы  қыркүйектің 5-інде Байтұр­сынкеліні Бадрисафа Мұхаммед-Садық­қызын ресми түрде ақтаған.

1988 жылы Ахмет Байтұрсынұлы ақталғаннан кейін еліміздегі көптеген нысанға оның есімі  берілді. Тіл білімі институты, Қостанайдағы университет Байтұрсыновтың есімімен аталды. 1998 жылы ұлт көсемінің 125 жылдығында Алматы қаласында Байтұрсыновтың мұражай-үйі мен ескерткіші ашылды. Біздің Шығыс Қазақстанда да ұлт көсемінің есімін иеленген мектептер мен нысандар баршылық. Алдағы уақытта ол туралы да кеңінен жазатын боламыз.

Мейрам Екпін

Мақалада интернеттегі деректер пайдаланылды

 

Осы айдарда

Back to top button