Қоғам

Ұлт ұстазына тағзым етті

Ерлан Бапанов, Тарбағатай

Қоғам қайраткері, ақын, қазақтың тұңғыш әдебиет теоретигі, лингвист, фольклоршы, түркітанушы, аудармашы, публицист, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына биыл 150 жыл толып отыр.

Осыған орай, Көкжыра ауылдық клуб үйінде тарихи-танымдық дөңгелек үстел өткізілді. Басқосуға еңбек ардагерлері, ұстаздар қауымы, ауыл әкімі, аудандық мәслихаттың, жастар орталығының, мәдениет саласының өкілдері қатысты. Дөңгелек үстелде пікір алмасумен қатар, Ахмет Байтұрсынұлының өлеңдері оқылып, Көкжыра халық театры Ахаңның Семей түрмесіндегі кезінен сахналық үзінді көрсетті.

Абайша айтсақ, «жақсы мен жаманды айырмаған» қазағын Ахмет Байтұрсынұлы маса боп оятып, оқу, өнер-білім, мәдениет пен еңбекке үндеді. Қазақтың алғашқы әліпбиін құрастырды, тіл білімінің іргетасын қалады. Біз Ахаңның жазып кеткен мол мұрасын санаға сіңіру арқылы ғана сапалы қазақ дәрежесіне ораламыз. Бұл тұрғыда жүйелі үгіт-насихат жұмыстары қажет-ақ. Жиын қатысушылары да осындай ортақ тұжырымға тоқтам жасады.

Жалпы, Ұлт ұстазы атанған ұлы тұлға туралы заңғар жазушы Мұхтар Әуезов: «Бір басында сан салалы өнер тоғысқан, телегей-теңіз энциклопедиялық білім иесі қайшылығы мол тартысты ғұмырында қараңғы қалың елін жарқын болашаққа сүйреуден басқа бақыт бар деп білмеген ірі тұлға, халықтың рухани көсемі» деп жоғары бағаласа, Смағұл Сәдуақасов: «Ахаңды біз замандасымыз ғой деп өз қатарымызға қойып, өзімізбен теңестіріп қарауымызға болмайды. Бұл кісі қазақ халқының алфавитін жасап берген, бұрын әркім қалай болса солай жазып жүрген емлемізді түзеп, оқу құралдарын жазған, бәріміздің де сауатымызды ашып, бүкіл халқымызға ұстаз болған адам» деп мойындаған.

         «Тән көмілер, көмілмес еткен ісім,
Ойлайтындар мен емес бір күнгісін.
Жұрт ұқпаса, ұқпасын, жабықпаймын.
Ел бүгіншіл, менікі ертең үшін»,  деген Ахаңның өмір жолы мен еліне сіңірген өлшеусіз еңбегін ел жадында жаңғырту кезек күттірмес маңызды іс деп білеміз.

Жалпы, Парламент Мәжілісінің депутаты, «Ақ жол» фракциясы мүшесі Қазыбек Исаның Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдығына байланысты Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа жолдаған депутаттық сауалына алған жауабына сүйенсек, айтарлықтай іс-шаралар қолға алынатын көрінеді. Солардың бір парасы біздің облыста іске асырылады.

Осы айдарда

Back to top button