Ұлт ұстазын ұлықтады
Аягөз аудандық орталықтандырылған кітапхана қызметкерлері қоғам қайраткері, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының туғанына 150 жыл толуына орай «Ұлттың ұлы ұстазы» атты сайыс өткізді. Сайысты кітапханашы А.Базарбекова ұлт ұстазының «Адамдық диханшысы» өлеңімен бастады.
Сайысқа қала мектептерінің оқушыларынан бөлек 11 ауылдан келген оқушылар да қатысты. Үш турдан тұрған сайыста олар өздерінің білімді, ақылды, актерлік шеберлігі мол, ізденімпаз екендерін көрсетті.
Сайыс нәтижесі бойынша бас жүлде №6 орта мектептің оқушысы Әли Сейсенбекке бұйырса, І орынды С.Сейфуллин орта мектебінің оқушысы Гүлназ Болатбекова, ІІ орынды Нұрилә Дәулетқызы, ІІІ орынды Ақши орта мектебінің оқушысы Шырай Хамит пен 4 мектеп оқушысы Таңатар Керимбеков жеңіп алды.
Ахмет Байтұрсынұлының:
«Адамдық диқаншысы қырға шықтым;
Көл жоқ, көгалы жоқ – қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың», – деген өлең жолдары өзінің бүкіл өміріндегі еліне жасаған еңбегін баяндап тұрғандай көрінеді.
Ахмет бабамыздың арманы – «адамдық диханшысы» болып халқына қызмет ету болатын. Ұлы ұстаз бұл арманын орындады. Ол туған халқы үшін қасық қаны қалғанша қалтықсыз қызмет етті. Халқының, елінің сәулелі жұлдызына айналды
Ақбота Есімқызы, Аягөз аудандық орталық кітапханасының кітапханашысы