Қоғам

Ұлт аспаптарының жоқшысы

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай.

    Музыканың жанры да, түрі де көп. Бірақ, өнер өлкесінде ұлт аспаптарының берген әсерін, ішкі түйсігіңді қозғайтын тылсымын өзегелері қайталай алмайды. Өйткені, біз қанша жерден қала қазағы, дала қазағы, ұлттық көзқарасты, еуропалық стилді секілді түрлі ұстанымда, әрқилы бағытта өмір сүрсек те, ұлттық музыкаға селт етеріміз анық. Себебі, түп-төркінімізде ұлттық жады, код бар. Мейлі ол ұйықтап жатсын, ояу болсын…

Ауданда дәстүрлі ән мен халық музыкасының шынайы насихатшысы Еламан Құжимановты қазақтың домбырасы мен қылқобызында шебер ойнап қана қоймай, осы аспаптарды өзі жасайтындығымен ерекшеленіп жүрген азамат екенін атап айтуға болады.

Мамандығы тарих пәнінің мұғалімі болса да, арғы тегінен дәстүрлі әншілікке жаны жақын. Ағалары Жоламан, Тельман, Ерлан Құжимановтардың ізін жалғап келеді.

«Ағаларыма қарап, өнер өлкесіне келдім. Бой түзедім. Олар да əн айтып қана қоймай, ағаштан аспап, үйге қажетті жабдықтар жасайтын қабілетке ие кісілер. Атамыз Нұртай Ақсуатқа аты әйгілі шебер болған. Уақытында ауыл өміріне қажетті шана, сандық, төсек сияқты тұрмыстық бұйымдарды жасаған. Алайда ол кісі ешқашан музыкалық аспаптар жасамаған. «Ата көрген оқ жонар» демекші, сол кісіден тараған ұрпақтың барлығы қолөнер шебері болып кәсібінің нәсібін көріп отырған адамдар. Өзім ес білгелі əкемнің ағаштан әртүрлі бұйым жасағанын көріп өстім. Сондықтан ағаштан бұйым жасау маған таңсық дүние болған жоқ. Алғашқы домбыраларымды 9-10-сыныпта оқып жүрген кезден бастап жасадым. Бұған дейін əкем істеген жабдықтарды, аспаптардың жасалуына қатысып, тетіктерін дайындауға, кішігірім жұмыстарына араласып тұратынмын. Тек музыкалық аспаптарды емес, ағаштан істелетін заттың бəрін жасай аламын. Бірақ, ұлттық аспаптар жасағанды көбірек ұнатамын. Себебі, аспаптың үнін таза шығарған, әдемі домбыра жасағанды жаным сүйеді. Өнерде жүрген аға-әпкелеріміз, бауырларымыз тапсырыс беріп жатса барынша әуезді етіп жасауға тырысам. Тұрмыстың қажеттілігі үшін емес, тапсырыс түссе қуанамын. Өйткені, аспап жасаудың машақаты маған шабыт береді. Бірақ аспап жасауға үнемі қол тие бермейді. Жылына 5-6 аспап жасаймын. Жалпы, шебер болу шыдамдылықты көп қажет етеді. Аспаптың сыртқы формасы да байыппен жасауды талап етеді. Бірақ үнін шығару қиынның қиыны. Сондықтан аспап жасаушы шеберлер шыдамды болуы керек. Сосын байқампаздық пен сезімталдық қасиеті, ішкі түйсіктің өзіндік талғамы да болған жөн. Аспаптың үнін ести алатын, оның даусының тазалығын сақтай алатындай етіп құрастыру да үлкен жұмыс, өнер десем де болады. Әрбір пайдаланған ағашыңның қалыңдығы мен тілінуі де назардан тыс қалмауы тиіс. Керек десеңіз, қаттылығы мен жұмсақтығы да үлкен рөл атқарады. Ағаштың жылдық сақиналарының өзіне назар аудара отырып, аспапты сол жиіліктегі дыбысқа әсер ету күшін алдын-ала сезе білу де ең басты шарт. Сондай-ақ, шебер заманмен бірге жасасып, үнемі ізденісте болғаны абзал»,-дейді Еламан Құжиманов.

Бүгінгі таңда Елекең Ақсуат ауылындағы Мəдениет үйінің де белді әншісі. Әсіресе, дәстүрлі әндерді айтқанда, кешегі Үкілі Ыбырай, Мәди, Ақан сері, Біржан сал, Жаяу Мұсалардың бейнесі көз алдыңа келеді. Эстрадаға «есі кетіп, «жылтыр көйлек» деп езеуреген ерсі құбылыстардың бәрі уақытша, түбінде ұлттық өнерімізге табан тірейміз дейді кейіпкеріміз.

«Бұл мәселенің қашаннан бастап мұндай сипат алғанын, оған не ықпал еткенін сіз де, мен де жақсы білеміз. Сондықтан, қоғамды бұған айыптауға болмайды. Қазақ басынан небір нәубетті бастан өткерді. Саяси қысым, идеологиялық эксперименттер көп жасалды. Ұлтымыздың тегін, өткенін өшіру үшін жасалған сан-сұмдық бүгінде әшкере болып, қатталған тарих беттерінде анық әрі ашық жазылып тұр. Сондықтан, дәстүрлі әннің тыңдарманы аз, оған халық көңіл бөлмейді, ешбір қызығушылығы жоқ деп бәрін жоққа шығаруға болмайды. «Ат айналып қазығын табар» деген сөз бар. Сол сияқты қазақ өзінің баяғы болмысына, табиғи үніне оралады. Себебі, халқымыздың тегінде бар бұл қасиет. Қазір рухани тұрғыдан жаңғырып жатқан уақыт. Қазақ өзінің өткеніне үңіліп, алысқа қарай алатын, болашақты болжай алатын хәлге жетті» деген Еламан дәстүрлі әндеріміздің, күмбірлі күйлеріміздің кешегі  тар замандарда өшпегенін, болашақта да шырағы сөнбейтіндігіне бек сенімді. Ғарифолла Құрманғалиев, Жүсіпбек Елебеков, Манарбек Ержанов, Қали Байжановтар секілді тұлғалар шыңға шығарған қазақтың ұлттық музыкасы жасай берсе екен деген ізгі тілек бәріміздікі.

Ерлан БАПАНОВ, Тарбағатай ауданы.

Осы айдарда

Back to top button