Қоғам

Үлгі тұтамын

Ата-анамыз ұстаздарды сыйлау, тыңдау керектігі туралы үнемі ескертіп отырады. Бұл дұрыс тәрбие деп ойлаймын, себебі әр бала әке мен ананың сөзін жерге тастамайды. Отбасында бастау алған тәрбиені мектепте мұғалім жалғастыратыны сөзсіз.

Халқымыз «Бір әріп үйреткенге қырық жыл сәлем бер» деп бекер айтпаған. Сүйікті ұстазым Салтанат Азатханқызы әр баланың тілін тауып, мейіріммен қарайды. Менің ойымша, нағыз мұғалім болу үшін бұл мамандыққа жүрек қалауымен келу керек.

Ұстазымның бойында нағыз педагогқа тән асыл қасиеттер бар. Мейірімділік, адамгершілік, ұстамдылық, ізеттілік тұла бойында тұнып тұрғандай. Алғаш көргенімде-ақ мені бұрыннан жақсы білетіндей көрінді. Сондықтан жаңа сыныпқа тез үйреніп кеттім. Ал ұстазым біліктілікті арттыру курсына кеткенде тағатсыздана тосып жүрдік. Мұғаліміміз «Сендерді сағындым, алтындарым!» деп жазғанда көзіме жас іркілгені бар, себебі бұл сөздерді анамнан естимін. Нағыз ұстаздың екінші анамен теңестірілетінін енді ұғындым.

Барлық құрбы-құрдастарымның асқақ армандары бар. Менің арманым – білікті дәрігер болу. Осы мамандықты таңдауыма да ұстаздарымның ақыл-ұсынысы көп әсер етті. Болашақта сол сенімді ақтағым келеді.

Мұғалім мамандығының қиын, жауапкершілікті талап ететін кәсіп екенін ерекше түсінемін. Себебі ата-анамның мамандықтары – мұғалім. Мен анамның білімділігіне таңырқап өстім. Білмегенімді үнемі сұрап отырамын. Ол әр істе адалдықты, тазалықты, ұқыптылықты басты орынға қояды.

Осы қасиеттерді ұстазымның бойынан да көремін. Информатика мұғалімі Салтанат Азатханқызы – өз ісінің нағыз шебері, бала жанының бағбаны. Сыныбымыздағы жиырма шақты баланың мінез-құлқы сан алуан. Олардың әрқайсысымен жұмыс жүргізу, тілін табу, қабілетін көру, ерекшелігін анықтау нағыз педагогтың ғана қолынан келеді.

Әр бала – бір әлем. Бұл тұжырыммен толық келісемін. Мен көпбалалы отбасында өсіп келемін. Бір жанұядағы төртеуіміздің талғамымыз, қызығушылығымыз әртүрлі. Біздің осынау алуан мінезімізді, еркелігімізді анамыз бір арнаға тоғыстырып, жол көрсетіп отырады.

Ал мектепте тәлім-тәрбие, бағыт-бағдар беріп отыратын адам – мұғалім. Өмірінде жақсы мұғалімді жолықтырған адам бақытты деп ойлаймын. Адамның білімді, табысты болуына себепкер болатын ұстаз да – бақытты жан. Білім беру саласының күрделі міндеттерін жаңашыл педагогтар ғана атқара алады. Біздер, Жаңа Қазақстанның жас ұрпағы, бұған кәміл сенеміз.

Барша мұғалімдерді кәсіби мерекелерімен құттықтап, мықты денсаулық пен шығармашылық табыс тілеймін! «Ұстаз бақыты – озып туған шәкірті» дейді. Қазақ елінің дамуына үлес қосар білімді шәкірттеріңіз көп болсын!

Әслия Бақтияр, Шәкәрім атындағы №1 орта мектептің

оқушысы. Өскемен.

Осы айдарда

Back to top button