ҚоғамТОП

Ұланның құлпынайын жейтін күн алыс емес

Ұлан ауданында шаруашылықтарға арналған жаңбырлатып суару кешендері құрастырылатын болады. Сонымен қатар үш ірі жылыжай салу жоспарланып отыр, бірінде жылына мың тоннадан астам көкөніс өндірілсе, екіншісінде құлпынай, ал үшіншісінде түрлі гүл сорттары өсірілмек. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар орталығында өткен брифингте Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев мәлім етті.

Литий өндіретін фабрика салынады

Жыл басынан бері ауданның негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштері жақсара түскен. Цифрларға тоқталсақ, өндіріс көлемі 22 миллиард теңгені (өсім – 113%), өңдеу өнеркәсібінің көлемі 19 миллиард теңгені (өсім – 111%), ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 25 миллиард теңгені (өсім – 108%) құрады. 1600 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік нысандарының саны 2584-ке жетті. Аудан халқының саны 33 мыңнан асып отыр.

Алдағы уақытта өндіріс саласы, оның ішінде сирек металдар игеру бағытында бірқатар ауқымды жобалар қолға алынғалы отыр. Солардың арқасында жұмыс орындары ашылып, қазынаға салық түрінде қомақты қаражат құйылуға тиіс.

– Биылдан бастап «Алатау Литий» мен «СreadaCorporation» серіктестіктері германиялық «HMS Bergbau AG» компаниясымен бірге ауданда сирек кездесетін әрі бағалы литий металын өндіретін және өңдейтін фабриканың құрылысын бастайды. Инвестиция көлемі 500 миллион АҚШ долларынан асады, – деді аудан басшысы.

Ал Огневка кентінің аумағынан Корея ғалымдары тантал кен орнын тауып отыр, ол жерде литий мен цезий де бар. Металдар қоры шамамен 15,7 миллиард долларға бағалануда. Кендегі литийдің үлесі 5 пайыздан асады, салыстыру үшін алсақ Аустралия шахталарындағы литийдің мөлшері – 2 пайыз. Кореялық «Кigam» компаниясы кен орнын игеруге рұқсат алмақ, литий өндіру келер жылы басталады. Қазір «Огневка» байыту комбинатынан кен орнын сатып алу бойынша келіссөз жүріп жатыр.

Сондай-ақ «KAZCriticalMinerals» ЖШС Асубұлақ кентіндегі бұрынғы Белогор тау-кен байыту комбинатының шаруашылық-тұрмыстық инфрақұрылымын қалпына келтіріп, ішінара жаңартатын болады. Мақсаттары – кен қалдықтарын өндіру және өңдеу.

Гүл өсіруді қолға алмақ

Аудан экономикасының негізгі саласы – ауыл шаруашылығы, оның ішінде мал өсіруге басымдық берілген. Бұл бағытта да атқарылар ауқымды істер жетерлік.

Айталық, биыл «Украинка» ШҚ, «Багратион ВВГ» ЖШС, «АгроВостокЛТД» ЖШС суармалы жерлерін өз қаржыларына, ал «Ертіс», «Шарапат Агро», «Ramagro» серіктестіктері «Ертіс» корпорациясының несиесі есебінен ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Ал «Адам» инженерлік корпорациясы Казачье ауылында «Ертіс» корпорациясының кредиті есебінен шаруашылықтарға арналған жаңбырлатып суару машиналарын құрастыратын болады.

Қасым Қайсенов кентінің маңында «NaturalFarm» ЖШС 100 миллион теңге несие қаражатына құлпынай өсіретін, «Primis» ЖШС «Ауыл аманаты» бағдарламасы арқылы алынған 29,5 миллион теңгеге гүл өсіретін жылыжайлар салмақшы.

– Жалпы, қазір ауданда үш ірі инвестжоба іске асуда. Атап айтсақ, «Agro Vostok LTD» ЖШС 1,1 миллиард теңгеге ет пен сүт өнімдерін өндіретін ферма, «Украинка» қожалығы 1,6 миллиард теңгеге роботты сүт фермасын, «Донское агрокешені» ЖШС 500 миллион теңгеге жылыжай салып жатыр. Соңғысы биыл аяқталады, онда жылына мың тонна көкөніс өндіріліп, 33 жұмыс орны ашылады, – деді аудан әкімі.

Халықтың табысын арттыруды мақсат ететін «Ауыл аманаты» жобасы да жалғасып келеді. Былтыр осы бағдарлама бойынша 20 адам жалпы сомасы 153 миллион теңгенің несиесін алған. Осы жылы жалпы сомасы 1,3 миллиард теңгеге 135 өтінім түсіп отыр. Несие мал мен техника сатып алу, сүт және көкөніс өңдеу, макарон цехын ашу, түшпара цехын кеңейту секілді бағыттарға берілмек.

Жерді мемлекет меншігіне қайтару ісі қарқын алған. Өткен жылы 20 мың гектар жер қайтарылды. Осы жылдың басынан бері 1,5 мың гетар жер мемлекет қарамағына алынды, жылдық жоспар – 17 мың гектар, жұмыс жалғасуда.

Халықтың малына арналған жайылымдарды кеңейту мақсатында елді мекендердің шекаралары өзгертіліп жатыр. Биыл Алмасай, Баяш, Каменка, Желдіөзек, Ұлан, Ізғұтты ауылдарының аумағын қайта белгілеуге қаржы бөлінді.

Барлық ауылда жолдар жөнделеді

Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында облыстық бюджеттен бөлінген 301 миллион теңгеге жалпы қашықтығы 6,3 шақырым көше және бір көпір орташа жөнделеді. Атап айтқанда, Тарғында, Отрадноеда, Мамай батырда, Бозанбайда көшелер және Бозанбайдағы бір көпір жөнделмек.

«Жол жылы» аясында Қасым Қайсенов кентінде 3,6 км, Ұланда 5 км, Айыртауда 2,9 км, Мамай мен Сағырда 3,3 км, Герасимовка мен Казачьеде 4,5 км, Таврияда 0,7 км көше жолдары орташа жөнделеді.

– Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша елуден көп үйі бар ауылдардың орталық көшелері мен кірме жолдары асфальтталуы қажет. Ұлан ауданы бойынша тізімге 13 ауыл енгізілді. Олар – Бестерек, Жаңа Азов, Жанұзақ, Тройницкое, Жоғарғы Тайынты, Ізғұтты, Пролетарка, Гагарино, Жаңа Қанай, Баяш, Алғабас, Украинка, Митрофановка. Жөнделетін көшелердің жалпы ұзындығы – 30 шақырым, – деді Думан Рахметқалиев.

Облыс әкімдігі бекіткен 2028 жылға дейінгі жол жөндеу жоспарына сай Ұлан ауданында жолдарды күрделі жөндеуге 2,3 миллиард теңге, аудандық жолдарды орташа жөндеуге 1,98 миллиард теңге, көшелерді орташа жөндеуге 5,85 миллиард теңге жоспарланған.

Биыл «Ауыл – ел бесігі» аясында облыстық бюджет есебінен Таврия, Бозанбай, Тарғын, Мамай батыр ауылдарының көшелеріне шам орнатылады. Сондай-ақ жергілікті бюджет қаражатына Қасым, Асубұлақ, Гагарино, Привольное, Тройницкое, Донское, Айыртау, Жаңа Қанай, Ізғұтты, Сағыр, Жанұзақ, Сарыөзек, Огневка елді мекендерінің де көшелері жарықтандырылады.

Мәдениет орталығы биыл ашылады

Былтыр аудан орталығындағы 150 келушіге арналған емхананың құрылысына облыстық бюджеттен бөлінген 600 миллион теңге игерілді. Осы жылға республикалық бюджеттен 2 миллиард теңге беріліп отыр, мердігер – «Элхон» ЖШС.

Сонымен қатар биыл Қасым Қайсенов кентіндегі «QK Sunkar» ЖШС салып жатқан демалыс және мәдениет орталығының құрылысы бітеді.

Өткен жылы Желдіөзек, Отрадное, Макеевка, Казачье, Сарыөзек ауылдарында медпунктер салынды, осы жылы Тройницкое ауылында медициналық бекетінің құрылысы басталады.

2023 жылы Асубұлақ кентіндегі, Айыртау ауылындағы клубтар күрделі жөнделді, Алғабас пен Баяш ауылдарындағы клубтар ағымдағы жөндеуден өтті. Былтыр Бозанбай мектебін кезең-кезеңмен күрделі жөндеу басталды. Сондай-ақ өткен жылы Ново-Одесское, Жоғарғы Тайынты, Бестерек ауылдарындағы, Қасым Қайсенов кентіндегі мектептер жөнделді.

Осы жылдың ақпанында Восточное және Мамай ауылдарының мектептеріне балаларды тасымалдайтын 2 автобус сатылып алынды.

– Биыл Бозанбай мен Таврияда мал өлексесін көметін орындар салынады, Алмасайдың сумен жабдықтау жүйесі жөнделеді, Қасым Қайсенов, Асубұлақ, Гагарино, Митрофановка, Донское, Мамай батыр, Ұлан, Баяш елдімекендерінде балалар және спорт алаңдары жөнделіп, орнатылады, Сағыр мен Айыртауда қоқыс төгу алаңдары қоршалады, Төменгі Тайынтыдағы балалар лагеріне, Герасимовка және Айыртаудағы амбулаторияларға, Ұлан ауылындағы клубқа ағымдағы жөндеу жүргізіледі. «Инватакси» сатылып алынады, – деді спикер.

Халықты ауызсмен қамту бағытында да біршама жоба іске асқан. Мәселен, 2023 жылы Пролетарка, Жоғарғы Тайынты, Ізғұтты ауылдарында сумен жабдықтау желілерінің құрылысы, Қасым Қайсенов кентінде кәріз стансасының құрылысы аяқталды. Сондай-ақ Алмасай, Таврия, Ұлан, Восточное, Саратовка, Привольное, Тройницкое, Мамай батыр ауылдарында, Қасым Қайсенов кентінде сумен қамту объектілеріне жөндеу жүргізілді.

Алдағы уақытта Отрадное ауылында су құбыры желілері салынады. Асубұлақта су құбырларын реконструкциялау, ал Бозанбайда салу жоспарлануда.

Жылумен қамту аясында атқарылған істер де жетерлік. Айтар болсақ, былтыр Қасым Қайсенов кентінің жылу желілеріне және №2, №4 қазандықтарына ағымдағы жөндеуі жүргізілді. Осы жылы кенттің жылу желілерін, қазандығын ағымдағы жөндеуге жоба әзірленіп, облыстық бюджетке өтінім жолданды.

Өткен жылы Таврия ауылындағы жылу желілерінің құрылысы аяқталған. Биыл осы ауылда қазандықтың құрылысы басталады.

Туризм: Сібе, Шыбынды, Дұбығалы…

Туризм саласында Сібе, Шыбындыкөл, Дұбығалы көлдерінде кешенді жұмыстар қолға алынбақ.

Таяуда атты және жаяу туристік маршруттар әзірленеді. Іске кәсіби гидтер тартылып, маршрут бойынша киіз үйлер орнатылады, қонақтар аудан тарихымен, ұлттық дәстүрмен, қолөнермен, тағамдармен танысады. Турпакеттер түрлі талғам мен қалтаға бейімделмек.

Заманауи демалыс базалары, жол бойындағы сервис объектілері салынады. Шалқар көлінде қысқы демалыс түрлері дамиды. Жылы шағын үйлер салынып, ыстық тамақ, шаңғы, коньки, басқа да жабдықтарды жалға беру ұйымдастырылады.

Ал еліміздің түрлі өңірлері мен шетелден құсбегілер қатысатын жыл сайынғы «Шығыс салбурыны» фестивалі жалғаса береді. Осы спорт түрін дамыту үшін Бозанбайда Ұлттық спорт түрлеріне оқыту орталығы ашылмақ.

– Жұмыс орындарын құру, халықтың табысын арттыру мақсатында тұрғындар туристік нысандарға қызмет көрсетуге тартылатын болады. Олар туризм объектілерін азық-түлікпен, сан алуан тауарлармен қамтамасыз етеді, сонда жұмысқа орналасады, қонақ қабылдауға және қонақ үйлерді жайластыруға оқытылады, – деді аудан басшысы.

Атап өтерлігі, жуырда ғана «Қызылтас тауына шығу» фестивалі екінші мәрте дүркіреп өтті. Қонақтар атпен, ат-арбамен серуендеді, әуе шарларымен көкке көтерілді. Экологиялық акцияға қатысып, таудың айналасын тазалағандар да көп болды. Фестивальге 450 адам арнайы турпакет сатып алып қатысса, басқа 200-ден астам турист өз ықыластарымен келді. Іс-шараға қатысушылар саны биыл екі есеге артып отыр.

Осы айдарда

Back to top button