ҚоғамТОП

Ұландықтар асыға күткен емхана биыл ашыла ма?

«Қазақстанның дамуына әрбір аймақ сүбелі үлес қосып отыр. Батыста мұнай өндірілсе, орталықта көмір, шығыста металл шығады. Солтүстік аймақтар астығымен әйгілі болса, оңтүстік төрт түлігімен, бау-бақшасымен танымал. Бір сөзбен айтсақ, әр өлкенің өз ерекшелігі бар. Түптеп келгенде, бәрі – бір-бірінен бөле-жара қарауға болмайтын біртұтас Қазақстан», – деген еді ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев. Шынымен де өңірлер қуатты болса, мемлекет қуатты. Дәл сол секілді ауыл ауданның, аудан аймақтың тынысын кеңейтеді. Осы орайда біз облыс орталығымен іргелес жатқан Ұлан ауданының ахуалына тоқталып, былтырғы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне көз жүгіртіп көрдік.

Ұландықтар аурухана жырын аз айтқан жоқ. Дәрігерлер әлі күнге дейін науқастарды бесқабатты үйдің екінші-үшінші қабатында орналасқан құрқылтайдың ұясындай шағын емханада қабылдайды. Қасым Қайсенов кентіндегі амбулаторияны айтып отырмыз. Негізгі аудандық аурухана аудан орталығынан іргесі алшақ Таврия елді мекенінде екені белгілі. Қалың жұрт қалаға сабылудан да шаршағанын айтып жүр. Осы мәселе дүркін-дүркін көтерілді де, алайда аудан әкімдері бір орында «байыз таппай» жиі ауысқандықтан жабулы қазан жабулы күйінде қалып келді.

Дегенмен, өткен жылы аудан орталығында емхана құрылысы басталды. Медициналық нысан бір ауысымда 150 науқасқа қызмет көрсете алады деп жобаланған. «ЭЛХОН» ЖШС деп аталатын мердігер ұйым салып жатқан құрылысқа,  аудан әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, былтыр 600 млн теңге бөлініпті. Жалпы жобаның құны – 2,6 млрд теңге.

– 2023 жылы басталған құрылыс жұмыстары жалғасып жатыр. Былтыр тиісті қаражат бөлінген, биыл да бөлінеді. Бұл жұмыс 2024 жылы аяқталады деген ойдамыз, – деді Ұлан ауданының әкімі Думан Рахметқалиев.

Сондай-ақ былтыр Ұланның бес ауылында (Желдіөзек, Отрадное, Макеевка, Казачье, Сарыөзек) медициналық пункт салуға қаражат бөлінген. Казачье ауылында нысан қараша айында ашылса, қалған төрт пунктінің құрылысы өткен жылдың соңында аяқталды.

Қасым Қайсенов кентінде емханамен қатар демалыс және мәдениет орталығы да салынып жатқан көрінеді. Құрылысқа 2023 жылы 306,3 млн теңге бөлінген. Мердігер ұйым – «QK SUNKAR» ЖШС жұмысты биыл аяқтауға тиіс.

Жылды төрт инвестжобамен түйіндеді

2023 жылы Ұлан ауданында төрт ірі инвестициялық жоба іске асырылды.

Біріншіден, «Agro Vostok LTD» ЖШС деп аталатын ет және сүт өнімдерін шығаратын ферманың құрылысы аяқталды. Жоба іске қосылғаннан кейін он жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 4 мың тонна сүт және 38 тонна ірімшік өндіріледі деп жоспарланған.

Сондай-ақ ауданда үш жүз бас ұстайтын бір тауарлы-сүт фермасының құрылысы аяқталды. Әкімдіктегілердің сөзіне сенсек, мұнда жылына 1,6 тонна сүт өндірілетін болады.

Мың басқа арналған бордақылау алаңы да өткен жылы салынды. Бұл іске  400 млн теңге жұмсаған «Жанартау КЗ» ЖШС үш жаңа жұмыс орнын ашады.

Жуық арада жылына  мың тонна көкөніс өндіретін жылыжай кешені де ел игілігіне жарайды. Қазір «Донское агрокешені» ЖШС монтаждау жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жылыжайда көкөністер мен жасыл желектерге арналған үш аймақ  болады. Сондай-ақ техникалық және инженерлік қызмет көрсетілетін жеке сервистік аймақ құру жоба иелерінің жоспарында бар. Жылыжай отыз үш адамды жұмыспен қамтиды.

Бозанбай – құсбегілердің құтты мекеніне айналды. Мұнда күздің аяғы-қыстың басында «Шығыс Салбурыны-2023» деген атаумен халықаралық фестиваль өткен. Ең бастысы, Бүркіттөбедегі айтулы тойды тамашалауға Түркия, Венгрия, Испания, Хорватия, Словакия, Португалия, Ресей, Қытай, Қырғызстан, Моңғолия елдерінен туристер келді.

Бүркітшілер ауылында ақпан айының басында болған республикалық чемпионат та бүкіл елдің көзайымына айналды. Осы игілікті істердің басы-қасында болған облыс әкімі Ермек Көшербаев Бозанбайды бүркітшілер орталығына айналдыру туралы ойды ортаға тастаған.

– Құсбегілік – біздің ұлттық болмысымызды айқындайтын өнер. Қыран бүркіт, ұшқыр тазы, жүйрік ат – біздің болмысымызбен біте қайнасқан құндылықтар. Ұлттық құндылықты тәрбиеге де, туризмге де тетік еттік. Бозанбай ауылын бүркітшілер орталығына айналдыруды жоспарлап отырмыз, – деген еді аймақ басшысы.

Осыдан кейін әлемге әйгілі бүркітші Айшолпан да Шығыс өңіріне отбасымен бірге біржола ат басын бұрып, Бозанбай ауылына қоныстанды. Бүркітші қыз алдағы уақытта ашылатын бірегей орталықтың дамуына үлес қосуға ниетті.

Ұландықтар ендігі кезекте ат үстінде сейіл құруды қолға алып, тур ұйымдастырмақ. Туристер салт атпен Ақбауырдан Тайынтыға дейін жол тартады. Ұлан жері археологиялық кешендер мен тарихи жәдігерлерге толы екені белгілі. Ендеше сафариге жаны құмар саяхатшылардың бұл сапарға да асығатыны анық.

Сондай-ақ жаяу тур деген де бар. Мұның маршруты мынандай: Қызылтас тауы-Сорокин-Байтеке –Көктау-Бәйші асуы – Талдықорған аңғары-Қарасүйір тауы-Аблакет тауы-Өскемен СЭС-і және Сібе тау алабы.

Ұлан ауданы әкімдігінің ақпаратына сүйенсек, 2022 жылы 13,9 мың, 2023 жылы 15,3 мыңнан астам туристке қызмет көрсетілген.

Қарғын судың «тұтқынында» қалмайды

Соңғы он жылдағы талдау нәтижелеріне сүйенсек, Ұлан ауданында су тасқыны қауіп төндіретін алты елді мекен бар: Бестерек, Таврия, Ұлан, Жанұзақ, Украинка және Асубұлақ. Барлығын қоса алғанда, 148 адам мен 56 тұрғын үй «қауіпті аймақта» тұр. Дегенмен аудан басшылығы дер кезінде тасқынға тосқын қойып жатыр.

Эвакуациялау пункттеріне 460 адам орналаса алады. Мұнда асхана да бар. 195 төсек, электрогенератор, ыдыс-аяқ, таза су, ыстық су және өзге де қажетті заттар жеткілікті.

Аудан әкімдігі жағдайды бақылауда ұстап отыру үшін жүйелі түрде мониторинг ұйымдастыратын көрінеді. Каменка, Таврия, Төлеген Тоқтаров, Аблакетка, Егінсу, Багратион, Айыртау, Асубұлақ ауылдарындағы су қоймалары да бақылауда.

Ұланда 25 арна, 78 арық, 193 су өткізгіш, 51көпір бар. Қазір бұл құрылымдар күнделікті тазаланады.

Су тасқыны кезеңіне  дайындық аясында Герасимовка ауылында су ағар каналының арнасы кеңейтіліп, тереңдетіліп, жағасы көтерілді. Гагарино ауылында жағалау көтеріліп, нығыз материалдармен бекітілді.

– Отрадное ауылында қосымша су өткізгіш құбыр төселді. Бозанбай мен Ұлан ауылдарына тас жолдың бойындағы су өткізгіш құбыры тазаланды. Пролетарка ауылында ұзындығы мың метр арық пен өзен арнасы тереңдетіліп, ауыл ішіндегі шағын  көпір жөнделді. Оған қоса Өскемен-Тарғын-Самара тас жолына су өткізгіш құбыр орнатылды, – деп мәлімдеді Ұлан ауданының әкімі.

Аудан әкімдігі өзен-көлдердегі сеңді қозғау үшін  «Kaz Explo Service» мен және Шығыс Қазақстан облысының авиациялық бөлімшесімен келісімшарт жасасқанын айта кеткен жөн.

Сондай-ақ әкімдік ақпараты бойынша аудан көлемінде 174 тонна инертті материал, 9 мың қап,19 су сорғысы және 7 тонна жанар-жағармай дайындалған.

Қажет болған жағдайда төтенше жағдай салдарын жоюға 269 адамнан жасақталған жергілікті атқарушы органдардың мобильді топтары жұмыла кіріседі. Сонымен қатар 117 техника сақадай сай деп сендіріп отыр әкімдіктегілер.

Ұлан ауданында 15 гидротехникалық құрылыс бар. Қазіргі уақытта бұл нысандар қалыпты жұмыс істеп тұр.

Осы айдарда

Back to top button