ТОП

Ұландық оқушы республикалық байқауда топ жарды

Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығы мен Балалар жылына орай Мәдениет және спорт министрлігі Геральдикалық зерттеулер орталығы мектеп оқушылары арасында рәміздерге арналған өлеңдер оқу байқауын жариялаған болатын. Осы бір ұлттық құндылықты ұлықтауға арналған республикалық «Рәміздер ар ожданым, айбыным!» атты байқауда ұландық оқушы жеңіске жетті.

Мәйекті мәдениетімізді, саф алтындай салтымызды, теңіздей терең тарихымызды, ұлттық болмысымызды ұрпаққа дәріптеу – басты міндетіміз. Балалар жылы мен Рәміздердің 30 жылдығына орай өткен байқаудың да мақсаты – осы. Өйткені мемлекеттік рәміздер рухымыздың тірегі іспетті санамыздың биігінде тұруы шарт. Сол арқылы отансүйгіш, патриот ұрпақ өсіп-өнбек.

«Байқаудың мақсаты – оқушылар арасында мемлекеттік рәміздердің қадір-қасиетін ұғындырып, патриоттық сезім, ұлттық мақтаныш, отансүйгіштік сананы жастар бойына дарыту. Байқауға қатысушылар мемлекеттік рәміздерді қолдана отырып, Ту, Елтаңба, Әнұран тақырыбына қатысты өлең оқып, 1 минуттық видео түсіріп өзінің инстаграмдағы парақшасына жүктейді», – деп жазады байқауды ұйымдастырушы Геральдикалық зерттеулер орталығы.

Байқауға Қазақстанның түкпір-түкпірінен барлығы 50-ге жуық оқушы қатысты. Нақтырақ айтқанда, Атырау, Ақмола, Ақтөбе, БҚО, Жамбыл, ШҚО, Алматы, Жетісу облыстарынан оқушылар қатысқан. Осы топтың арасынан оза шапқан Ұлан аудыны, Сағыр ауылының оқушысы Пазылбек Инауат бірінші орынды жеңіп алып, 150 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Ал екінші орынды Жамбыл облысынан қатысқан Отархан Дархан  қанжығалап, 100 000 теңгелік сертификатты қоржынына салды. Жүлделі үшінші орынды Батыс Қазақстан облысынан қатысқан Құбай Ақкербез жеңіп алып, 50 000 теңгелік сертификатқа ие болды. Сонымен қатар ерекше көзге түскен бес оқушы ынталандыру сыйлығын алды.

Балалар жылына орай өтіп жатқан іс-шаралардың қатары көп. Соның ішінде ұлттық құндылығымызды ұлықтаған бұл байқаудың мазмұны зор, мәні терең екендігі байқалды. Өйткені өнерлі оқушылар өздерінің өлеңдерін әлеуметтік желі арқылы жариялып, басқа да оқушылардың партриоттық сезімін оятты. Дәл осындай балаларға арналған байқау көп болса, келешегіміз кемелді болмақ.

Алтай Ғали-Асқар

 

 

Осы айдарда

Back to top button