Ұланда республикалық дода басталды

Нұржан Кенжеұлы
Ұлан ауданында тағы бір дүбірлі дода басталды. Жеңіс күні қарсаңында аудан орталығында Қазақстанның Халық қаһарманы Қасым Қайсеновті еске алуға арналған және Кеңес Одағының Батыры Ізғұтты Айтықовтың 100 жылдығына орайластырылған бокстан 2007-2008 жылдары туған жасөспірімдер арасындағы республикалық турнирдің тұсауы кесілді.
Үш күнге созылатын жарысқа Алматы және Қарағанды облыстарының, сондай-ақ Шығыс Қазақстанның бірқатар ауданы мен қаласының жас былғары қолғап шеберлері қатысып, өзара мықтыны анықтауда.
Аудандық ішкі саясат бөлімінен хабарлағандай, Ұлан жерінде мұндай жарыс осымен бесінші рет ұйымдастырылып отыр екен.
– Бұл – дәстүрлі турнир. Осыған дейінгі соңғы жарыс 2019 жылы өткен болатын. Сол кезде доданың ауқымы тіптен кең еді, турнир халықаралық мәртебеге ие болып, оған бес елдің спортшылары қатысқан-ды. Өкінішке қарай, пандемияға байланысты одан кейін екі жыл бойы жарысты өткізуге мүмкіндік болмады. Сондықтан биылғы турнирді қатысушылардың есінде қаларлықтай жоғары деңгейде ұйымдастыруға тырысудамыз, – деген аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Нұрхат Садықов биылғы бәсекеге 120-ға жуық спортшы қатысып жатқанын жеткізді.
Айта кетейік, турнирдің тұсаукесер рәсіміне аудан әкімі Ренат Құрмамбаев пен облыстық денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Досжан Уалханов, сондай-ақ Қасым Қайсенов пен Ізғұтты Айтықовтың туған-туыстары қатысып, спортшылар мен жанкүйер қауымды доданың басталуымен құттықтады.
– Қасиетті Ұлан жеріне, Батырлар еліне қош келдіңіздер! Жалпы, алдағы бірнеше күнде ауданның түкпір-түкпірінде Жеңіс күніне орайластырылған бірқатар іс-шара, спорттық жарыстар мен мәдени-танымдық кездесулер өтетін болады. Барлығыңызды сол мән-мағынасы зор іс-шаралардың құрметті қонағы болуға шақырамыз. Бүгінгі дода да тартысты өтіп, нағыз мықтылар жеңіске жетеді деп сенеміз. Боксшыларға сәттілік тілейміз! – деді аудан басшысы құттықтау сөзінде.
Негізі, Ұлан ауданында бокстан осындай байрақты бәсекенің өтуі бекер емес. Соңғы жылдары ауданда аталмыш спорт түріне ерекше көңіл бөлінуде екен. Жергілікті боксшылардың жетістіктері де айтарлықтай. Бұл сөзімізге мысал ретінде Айшагүл Елеубаеваның нәтижелерін келтіруге болады. Бүгінде аудан мен тұтас облыстың мақтанышына айналып үлгерген Айшагүлдің еншісінде екі дүркін Қазақстан чемпионы және Азия біріншілігінің күміс жүлдегері деген атақтары бар. Сондай-ақ жергілікті бапкерлер Аяжан Мұратоваға да ерекше сенім артып отыр. 14 жастағы Аяжан таяуда Қостанайда мәресіне жеткен республикалық біріншілікте қарсылас шақ келтірмей, ел чемпионы атанған болатын.
Айта кетейік, 9 мамыр күні аяқталатын биылғы жарыстың жекпе-жектерін аудан орталығындағы Балалар шығармашылық үйіне барып тамашалауға болады.