Қоғам

Ұлан жерінде жайдары «Жайдарман» өтті

Мейрамтай Иманғали

«Жайдарман» десе өзгені қайдам, жастар жайнап сала береді. Әрине, әзіл-қалжың дегеніңіз жастардың ажарын ашатыны да шындық. Бұл жолы облыс әкімінің кубогына арналған  ХІІ республикалық «Жайдарман» фестивалі Ұлан ауданының Қасым Қайсенов кентінде өтті. Облыстық ішкі саясат басқармасының Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған фестивальге өңірдің аудандары мен қалаларынан, Павлодар мен Абай облыстарынан барлығы сегіз команда қатысты. 

 Ұйымдастырушылардың айтуынша, іс-шараның негізгі мақсаты – ауылдағы шығармашыл жастарды қолдап, рухани дамыту және жастар арасында мәдени құндылықтарды насихаттау, мемлекеттік тілдің мәртебесін арттыру және жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру.

Ұлан жеріне жиналған  «жайдарманшы» жастар мен олардың жанкүйерлерін облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Мекеева мен  аудан әкімінің орынбасары Қуат Барысов құттықтап, жылы лебізін білдірді.

– Бүгін Ұлан жерінде өтіп жатқан «Жайдарманда» сіздермен қауышқаныма қуаныштымын. Облыс әкімінің кубогына арналған республикалық фестивальге қош келдіңіздер, – деген облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Жанат Жұмағазықызы Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев өзінің  Жолдауында «жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі» деп атап айтқанын,  облыста жастардың өнерін қолдау аясында көптеген іс-шара ұйымдастырылып келе жатқанын айта келіп, қазіргі таңда қазақша «Жайдарман» ойындарының деңгейі айтарлықтай көтеріліп, көптеген талантты жастың жолын ашып отырғанын жеткізді.

– Жалпы жастардың бос уақытын тиімді пайдалануға, шығармашылық тұрғыдан дамуына ықпал ететін іс-шаралардың бір түрі – осы «Жайдарман». «Жайдарман» жастардың жан-жақты, ұлтжанды, интеллектуал азамат болып қалыптасуына зор мүмкіндік береді. Облыстан шығып республика сахнасында Шығыс Қазақстанның атағын абыроймен қорғап жүрген топтарымыз да бар. Бір қуанарлығы,  осындай  ірі шаралар тек облыс орталығында ғана емес шалғайдағы аудандарда да өткізіліп келе жатыр, – деген ішкі саясат басқармасының басшысы жайдарманшыларға сәттілік тіледі.

– Иә, сонымен барлығы сегіз топ залда жиналған қауымды күлкіге көміп, өзара сайысты. Сахнаға алдымен Абай облысы, Жарма ауданы, Қаратөбе ауылынан келген «Прогресс» жайдарман тобы шықты. Бұл – қазақтың маңдайалды жазушысы Әди Шәріпов дүниеге келген  ауыл.  Қаратөбелік жайдарманшылардың әзілі өмірдің өзінен алынған. Ғаламтордың нашарлығын, жолдың алыстығын, жарықтың жиі-жиі өшуін әзілге айналдырып, әдемі жеткізе білді.

Сондай-ақ Өскемен қаласындағы экономика және қаржы колледжінің «Айдай», С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университенінің «Жаңа Өскемен»,  «Десең, Иә!» еркін құрамасы, Павлодар қаласынан «Сапашев» тобы мен  катонқарағайлық «Швейцария», семейлік «Қарағайлы 34», ұландық «Элегант» жайдарман топтары өнер көрсетті.

Әрине, әзілқойлар мен тапқырлардың барлық әзіл-қалжыңы сәтті шықты деп айта алмаймыз. Кейбір командалар құлаққа жағымсыз анайы қалжыңдарға  да жол бергенін айтуға тиіспіз. Десе де  «көштің жүре түзелетіні» белгілі.

Екі сағатқа созылған сайыс қорытындысы бойынша, ұландық «Элегант» командасы бірінші орынды иеленіп, облыс әкімінің кубогын еншіледі.

Осы айдарда

Back to top button