Қоғам

Ұлан ауданына жаңа әкім тағайындалды

Бүгін Ұлан аудандық мәслихаты депутаттарының келісімімен Ұлан ауданының жаңа әкімін тағайындау туралы аймақ басшысының өкімі шықты. Аталған лауазымға бұған дейін Катонқарағай ауданының әкімі қызметін атқарған Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаев тағайындалды.

Жаңа әкімді аудан активіне облыс басшысы Даниал Ахметов таныстырды.

Айта кетейік, бұл ауданның экс-әкімі бүгіннен бастап Семей қаласын басқарады.

Ренат Тілеуханұлы Құрмамбаев 1980 жылы 25 қаңтарда Катонқарағай ауданында дүниеге келген. Инженер-педагог және заңгер мамандықтары бойынша екі жоғары білімі бар.Еңбек жолын 1998 жылы Катонқарағай ауданы, Жаңауыл орта мектебінде мұғалім болып бастаған. Мемлекеттік қызметті 2003 жылы Катонқарағай ауданының жастармен жұмыс жөніндегі мәдениет бөлімінің бас маманы лауазымында бастаған.

2005-2008 жылдары Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының кадр және мемлекеттік-құқықтық жұмыс бөлімінің меңгерушісі, ұйымдастыру-кадрлық бөлімінің басшысы қызметтерін атқарды.
2009 жылы Шығыс Қазақстан облысы әкімі аппаратының ұйымдастыру-инспекторлық бөлімінің бас инспекторы болды. 2011 жылы Катонқарағай ауданы әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары болып тағайындалды. 2014 жылдан 2019 жылға дейін Катонқарағай ауданы әкімі аппаратының басшысы, сондай-ақ әкімнің орынбасары болып жұмыс істеді.
2019 жылдың маусымынан осы уақытқа дейін Катонқарағай ауданы әкімі болып қызмет етті.

Осы айдарда

Back to top button