ҚоғамТОП

Ұлан ауданында бейімдеу орталығы ашылды

Ұлан ауданының Донское ауылында Кәмелетке толмаған балаларды бейімдеу орталығы ашылды.

Орталық директорының міндетін атқарушы Алмаш Олжабаеваның айтуынша, облыстық білім басқармасының және «Шығыс Сүт» корпорациясының басшысы Сейілжан Сайлаубаевтың қолдауымен Донское ауылындағы бұрынғы балабақша ғимараты толық жөнделіп, қажетті жиһаздармен, оқу құралдарымен жабдықталған. Жиыны 35 орынға шақталып ашылған орталықта жатын бөлмелері, демалыс бөлмесі, арнайы ойын алаңдары, оқу кабинеті мен спорт залы бар. Мұнда өмірде қиын жағдайға тап болған балалар уақытша, яғни алты айға дейін тұра алады. Ең бастысы, орталық өңіріміздің барлық қала-аудандарынан көмекке мұқтаж 3-18 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдерді қабылдайды.

Орталықтың ашылу рәсіміне облыстық білім басқармасының басшысы Иннеса Чернышева қатысып, тәрбие мен білім ошағының ұжымына сәттілік тіледі.

– Бейімдеу орталығында тәрбие мен оқыту, бос уақыт пен демалысты ұйымдастыру үшін барлық қажетті жағдай жасалған. Орталық ұлдарға және қыздарға арналған екі сектордан тұрады. Жатын бөлмелер баланың жас мөлшеріне сай жабдықталған. Жақын маңда аралас мектеп пен шағын орталық бар. Қиын жағдайға тап болған балаларға мемлекет тарапынан әрдайым қолдау көрсетіледі. Өйткені балалар өмірде мейірімді жандардың көп екенін көріп, өздері де жақсылыққа талпынып өскені жөн, – деді Иннеса Чернышева.

Мұндағы мамандар әртүрлі себептермен қараусыз және панасыз, ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды, арнаулы білім беру ұйымдарына жіберілетін жасөспірімдерді, сондай-ақ қатыгездіктің салдарынан қиын жағдайға тап болған балаларды уақытша қамқорлыққа алып, оларға әлеуметтік-психологиялық көмек көрсетіп, статусы анықталған баланы отбасына немесе мемлекеттік мекемелерге орналастырады.

Мамандардың айтуынша, бүгінгі таңда мұндай орталықтар өте қажет. Өйткені қазіргі қоғамда отбасылық жанжал, тұрмыстық зорлық-зомбылық етек алып бара жатыр. Ал осындай шырқы бұзылған отбасында қаршадай кезінен түрлі келеңсіз жағдайларға душар болып, үлкендердің қатыгездігін көріп өскен балалардың әлеуметтік-психологиялық көмекке мұқтаж болатыны айтпасақ та түсінікті. Бүгін қиын жағдайға ұшыраған балақайларға дер кезінде тиісті көмек көрсетіп, қол ұшын созбаса ертеңгі күні олардың жөні түзу азамат болып қалыптасуы екіталай екені тағы рас. Оны қойып, психикасы бұзылған, бесіктен белі шықпай жатып зорлық-зомбылық көріп өскен адам келешекте сол соқпақпен өзі де жүрмесіне кім кепіл?.. Мінеки, бейімдеу орталығын ашудағы мақсат осы – еліміздің ертеңі болар жас буынға тиісті көмек көрсетіп, жеткіншектеріміздің болашағының бұлыңғыр болмауына барынша жағдай жасау.

Бұл мекеменің ашылуы жергілікті ауыл тұрғындарын тұрақты жұмыспен қамтуға да мүмкіндік берді.

Айта кетсек, өңірімізде облыстық білім басқармасына қарасты екі Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы жұмыс істеп келді. Олар Алтай ауданындағы Жаңа Бұқтырма кенті мен Риддер қаласында орналасқан. Енді міне, Ұлан ауданының Донское ауылында үшінші орталық ашылды.

Білім басқармасының мәліметі бойынша, кейінгі бес жылда бейімдеу орталықтары 865 балаға пана болған. Оның ішінде 646 бала отбасына оралып, 169 бала мемлекеттік мекемелерге орналастырылды, ал жеті бала жақын туыстарының қарауына берілген.

Айжанат БАҚЫТҚЫЗЫ

 

Осы айдарда

Back to top button