Украина халқы үнемшілдікке көшті
Кейінгі бірнеше айда тіптен ушығып кеткен қаржылық дағдарыс Украина халқын үнемшілдікке үйретіп жатыр.
Бүгінде украиналықтар астындағы темір тұлпарларын үйінде қаңтарып қойып, қоғамдық көліктерге мінуге мәжбүр. Өйткені жанармай бағасы асқақтап кеткен. Айталық, бензиннің бір литрі бір АҚШ доллары тұрса, техникалық қызмет көрсетудің орташа бағасы 100 доллардан кем соқпайды. Өткен жылы ғана дәл осы қызмет түрі 2,5 есе арзан болатын.
– Біз барлық нәрсені үнемдейміз. Жалақымыз үш есе азайды. Бұрын бір доллар 8 гривна болатын. Енді ол 25 гривнаны құрады. Қазір халықтың жағдайы мүшкіл. Жұрттың құтын қашырған бүгінгі ахуал украиналықтарды үнемшілдікке үйретті, – дейді мемлекеттік басқару ғылымдарының докторы Оксана Пархоменко-Куцевил.
Сириядағы балалардың қауіпсіздігі күн тәртібіне қойылған өзекті мәселеге айналып отыр. Бүгінгі күні сегіз миллионнан астам сириялық бала гуманитарлық көмекке мұқтаж. Бұл туралы ЮНИСЕФ баяндамасында көрсетілген.
Шам елінде етек алған қарулы қақтығыстардан бала-шағасын аман алып қалу үшін жергілікті тұрғындар қайықтарға мініп Еуропаға бас сауғалауға мәжбүр. «Еуростат» агенттігінің дерегінше, биылғы қаңтар мен қыркүйек аралығында 214 мың бала Еуроодақтан пана сұраған. ЮНИСЕФ мәліметтеріне жүгінсек, маусым айында тіркелген босқындардың 10 пайызы балалар болса, қазан айында бұл 33 пайызға жеткен.
Күн сайын 700-дей балақай Еуропаға пана іздеп келеді.Соған сәйкес ЮНИСЕФ көмекке аса мұқтаж балалардың бес тобын анықтады. Олар: сәбилер, мүгедек балалар, ата-анасы жоқ балалар, қасында ересек адамы жоқ тастанды балалар мен жеткіншектер. Сонымен қатар, аталмыш ұйымды Сириядағы соғыс қимылдары жүріп жатқан аумақта қалған гуманитарлық көмекке зәру екі миллион баланың тағдыры қатты алаңдатып отыр.
Биылғы қыркүйекте Либерия билігі мемлекетте эбола безгегінің қауіпі жоқ деп ресми түрде жариялаған болатын. Содан екі ай уақыт өтей жатып либериялық 15 жастағы жеткіншек аталған аурудан көз жұмды.
«Reutersсо» агенттігі таратқан мәліметке сүйенсек, Либерия елінің бас дәрігері Фрэнсис Катех науқасқа шалдыққан Натан Гботое есімді жасөспірім 23-қараша күні кешкілік ауруханада көз жұмғанын айтты.
– Қайтыс болған жеткіншекпен байланысқа түсуі ықтимал болған 153 адам қазір дәрігерлердің бақылауына алынған. Тиісті медициналық тексерулер жүргізіліп жатыр. Басқа тұрғындарға да эболаның қауіп-қатері туралы ескертулер жасалуда, – деп атап өтті ол.
Қалыптасқан жағдайға байланысты жергілікті билік қауіпті дерт туындаған аймақта карантин енгізіп, тұрғындарды сабырға шақыруда. Көз жұмған науқас ел астанасынан 30 шақырым жерде орналасқан Недовейн ауылының тұрғыны болған.
Естеріңізге салсақ, эбола дерті бұған дейін Либерияда 5 мың адамның өмірін жалмап, 10 мың адамға жұққан.
Шығыс-ақпарат