Қоғам

Ұжымы мақтан етеді

Өскемен қаласындағы Халифа Алтай мешітінде ауылшаруашылық саласының ардагері Дүйсенбай Селихановты еске алды. Іс-шараны 2009-2015 жылдары облыстық ауыл шаруашылығы басқармасында бірге істеген ұжымы, бөлім басшылары мен мамандары, атап айтқанда, мал шаруашылығы бөлімінің басшысы Ертуған Жұмагелдин, қаржы бөлімінің басшысы Гүлнази Тоқсанбаева, қайта өңдеу өндірісі бөлімінің басшысы Жәния Мұхамедқалиева ұйымдастырды.

Жәния Басарқызының баласы Секен Тұрысбекұлының “Көңіл толқыны” күйімен адам жанын тебірентетіндей видео көрініс жасапты. Еске алу кешін өзінің курстасы, ауылшаруашылық саласында тізе қосып бірге істеген досы Ертуған Бейсенұлы жүргізіп отырды.

Мешіт молдасы аруақтарға құран бағыштады. Бірге  қызмет атқарған адамдар Дүйсенбай Мақзұмұлын қандай басшы болғанын, қандай қиын  шаруалар болса да мамандарын қызғыштай қорғап, жоғарғы басшылардың жәбірлеуіне бермейтін, қорғап-қолдап алып шығатынын еске алды. Ел басқару – аса қатпарлы, қалтарыс-құпиясы, шытырман, шырғалаңы көп өнер екенін жұрттың бірі білсе, бірі біле бермейді. Әрине, игі жақсылардың аты атала бермейді.

Жүзден озған жүйрік, мыңнан озған тұлпар ғана ел тізгінін өз қолына алып, берік ұстай алады. Әкімдігінен азаматтығы басымырақ  Дүйсекең осындай азамат еді. “Бір жылдығын ойласа егін ек, он жылдығын ойласа ағаш ек, жүз жылдығын ойласа  ұрпақ тәрбиеле, білімге көңіл бөл” деген ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлының ойлы тұжырымын насихаттайтынын  Дүйсенбай Мақзұмұлы соңғы демі біткенше еңбек етіп, бар саналы ғұмырын ауыл шаруашылығын өркендетуіне арнаған азамат.

– Адамның асылы, ешкімге қиянаты жоқ, ақпейіл адам еді. Сенің жарқын бейнең мәңгі жүрегімізде. Алла тағала мейіріміне бөлеп, жаның пейіштің төрінде шалқысын, – деді еске алу соңында жиналған қауымға рахметін айтқан Дүйсенбай Мақзұмұлының жары Шолпан. Дүйсекеңнің  өте балажандығын, ұжымымен біте қайнасып жүргенін тілге тиек етті.

 Ақаш Несіпбаев, асыл тұқымды «Қылшық жүнді өнімділік бағытындағы қойлардың» республикалық палатасының Шығыс Қазақстан облысы бойынша уәкілі.

Осы айдарда

Back to top button