Қоғам

Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру маңызды

Премьер-Министр Асқар Мамин Үкімет  отырысында індеттің деңгейін төмендету және вакцинацияланатындардың санын арттыру үшін Үкімет жедел шаралар қабылдап жатқанын атап өтті. Үкімет басшысы сәуір, мамыр және маусым айларында өңірлерде ай сайын екі миллион адамға вакцинация жүргізілетінін айтты. Денсаулық сақтау министрлігі вакцинациялаудың нақты жоспарын жасады. 

– Қыркүйек айында біз вакцинациялауға жататын 10 млн. адамды вакцинациялауды аяқтауды жоспарлап отырмыз. Сонда ғана ұжымдық иммунитеттің тиімділігін көреміз, – деді Асқар Мамин.

Өңірде коронавирустық инфекцияға қарсы ерікті вакцинация науқаны еліміздің басқа аймақтарындағыдай 1 ақпаннан басталғаны белгілі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі таңда вакцинаның  бірінші компонентін  9 457 адам алды, ал ревакцинацияны  өткен, яғни екі компонентін де  салғызғандар саны – 5 118.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ермек Омарбеков онлайн баспасөз конференцияда бүгінгі таңда өңірде алпыс егу пункті жұмыс істеп тұрғанын, олардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде екенін айтты. Қосымша вакциналау пункттерін облыстың ірі кәсіпорындары мен сауда орталықтарында ашу жоспарланған.

– Біз қазірдің өзінде медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау және күш құрылымдарының өкілдеріне, педагогтар және созылмалы аурулары бар адамдарға екпе салып жатырмыз. Бүгінге дейін 60 егу пункті ашылған болатын. Енді алдағы уақытта ірі кәсіпорындар мен сауда орталықтарында қосымша пункттер ашу міндеті қойылды. Тек Өскемен, Семей қалаларында ғана емес, облыстың қалалары мен аудандарында да ашу көзделіп отыр. Осы апта ішінде ниет білдірген адамдар коронавирусқа қарсы екпе алуы үшін тағы 60-қа жуық вакцинациялау пунктін іске қосуды жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Ермек Омарбеков.

Осылайша, облыс тұрғындарын жаппай вакцинациялау жұмысын ширата түсу қолға алынып жатыр. Салалық басқарманың ақпаратына сәйкес, бірінші сәуірдегі мәлімет бойынша 561 педагог, 125 учаскелік полицей, созылмалы дерттері бар 305 адам екпенің бірінші компонентін алып үлгеріпті. Әзірге Өскемен мен Семей қалаларының тұрғындары. Осы аптада аудандарда вакцинаның екінші компонентін салу толық аяқталуға тиіс, содан кейін барып басқа саланың ниет білдірген өкілдері өздерін вакцинамен қорғауға мүмкіндік алмақ.

Үржар ауданаралық №2 ауруханасы терапия бөлімінің медбикесі Назерке Бокескулованың еңбек тәжірибесі жеті жыл. Медбике  өзін де, науқастарды да осы індеттен сақтау үшін екпе салудың маңызды екенін айтады. Оның үстіне, шілде айында бүкіл аурухана қызметкерлері бірінен кейін бірі осы індетпен ауырып тұрған көрінеді.

– Вирусқа қарсы ұжымдық иммунитетті қалыптастыру мақсатында 18 наурызда сағат кешкі бесте вакцинаның бірінші компонентін алған едім. Екпе әркімге әртүрлі әсер ететіні рас екен. Мен алғашқы екі күнде дел-сал болып, дене қызуым тіпті 39 градусқа дейін көтерілді. Денем қалтырап, буындарым  сырқырады. Тамағым ауырып, таңға дейін аласұрдым. Қорқыныш болған жоқ, өйткені бізге осындай жағымсыз әсерлер болуы мүмкін екені ескертілген болатын. Дәрігерлердің кеңесімен парацетамол, аспирин дәрілерін іштім. Екінші күні дегенде ғана өзіме-өзім келе бастадым. Содан кейін бәрі басылып қалды. Менің кейбір әріптестерімде тіпті ешқандай әсері байқалмапты. Айтайын дегенім, қорықпау керек, мұндай көріністер вакцинадан кейінгі үш күнде қалыпты жағдай деп саналады, – дейді Назерке. Медбике 7 сәуірде екінші компонентін салғызды, қазір өзін жақсы сезінеді.

Өскемен қаласындағы  Шәкәрім атындағы №1 мектептің директоры Әділ Сайлаубек әлеуметтік парақшасында өзінің коронавирусқа қарсы екпе алғанын жазып, әсерлерімен бөліскен-ді. Біз ол кісімен хабарласып, жағдайын білген едік.

– Инфекцияның таралуын болдырмау және адамдардың өмірін сақтау тұрғысында вакцинацияның рөлі маңызды екенін қазір бәріміз түсіндік. Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі де екпе салдырып, халықты «мейлінше тезірек вакцина салдыруға» үндеп отыр. Қызметім балалармен тығыз байланысты болғандықтан ерікті түрде екпе салғызуды жөн санадым, – деді  Әділ Сайлаубек. – Мен спортпен шұғылданамын, жалпы алғанда, денім сау азаматпын. Соның өзінде жеңіл болған жоқ. Бірінші күні әлсіздік белгілері байқалды. Денем қалтырап, аяқ-қолдарым қақсады. Ұйқы басып, маужырап, біраз мең-зең болдым. Жарты тәуліктен кейін дене қызуым 37’С көрсетіп тұрды. Сағат 22.00-ден таңертеңгі 10.00-ге дейін аралықта ұйқым келе берді. Әдетте іңірде жатсақ, таңғы 6-дан жүгіріп кететін едік. Келесі күні қызметке баруға мұршам келмеді. Әрине, әр адамның физиологиясы әртүрлі болғандықтан, екпенің әсері де әртүрлі болуы заңдылық.

Педагог өз тәжірибесіне сүйене отырып,  алдағы уақытта екпе салуға ниеттенгендерге процедураны жұма күні жасатқан абзал деп ескертеді. Сонда вакцина алған адамның сенбі, жексенбіде тынығып, өз-өзіне келуіне мүмкіндігі болмақ.

 

 Айна ЕСКЕНҚЫЗЫ

Осы айдарда

Back to top button