COVID-19 Денсаулық сақтау

Ұжымдық иммунитет қалыптастырады

Елімізде 1 ақпаннан бастап коронавирусқа қарсы вакцинация науқаны жүріп жатқаны белгілі. Семей қаласында екпе егудің алғашқы кезеңін 19 ақпанда аяқтап, 22 ақпанда екінші кезеңін бастау жоспарланған. Семейдегі №1 емхана бас дәрігерінің орынбасары Гюльнара Тулеутаеваның сөзіне қарағанда, емдеу орнында осы уақытқа дейін  180-нен астам медициналық қызметкерге екпе салынды.

–Біздің емханаға 225 доза вакцина бөлінген. Бекітілген тізім бойынша қаламыздың ең үлкен емдеу мекемесі – жедел жәрдем ауруханасының  148 медицина қызметкері, аумақтық фтизиопульмонология орталығының 21 қызметкері, өзіміздің емхананың 19 қызметкері  ұйымдасқан түрде келіп, вакцина салғызуда. COVID-19 вирусына қарсы екпе бұрын-соңды болмағандықтан барлық сақтық шараларын орындап отырмыз, – деді Гюльнара Есімжанқызы.

Емханада екпе салу үшін барлық жағдайлар жасалған. Екпе алушыларды бөлек есіктен қабылдап, арнайы гардероб ұйымдастырылыпты. Оларды қарсы алған медицина қызметкерлері екпе бөліміне дейін шығарып салады.  Дәрігерге дейін медбике келушінің дене қызуын, сатурация, қан қысымын өлшеген соң, жоғары дәрежелі терапевт-дәрігер Н. Абданова мұқият тексеріп, келісім хат толтыртады. Егер дәл қаралған сәтте тұмау, немесе созылмалы аурулары асқынған болса, ондай адамдарға жазылғанша вакцина алуға тыйым салынады.

Екпе салған кезде қандай да бір реакция болса (анафилактикалық шок), алғашқы дәрігерлік көмек көрсетуге барлық дәрі-дәрмек, құрал-жабдық, оттегі концентраторы, дефибриллятор дайын.

Терапевт-дәрігердің рұқсатын алған соң егілуші егу кабинетінде вакцина алады да, соңынан арнайы дайындалған қадағалау кабинетінде 30 минут мейірбикенің бақылауында отырады. Екпе алғандар базаға енгізіледі, емхананың дәрігерлері оларды үш тәулік бойы телефон арқылы қадағалап, жағдайларын біліп тұрады.

Екпе салғызғандардың бірі – Рилия Илгизовна, жедел жәрдем ауруханасының эпидемиолог дәрігері.

–Коронавирусты тоқтататын вакцинаны ұзақ күттік, енді оны салғызу мүмкіндігі пайда болғанда, одан бас тартпаймыз. Осы уақытқа дейін екпе алғызған әріптестерімнің ешқайсысында да кері әсерлері байқалмады. Мен вакцина салдырған әр медициналық қызметкердің денсаулығы туралы сырттай болсын біліп отыруға тырыстым, өйткені бұл маған эпидемиолог ретінде өте қызық болды. Алғашқы  күні буынның ауырсынуы кездесті, бұл екпеге деген ағзаның жауабы, сол  себепті вакцина алудан қорқып керегі жоқ, – деген пікірін айтты эпидемиолог дәрігер.

Семейде екпе қызметін  алғаш бастаған үш емхананың бірі болғандықтан, №1емхана мамандары қала мен аудандардағы басқа емдеу ұйымдарының медициналық қызметкерлерін де оқытып-үйретіп, тәжірибелерімен бөлісуде. Өткен жұма күні

Бородулиха ауданының оншақты медицина қызметкері келіп, дәріс алып кетті.

–Елімізде жүріп жатқан вакцинацияға халықтың көзқарасы әртүрлі. Біреулер оның пайдасы туралы айтса, енді біреулер екпенің  салдары туралы шындыққа жанаспайтын жалған материалдар таратуда. Бізге семинарда Қарағанды фармацевтика кешенінде өндірілетін ресейлік препарат «Спутник В» туралы жан-жақты мағлұмат берілді. Екпе ерікті түрде ғана салынатынын ескерткім келеді. Сонымен қатар вакцинацияның электронды паспортымен таныстық. Бұл – коронавирусқа  қарсы екпе алғанды растайтын құжат, онда құжат иесінің екпенің қай түрін, қандай дозада алғаны, жанама әсерлері болған-болмағаны жайында толық  мәліметтер көрсетіледі.  Вакцина тек егілушіні ковидтен қорғап қана қоймайды, сонымен қатар ұжымдық иммунитетті қалыптастырады. КВИ-ді тоқтату үшін тұрғындардың 85-90 пайызы егілген болуы керек. Қазір біздің Бородулиха ауданына да вакцина жеткізіледі деп күтілуде, аудан екпе салуға толық дайын, – деді дәріс алғандардың бірі,  аудандағы инфекция бөлімшесінің меңгерушісі Ольга Сүлейменова.

№1 емхана бас дәрігерінің орынбасары Гюльнара Есімжанова бұл вакцинаның басқа вакциналардан айырмашылығы болмағанымен, кейбір адамдарда күдік барын айтады. Жаңа екпе болғандықтан, үрейлене, сақтықпен қарайды. Алайда телефон арқылы қашан екпе алуға болатынын сұрап жатқан қарапайым адамдар да баршылық.  Демек, халықтың екпеге деген көзқарасы дұрыс қалыптасуда.

 

Семей қаласындағы №7 емханада жоспар бойынша 215 медикке екпе салыну керек. Емхана  директорының орынбасары Райхан Қуанышбекқызының айтуынша, олар жедел жәрдем ауруханасының 140 маманы мен перинаталды орталықтың 75 қызметкері. Қазір 170 медперсонал өздерін коронавирусқа қарсы екпемен қорғап алды. Әрқайсысына сауалнама толтырылып, дәрігер тексеріп, жарайтын -жарамайтынын шешеді, барлық жұмыс бекітілген алгоритм бойынша атқарылуда.

–Кері реакция алған адам жоқ. Жергілікті ауырсыну, яғни екпе салған жердің қызаруы, буынның ауыруы кездесті, қабынуға қарсы дәрілерді қабылдаған соң, бұл жанама әсерлер басылып қалды. Коронавирустан қорғана алғандарына қызметкерлердің өздері де риза, өйткені індетке басқа тосқауыл табылмай тұр. Біз 19-ақпанға дейін бірінші кезеңді аяқтаймыз. Екі екпенің арасы 21 күн,  сонда 22 ақпанда екінші кезеңді бастаймыз, – деп толықтырды  Райхан Қуанышбекқызы.

Алтай Бекежанұлы Семей университетінің акушер-гинеколог мамандығы бойынша 1-курс резиденті, қазір перинаталды орталықта практикалық оқуын жалғастырып жүр. Болашақ дәрігер өзін екпемен сақтандыруды жөн көріпті. Вакцинадан кейінгі жағдайының жақсы екенін, кері әсерлері мүлде болмағанын айтады. Перинаталды орталықтың акушер-гинеколог дәрігерлерінің барлығы да екпенің пайдасы туралы бірауыздан айтып, тұрғындарды жаппай вакцинация науқанынан қалыс қалмауға шақырды.

Айна Ескенқызы

Осы айдарда

Back to top button