Сайлау-2023ТОП

Үгіт-насихат кезеңі басталды

18 наурызда Парламент Мәжілісі және барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауына түсетін кандидаттар мен партиялар үшін үгіт-насихат кезеңі басталды.

Орталық сайлау комиссиясы хабарлағандай, сайлау алдындағы үгіт-насихат 18 наурызда сағат 18.00-де басталды. Аталған науқан 18 наурыз сағат 00.00-ге дейін жалғасады.

18 наурыз – тыныштық күні, ал 19 наурыз – сайлау өтеді.

– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 112-бабының 5-бөлігіне сәйкес сайлауға қатысатын кандидаттардың, саяси партиялардың үгіт материалдарын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жариялау немесе эфир алаңын берудің шарттары бар. Тәртіп бойынша сайлау алдындағы үгіт жүргізу басталардан бес күн бұрын хабарламаған және жарияламаған, сондай-ақ сайлау комиссиясына төлем мөлшері туралы мәліметтерді ұсынбаған жағдайда лауазымды тұлғаға 30, ал заңды тұлғаларға 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады, – деп ескертеді Орталық сайлау комиссиясы.

Айта кетсек, үгіт материалдарын ұсынған кандидаттар олардың мазмұнының заңнама талаптарына, оның ішінде авторлық және сабақтас құқықтар саласындағы талаптарға сәйкестігі үшін дербес жауапты болады.

Мәжілістегі бір орынға 15 кандидат таласады

Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын жариялады.

– Парламент Мәжілісінің және мәслихаттардың депутаттығына кандидаттарды тіркеу қорытындыларын шығардық. Атап айтқанда, Парламент Мәжілісіне 7 саяси партияның партиялық тізімдері бойынша 281 кандидат, ал бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша 435 кандидат тіркелді. Орта есеппен қарасақ, бір мандатқа 15 адам күреседі, – деді ол.

Ал мәслихаттардағы бір орынға орта есеппен 3 кандидаттан келеді.

– Мәслихаттардың депутаттығына саяси партиялардың 118 партиялық тізімі бойынша 1 447 кандидат, мәслихаттардың депутаттығына бір мандатты сайлау округтері бойынша 10 288 кандидат тіркелді. Олар 3 081 мандат үшін күреседі. Сонда бір мандатқа орта есеппен 3,34 үміткер деп айтуға болады, – деді Нұрлан Әбдіров.

Партиялардың атаулары қандай тәртіппен орналасады?

Орталық сайлау комиссиясы партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде қандай тәртіппен орналасатынын анықтау мақсатында жеребе тарту рәсімін өткізді.

Оған тіркелген 7 партияның өкілдері қатысты. Олар ортаға шығып, ішіне 1-ден 7-ге дейін сандар жазылған конверттерді алды. Тиісінше, жабық конверттегі нөмірлер партияның бюлетенде нешінші болып орналасатынын айғақтайтын болады.

– Жеребе қорытындысына сай, 19 наурызға тағайындалған партиялық тізімдер бойынша Парламент Мәжілісі мен мәслихаттарға кезектен тыс сайлауда дауыс беруді өткізу кезеңінде саяси партиялардың атаулары сайлау бюлетенінде келесі тәртіппен орналасады: Amanat партиясы – бірінші орында, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы – екінші орында, «Respublica» партиясы – үшінші орында, Қазақстан халық партиясы – төртінші орында, «Байтақ» жасылдар партиясы – бесінші орында, «Ақ жол» партиясы – алтыншы орында, Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясы – жетінші орында. Жеребені өткізу тәртіптері хаттамамен бекітілді, – деді ОСК мүшесі Сәбила Мұстафина.

DIDAR ақпарат

Осы айдарда

Back to top button