Қоғам

Әуезов кентінде әсерлі думан өтті

Әуезов кентінде әсерлі думан өтті


Алтын толы қойнауымен әйгілі Бақыршық жерінде тіршілік қайта жанданып келеді. Тоқтықты да, тоқырауды да көрген Әуезов кентінің еңсесін ресейлік «Полиметалл» компаниясы құйған қомақты инвестиция қайта тіктегендей. Инвесторлардың металлургтер күніне орай екінші жыл қатарынан ұйымдастырған мерекелік бағдарламасына куә болған біздер де кенттің екінші тынысы ашылғанына иланып қайттық.

Бақыршық алтын кенішін игеруге 2014 жылдың күзінде кіріскен компания бүгінде кен байыту фабрикасының құрылысына қызу кіріскен. Жылына 1,8 млн. тонна кенді өңдеуге қауқарлы бұл фабрика 2019 жылға қарай 11 тонна алтын концентратын шығарады деп күтілуде. Бақыршықтағы алтынның қоры 256 тоннаға жетеді деген болжам бар. Кеннің әр тоннасынан 7,7 грамм таза алтын екшелмек.

Жерін игеріп жатқандықтан компания бұл маңның халқына да барынша қарайласуға міндеттелген. «Полиметалл» АҚ мен Жарма ауданы әкімдігінің арасындағы меморандумға сәйкес, инвестор биыл кенттегі балабақша ғимаратын қайта жарақтап, қолданысқа беруі тиіс. Инвестордың ақпаратына сенсек, 180 орындық балабақшаны толықтай жөндеуден өткізіп, жабдықтауға 240 млн. теңге шығындамақ. Компания бұдан бөлек жыл сайын Шалабай ауылы мен Әуезов кентінің төрт оқушысының металлургия саласы мамандықтары бойынша гранттық негізде білім алуына жағдай жасап келеді. Кенттегі дәрігерлік амбулаторияның ішкі жөндеулеріне де «Полиметалл» АҚ қаржы бөліп отыр. Осындағы орталық стадионды абаттандырып, балаларға арналған ойын және спорттық құрылғыларды жабдықтауды да компания өз мойнына алған. Ал мерекелік кеш барысында Шалабай ауылының Н.Крупская атындағы орта мектебіне шағын автобустың кілті табысталды.

Әлеуметтік жауапкершілікке ерекше қарайтын компания қызметкерлері металлургтер күнін кент тұрғындарының есінен кетпестей етіп өткізу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Сағат сайын айналып соққан нөсер жауынның салдарынан малмандай су болғанына қарамастан халық мектеп стадионына жіпсіз байлағандай күйде болды. Әсіресе, балалар бұл күнгі мерекеде құмарлары қанғанша асыр салды. Тегін батуттың қызығы тарқағанда бөбектердің кейбірі резеңке хауызда қайықпен жүзіп, қалғандары шағын отарбаның тізгінін кезек-кезек ұстады. Ересектеу деген жеткіншектер болса, серіппелі алтыбақанда тербеліп, бір сәт өздерін экстримал спортшы сезінді. Ал жастар арасында шағын футболдан жарыс өтті. Мұнда командалық орындардан бөлек «Үздік шабуылшы», «Үздік қорғаушы», «Үздік қақпашы» сынды аталымдар бойынша бағалы сыйлықтар үлестірілді. Бұл күні аға буынға арнап ардагер металлургтерді алқалаған мерекелік дастарқан жайылды. Ең бастысы, осы шадыман сәттің барлығынан естелік суреттер тегін таратылды.

Күні бойы жәрмеңке мен ойын-сауықтың қызығына батқан мереке қонақтары кешкілік мерекелік концерттің куәсі болды. Әуелі ресми құттықтаулар айтылып, «Ең үздік еңбек ұжымы», «Кәсіби біліктілігі үшін», «Көп жылғы еңбегі үшін», «Ең үздік мердігер ұйымның қызметкері» сынды аталымдар бойынша жеңімпаздар марапатталды. Осы кешке ұйтқы болған Бақыршық кен байыту фабрикасы директорының орынбасары Кеңбейіл Исаев фабрика кентпен бірге дамитынын, әлеуметтік жауапкершілік бағытындағы жобалар жалғасын табатынын айтып, бұл мереке бүкіл кент тұрғындарына ортақ екенін атады.
Биылғы компания грантының иегерлері де тиесілі сертификаттарын осы кеште қолдарына алды. Соның бірі Бақыршық мектебінің түлегі –Балжан Қарынбаева.

-Осы грантқа үмітті көптің бірі ретінде тиісті құжаттарымды тапсырған болатынмын. ҰБТ-да жинаған балдардың көмегі тисе керек, бағым жаныпты. Енді Шәкерім атындағы Семей мемлекеттік университетінде химия саласы бойынша білім алмақпын, – дейді грант иегері.
Ал көптен күткен шағын автобусқа осы кеште қолдары жеткен Шалабай ауылының орта мектеп директоры Рысқали Нұралинов компанияның бұған дейін де көп көмегі тигенін айтады.

-Түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен спорттық жарыстардың сапар шығынын «Полиметалл» компаниясы талай рет өз мойнына алған болатын. Ал енді өз автобусымыз бар. Бұдан былай сол автобусқа жанармай табу жағына ғана бас қатыратын болдық, – дейді директор.

Шараның концерттік бөлігін қазақтың қара домбырасы ашты. Испанияда өткен халықаралық аспаптық конкурстың жеңімпаздары Мирас Төреханұлы мен Жандос Дәуітұлының дуэті қос ішектің үнімен ел көңілін бір серпілтті. Бұдан кейін Жарма ауданының мақтаулы деген өнер майталмандары бірінен кейін бірі ел ықыласына бөленді. Жерлестерін жебей білетін әуезовтіктердің Алматыдан арнайы келген «Кешью» тобына деген құрметі тіптен бөлек болды. Атышулы топтың әндері әсерлі болғаны соншалық, түн баласына қарамай бесіктегі сәби де, белін таянған қария да стадионнан табылды. «Кешью» тобының әрбір әнін бірге ілесіп айтқан жастарды көріп музыканың ұлт талғамайтынына тағы да көз жеткіздік. «Кешью» қоздырған делебені бәсеңсітіп алмау үшін ресейлік «Братья Гримм» тобы тәуір терледі.

Осы қызықтың бәрі бір кездері тұралаған, Өскеменнен 90 шақырымдай жерде жатса да, жолынан жаяу адам сүрінердей Әуезов кентінде болып жатқанына сену қиын еді. Кент тұрғыны Жұмашай Шакиева бұл думанға қаладан келген немерелерін қыдырту үшін бас сұққанын айтады.

-Немерелерім көрсін деген ниетпен стадионға кіре салған едім. Жауынның қайталап жауғанына қарамастан күні бойы балалардың ойынына қамалсақ, кешкісін таңғажайып концерттен бұрыла алмадық. Немерелерім Өскеменде көрмеген әншілерді Әуезовте кездестіргеніне мәз. Қарапайым тұрғындар үшін бұл естен кетпес мереке болды. Ауа райы жайлы болғанда стадионнан таң атқанша кетпей қояр ма едік, кім білсін, – дейді ол.

Мереке соңын ала Новосібірден келген ұжым «отты шоудың» көрігін қыздырды. Қызыл жалынды бейнелеу құралы еткен өнерпаздар Бақыршық даласын отпен аластап жатқандай әсер қалдырды. Мерекелік концерт отшашумен түйінделіп, соңы жастардың би кешіне ұласты. Осылайша Әуезов кенті металлургтер күнін таңды таңға ұрып тойлады.

Есімжан Нақтыбайұлы

Осы айдарда

Back to top button