Қоғам

Әуежайды заманауи құрал-жабдықтармен жөндеу қажет.

Әуежайды заманауи құрал-жабдықтармен жөндеу қажет.

Семейге арнайы жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ ең алдымен әуежайда атқарылып жатқан құрылыс-жөндеу жұмыстарымен танысты. Өкінішке қарай, Семей қаласының әуежайын қайтадан жөндеу жұмыстары көңіл көншітпей отыр.

Ұшып-қону жолағын жөндеу, әуежай аэробекетін қайта жаңғырту жұмыстары сын көтермейді. Әуежайды аралау барысында облыс әкімі қосалқы мердігер мекеме ретінде тартылған сербиялық «Planum (Cyprus) Limited» компаниясының құрал-жабдықты Германиядан әкелгендігінен хабардар болды. Бұл жабдық Германиядан 1995 жылы шығарылған екен.

-Қазір біз 2017 жылды өмір сүріп жатырмыз,-деді бас шайқаған облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ,-сонау 1995 жылы шыққан жабдықты бізге жеткізіп, ол сапалы деп айтатындай, дәлелдейтіндей нақты құжат бар ма? Жиырма жыл өтіп кеткен, ескі-құсқы дүние емес деп кім кепіл бере алады? Сіздер біздің елге жұмыс істеуге келдіңіздер ме, онда халықаралық талаптарды орындаңыздар. Сербиялық мердігер мекеменің басшысы қайда?

Бір қызығы, сербиялық компания өкілін ғана жіберіпті. Басшысы жоқ болғандықтан мардымды жауап та алынбады. Мәселенің мәнісі сонда, осынау сынға іліккен, 1995 жылы шығарылған германиялық жабдықпен, ұшу-қону жолағын жөндеу үшін бетон құйылатын болмақ. Ал бетон ұшақтар қозғалатын жер болғандықтан жоғары сапаны талап етеді. Осыларды айтқан Даниал Ахметов ескірген дүниелерді жаңаға, яғни, заманауи технологияға көшіруді тапсырды. 2016 жылдың желтоқсан айында Семей қаласының көлік-логистикалық жағдайын жақсарту үшін әуежайды жөндеуге 10 млрд. 120 млн. теңге бөлінген еді. Небәрі 9 күн бұрын осы әуежай маңайынан ұшу-қону жолағы мен әуежайды толық қалыпқа келтіру үшін әуежай жанынан кішігірім зауыт ашылып, онда бетон жасау, өңдеу жұмыстары қолға алынды. Бас мердігер «Терезе» ЖШС біраз шаруаларды атқарып үлгеріпті. Бұл жұмыстарды да, зауытты да өзі барып көрген облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ жергілікті басшылыққа бірқатар тапсырмалар берді. Семейдің 300 жылдығын тойлау үшін осы әуежай жұмыстарын тездетіп аяқтаған жөн. Яғни, 2018 жылдың қарашасында сербиялық компания ұшу-қону алаңын жасақтаса, германиялық компания жарық беру, электрлендіру мәселелерімен айналыспақ. Бас мердігер компанияның директоры Лұқбек Тұмашиновтың айтуынша, әуежайды жөндеу барлық талаптарға сай жүргізілетін болмақ. Даниал АХМЕТОВ 2017 жылдың өзінде-ақ, бастапқы 5 млрд. теңгені дұрыс әрі тиімді жұмсау қажеттігін айтты. Ол қарапайым құрылысшылардың жұмыс қарқынын жақсы деп бағалады. Семей қаласы әкімінің орынбасары Николай Ушаков, әуежайдан алынған ескі темір-бетон плиталарды далаға тастамай, алдағы уақытта қала шаруашылығына қажетінше қолданатындықтарынан хабардар етті.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button