Экономика

ӘУЕЖАЙДАҒЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НЕГЕ КЕШІГІП ЖАТЫР?

ӘУЕЖАЙДАҒЫ ЖӨНДЕУ ЖҰМЫСТАРЫ НЕГЕ КЕШІГІП ЖАТЫР?
Бүгінде Семей қаласы әуежайының проблемасы көп, шығынға батқан әрі күрделі жөндеуді талап етіп отыр. Егер әуежайды тиісті инфрақұрылымымен бірге жөндеуден өткізсе, жолаушылардың қатары төрт есеге ұлғаяр еді. Өз еліміздің ішінде ұшып-қону былай тұрсын, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне қатынайтын әуе жолының транзиттік бағытында да жұмыс істей алады.
Әуежай 1982 жылы салынған. Содан бері бірде-бір рет жөндеу көрмеген. Қазіргі уақытта Семейден тек бірнеше бағытқа ғана авиамаршрут бар екен. Яғни, Астана, Алматы, Мәскеу, Өскемен қалаларына ғана ұшуға болады. Сондай-ақ, халық Үржар өңіріне көбірек ұшады. Өткен жылдың желтоқсан айында аэродромда жөндеу жұмыстары басталатын болған еді. Осы үшін республикалық бюджеттен 10,197 млрд. теңге бөлінген.
Семей әуежайының директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, жоба 22 айға лайықталған. Ең соңында халықаралық ИКАО стандарттарына сай жауап бере алатын әуежай халық игілігіне беріледі. Сөйтіп, Семей халықаралық тасымалда маңызы бар жол айырығы болып саналмақ. Семейге Үкімет басшысы Бақытжан САҒЫНТАЕВ келген кезде осы мәселелер нақты айтылды. Облыс әкімі Даниал АХМЕТОВ Премьер-Министрді әуежайда атқарылып жатқан жөндеу жұмыстарымен таныстырған-ды. Алдағы уақытта ұшақтар ұшып, қонатын алаң 2,7 шақырымнан 3,3 шақырымға дейін ұзартылмақ. Жаңадан апаттан құтқару станциясы іске қосылатын болды. Сондай-ақ, ішкі коммуникация жүйесі толығымен жөнделеді. Семей қаласының әуежайы «В» категориялы тобына жатады. Оның ауданы – 3 500 шаршы метр. Аэрожүйе жұмысын 136 адам атқарады. Әуежай 70 000 мың жолаушыға қызмет көрсете алады, оның ішінде 80 пайызы ішкі әуе қатынасы десек, халықаралық байланыс үлесі – 20 пайыз. Жаңарған әуежай жылына 4000-ға дейін авиарейс жасай алмақ. Мұнда бұрындары тек мың шақты ғана авиарейс жасалатын. Премьер-Министр әуежайдың жоба-жоспарымен танысқаннан кейін: «Бұл өңірде Семей, Өскемен аумағында ғана 820 мың адам тұрады. Сондықтан да авиарейс саны 4 мыңнан да көбірек болуы қажет», деп нақтылады.
Десек те, көптен күткен Семейдің әуежайын күрделі жөндеуден өткізу әлі де болса кешігіп жатыр. «Ертіс» ӘКК» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Болат Акужановтың айтуынша, 2009 жылы «Ертіс» ӘКК» жүйесі бойынша 300 млн.теңгеге Эмбрайн ұшақтары сатылып алынған. Десек те, үш жыл ішінде «Семей Авиа» компаниясы пайдаға кенеле алмай, ақыры берешегін де жаба алмай, керісінше несиелендірушілеріне 800 млн. теңге қарыз болып қалған. Сөйтіп, 2012 жылы банкрот болып жарияланған. Осыған орай әуежайдың жөндеу-құрылыс жұмыстары міне, бұл күндері біраз кешігіп жатыр. Несие бергендер әуежай ғимаратын 429 миллион теңгеге бағалаған. Ал әуежай ғимараты орналасқан жерді Ауыл шаруашылығы министрлігі 120 миллион теңге деп белгілепті. Бүгінгі таңда «Ертіс» ӘКК» ҰҚ» АҚ мамандары Үкіметке және тағы басқа орындарға, министрліктерге, несие берушілерге хат жолдап, келіссөздер жүргізуде.
-Үкімет қаулысы шықса болды, біз тиісінше мына ғимаратты сатып аламыз,-дейді «Ертіс» ӘКК» ҰҚ» АҚ басқарма төрағасы Болат Акужанов,-жөндеу жұмыстары бірден басталады. Мердігерлер де асықтырып отыр. Жөнделген әуежай халыққа жақсы қызмет ететін болады.
Олай болса, семейліктерге енді «Ештен кеш жақсы» деп, тосқаннан басқа амал қалған жоқ.

Раушан НҰҒМАНБЕКОВА
Семей.

Осы айдарда

Back to top button