Әуежайдағы жұмыс қарқынды жүріп жатыр

Кеше Семейге жұмыс сапарымен келген облыс әкімі Даниал Ахметов күрделі жөндеу жұмыстары жүріп жатқан қаланың әуежайын аралап көрді.
– Ұшып-қону жолағын жөндеуге, әуежай аэробекетін қайта құруға қатысты өткен жолы айтылған ескертулер түзетіліп, жұмыстың қарқынды жүріп жатқаны байқалады. Бұл әуежайда халықаралық бағыттарға ұшақтар қатынайтындықтан, мұнда жолаушыларға жоғары сапалы қызмет көрсетілуі тиіс. Сондықтан барлық талаптардың бұлжытпай орындалғаны дұрыс, – деді аймақ басшысы Даниал Ахметов күрделі жөндеу жұмыстарының сапасына ерекше маңыз беріп.
Құрылысқа жауапты мердігер мекеме – «Терезе» ЖШС-нің құрылтайшысы Лұқбек Тұмашинов облыс әкіміне келер жылдың шілде айында жұмысты толық аяқтайтынын айтты. Ұшу-қону жолағы мен әуежайды толық қалыпқа келтіру үшін жақын маңнан шағын зауыт ашылып, онда бетон жасау, өңдеу жұмыстары қолға алыныпты. Мердігер компанияның біраз жұмысты еңсеріп тастағаны байқалды.
Айта кету керек, Семей әуежайы ұзақ жылдар бойы жөндеу көрмеген еді. Оны жаңғырту үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 10,197 млрд. теңге бөлінген. Тозығы жеткен нысанды қалпына келтіріп, тиісті инфрақұрылым жүргізер болса, арылы-берілі қатынайтын жолаушылардың легін төрт есеге арттыруға мүмкіндік туады. Елішілік бағыттарды айтпаған күнде, Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне қатынайтын әуе жолының транзиттік бағытында да жұмыс істейтін болады. Қазірде мұнда бір ғана әуе компаниясы қызмет етсе, толық жөндеуден өткен соң бірнеше компания жұмыс істейді. Сөйтіп, ұшақ билетінің бағасы да едәуір арзандайды. Қала әкімі Ермак Сәлімовтің айтуынша, бұл жерде әуе тасымалымен қатар, автокөлік, теміржол тасымалы да іске асырылатын логистикалық орталық құрылуы мүмкін.
Іргесі 1982 жылы көтерілген Семей әуежайында қазір тек бірнеше бағытқа ғана жолаушылар тасымалы жүзеге асырылады. Әуежай директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жөндеу жобасы 22 айға жоспарланған.
Раушан Нұғманбекова
Семей