Әуежайдағы жұмыс қарқын алған

Семей қаласының әуежайын қайтадан жөндеу жұмыстары біршама жақсарған. Ұшып-қону жолағын жөндеу, әуежай аэробекетін қайта жарақтандыру қолға алынған. Әуежайды аралау барысында, облыс әкімі Даниал Ахметов қосалқы мердігер мекеме ретінде тартылған сербиялық «Planum (Cyprus) Limited» компаниясының технологияларының жұмыс істеу қабілетін тексерді.
Бұдан соң облыс әкімі Даниал Ахметов техникалық және жобалық жұмыстарды жеделдетуді, құрылыс алаңын тезірек қалпына келтіруді тапсырды.
-Әуежай халықаралық бағытта мыңдаған жолаушыларға сапалы қызмет көрсетуі тиіс,- деді облыс басшысы,-барлық күш-қуаттарыңызды толық пайдаланып, жұмыс істегендеріңіз жөн. Әуежайдағы жөндеу жұмысын осымен бірнеше рет қайта-қайта тексеріп отырмын.
Облыс әкімі бұдан бұрын келген кезде әуежайды жөндеуге міндеттеме алған мердігер ұйым басшылары «шілде айында толық жұмыс кестесіне көшеміз, артта қалған біраз уақыттың орнын толтырамыз» деп сендірген болатын. Әуежай жанынан кішігірім зауыт ашылып, бас мердігер «Терезе» ЖШС біраз шаруаларды атқарғаны көрініп тұр. Айта кету керек, Семейдегі әуежайдың тозып кеткендігіне 30 жыл болып отыр. Түбегейлі жөндеу үшін бүгінде «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы 10,197 млрд. теңге бөлінген. Семей әуежайы Қазақстандағы ең бір проблемасы көп, шығынға батқан, әрі күрделі жөндеуді талап ететін әуе тасымалы қызметінің түрі болып саналады. Егер әуежайды тиісті инфрақұрылымымен бірге жөндеуден өткізсе, жолаушылардың қатары төрт есеге ұлғаюы мүмкін. Оңтүстік-Шығыс Азия мен Еуропа елдеріне қатынайтын әуе жолының транзиттік бағытында да жұмыс істей алатын болмақ. Әуежай 1982 жылы салынған. Қазіргі уақытта Семейден тек бірнеше бағытқа ғана авиамаршрут бар екен. Яғни, Астана, Алматы, Мәскеу, Өскемен қалаларына ғана ұшуға болады. Аудандардан халық Үржар өңіріне көбірек шығады. Өткен жылдың желтоқсан айында аэродромда жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Семей әуежайының директоры Нұртай Оспановтың айтуынша, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы жөндеу жобасы 22 айға лайықталған. Ең соңында халықаралық ИКАО стандарттарына сай әуежай аталып, барлық талаптардан өткен соң халық игілігіне беріледі. Сөйтіп, Семей халықаралық тасымалда маңызы бар жол айрығы болып саналмақшы. Аймақ басшысы Даниал Ахметов атап айтқандай, жұмыс барысы жаман емес. Жергілікті өнім болып саналатын шикізат түрлері осы әуежай беткейін қаптауға, жабдықтауға жеткілікті.
Раушан Нұғманбекова
Семей.