Әуежай замануи үлгіде болады

Семей қаласының әуежайы күрделі жөндеуден өтіп жатқаны белгілі. Мұның алдында құрылыс жұмыстарына жерасты сулары біраз қиындықтар келтірген еді. Бұған қоса әуежайды мемлекетке қайтаруға қатысты сот процесі де құрылысты тұралатқаны тағы бар. Бүгінде аталмыш мәселелер шешімін тауып, тиісті жұмыстар жандана түскен. Бұған шаһарға іссапармен келген облыс әкімі Даниал Ахметов көз жеткізді.
Қазіргі күні ұшып-қону жолағы толықтай жаңартылған. Оның ұзындығы үш мың метрден асады. Бұл ретте әуе кемелерін қабылдайтын жаңа алаң қосқабатты бетоннан тұратынын айта кеткен жөн. «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша бөлінген 10 млрд. теңгенің бүгін 9 млрд. сомасы игерілген. Енді тек әуежайдың ғимаратын қалыпқа келтіру қалды. Байқау шартына сәйкес, бас мердігер оның төбесін ғана жөндеуі тиіс болатын. Әйтсе де облыс басшылығы қосымша қаржы көздері қарастырылып, нысанның сыртқы және ішкі жақтары тұтастай жаңартылуда.
– Үш айға жалғасқан сот ісі жұмысымызды кешеуілдеткені рас. Дегенмен, әуежай күзден қалмай пайдалануға беріледі деп межелеп отырмыз. Бұл заманауи үлгідегі әуежай болмақ. Мұнда ішкі және халықаралық рейстерге арналған күту залдары, сондай-ақ жүк терминалы орналаспақ. Жылыту әрі су құбырлары түгелдей жаңаланды. Жерасты суларына келетін болсақ, ғимараттың айналасында терең ор қазылғанын байқауға болады. Осы арқылы жертөлені судан оқшаулап, оны бекіте түспекпіз. Қазір осы мәселені реттеудеміз, – деп атап өтті «Терезе» ЖШС бас директоры Лұқбек Тумашинов.
Сонымен қатар, мердігер ұйым әуежай ғимаратының келбетін көріктендіруге дайын. Алайда ол үшін қосымша қаражат қажет екенін жасырмады. Атқарылған істі бағамдап шыққан облыс әкімі бұл мәселені шешудің жолдары бар екенін айтты. Ол үшін құрылысшыларға жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуге тура келеді.
– Әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын. Ол халықаралық талаптарға сай замануи нысанға айналатынына мен кәміл сенемін. Бұл Шығыстағы алдыңғы қатарлы әуе терминалы болады, – деген Даниал Ахметов, мердігер ұйым жұмысына оң бағасын беріп, қолға алған істі мерзімінде аяқталу керек екенін түсіндірді.
Осыған дейін жергілікті және республикалық БАҚ-та әуежайдың құрылыс алаңында заңсыз мигранттар еңбек етіп жүргені айтылып еді. «Терезе» ЖШС басшылығы бұл ақпарат шындыққа жанаспайтынын тілге тиек етіп, тартылған құрылысшылардың дені Қазақстанның тұрғындары екендігін жеткізді.
– Сербиялық азаматтар жайлы айта кетсем, олар – мигранттар емес, инженер мамандар. Осы мамандарсыз тиісті жұмысты атқара алмас едік. Әйтсе де екі күннен кейін бұл азаматтар еліне қайтады, – деді мердігер компанияның жетекшісі.
Жақсылық Мұратқали
Семей.