Қоғам

Әуежай туристердің көбеюіне сеп болды

Әуежай туристердің көбеюіне сеп болды


Үржар әуежайы Ұлы Отан соғысынан кейін пайда болды. Ол сол уақытта еліміздегі аудандар ішіндегі жолаушы тасымалдайтын жалғыз әуежай еді. Ең алғашқы По-2, Ан-2, Ли-2 ұшақтары өлкемізден Семей мен Алматыға жолаушылар таситын. 1978 жылы әуежайдағы ұшақ қонатын жолдың ұзындығы бір жарым шақырымға, ені отыз бес метрге кеңейтілді. Сол кезде ұшақтар Үржардан күніне бірнеше рет Семей мен Алматыға қатынайтын.

– Әуежай дамып келе жатыр. Дегенмен тәуелсіздіктің алғашқы жылдары мекеме он үш жылға жабылып қалған-ды. 2007 жылы облыстық және аудандық әкімдіктердің қолдауымен әуежай қалпына келе бастады. Сол кезде аудандық бюджеттен 110 миллион теңге бөлініп, әуежай ғимараты жөнделді, техникалық қызметі қалпына келтірілді.Содан бастап бізге Як-40, Ан-24, Ан-2 ұшақтары бірінен соң бірі келіп қона бастады, – дейді37 жыл әуежайдың комендант-директоры болып келе жатқан Болат Бектеміров.

Ең алғашқы рейс Өскемен – Үржар және Үржар – Өскемен бағыты болған. Бұл бағытты «SCAT» компаниясы атқарған еді. Осы рейспен 14 адам алғашқы болып Өскеменге ұшты. Кейін Семейге де ұшақ ұша бастады. Осы бағыттармен бүгінде екі қалаға аптасына бірнеше рет ұшақ қатынайды.

Сондай-ақ қазір әсіресе жаз мезгілінде Алматы және Нұр-Сұлтан қаласына авиабағыттар ашылды.

– Осыдан біраз жыл бұрын республикалық басылымда Үржар әуежайы мен осы бағытта ұшу қауіпті екені жазылды. Сол кезде транспорт прокуроры А.Колесников тексеріспен келді. Дегенмен уақыт өте бәрі қалпына келді. Жергілікті әуежайға кейде санитарлық авиацияның ұшағы да қонады. Алыстағы елдімекендердің ауру-сырқау адамдарын облыс орталығына немесе елордаға жеткізеді. Сонымен қатарауыл шаруашылығына, геологияға байланысты және туристерді тасымалдаған ұшақтар да жиі келіп тұрады, –дейдіБолат Бектеміров.

Аудан әкімі Серік Зайнулдин әуежайға әрдайым көмектесіп, қолғабысын тигізуде.

Мұнда әр рейсті қабылдап, ұшыратын арнайы бригада бар. Әуежайдың басты бір ерекшелігі, қыста ұшу-қону жолағының қары тазаланбайды, он сантиметрге дейін катокпен тапталады. Бұл тәсіл еліміздің еш түкпірінде кездеспейді. Ол Азаматтық авиация комитетінің технологиясы бойынша іске асырылады. Облыстың қатал қысында бұл – ең ықтимал әдіс. Өйткені әуежай жолағының асфальті осылай ұзақ сақталады. Тағы бір айтатын жайт, ұшқыштар Үржар әуежайын Тарбағатай тауының бөктерінде, теңіз деңгейінен 512 метр биікте жатқандықтан, «нартәуекел алаңы» деп айтады. Әуежай ұжымында 25 адам аянбай жұмыс істеуде.

Жазда өңірге, Алакөлге келуші демалушылар көбейді. Былтыр көлге миллионға жуық адам келген. Туристердің көбеюіне әуежайдың қосып отырған үлесі үлкен.

Үржар авиаторлары алдағы кезеңде әуежай жолағының 2200 метрге ұзаруы оның дамуына серпін береді деп үміттенеді.

Бейсенғазы Ұлықбек
Үржар ауданы.

Осы айдарда

Back to top button