Қоғам

Әуежай халықаралық стандарттарға сай болады

Әуежай халықаралық стандарттарға сай болады


Семейдегі әуежай қазір жартылай ғана жұмыс істеп тұр. Толық жұмысқа күрделі жөндеуден кейін көшпек. Әуежайды қайта қалпына келтіруге арналған жобалық-сметалық құжаттар дайын. Жалпы құны – шамамен 10,5 млрд. теңге. Қалаға Үкімет басшысы бастаған арнайы топ жұмыс сапарымен тамыз айында келген кезде әуежайды жөндеуге бөлінетін қаражат 2017 жылдың республикалық бюджетінде нақты қарастырылады деп уәде етілген еді.

Әлбетте, мәселе неғұрлым жылдам шешілсе, әуе байланысы қызметі де жақсара түседі. Осыған орай жақында қуанышты хабар келді. Аталмыш нысанның директоры Нұртай Оспановтың хабарлауынша, күрделі жөндеу үшін «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша қазынадан 10 млрд. 400 млн. теңге бөлінген. Биыл жыл соңына дейін 331 млн. теңгесі игерілуі тиіс. Осыған орай облыстық көлік басқармасы мердігерді анықтау үшін байқау жариялаған екен. Жоба бойынша екі жылдың ішінде әуежайдың ұшып-қону жолағынан бастап, барлық инженерлік инфрақұрылымы, аэровокзал ғимараты түгелдей қайтадан жөнделеді. Бүгінде мұнда жылына 70 мың жолаушыға қызмет көрсетіледі. Әуежай директорының айтуынша, ұшып-қону жолақтары екі жарым шақырым болса, күрделі жөндеуден кейін үш шақырымнан аспақ. Бұл кез келген алып ұшақтарды қабылдауға мүмкіндік береді әрі халықаралық стандарттар талаптарына сай болмақ.

Раушан Нұғманбекова
Семей.

Осы айдарда

Back to top button