ҚоғамТОП

Үздык жеті жоба

Өскеменде  өткен «Pizza pitch» іс-шарасында инвесторлардың назарына жастардың ең мықты жеті IT стартап жобасы таныстырылды.

Oskemen IT Hub-та ұйымдастырылған «Pizza pitch»-тің негізгі мақсаты – өңірдегі IT саланы дамытып, тың идеяларға қолдау білдіру.

– Бүгін Шығыстағы ең үздік шыққан жеті стартаппен танысып, өз ойымызды білдірдік. Жобалар әртүрлі. Алдағы уақытта бұл жобалар жақсы нәтиже көрсететін болса, онда оны инкубациялық бағдарламаларға аламыз. Яғни үш ай көлемінде біздің тәлімгерлер жобаны жетілдіруге көмек береді. Тіпті сәтті шыққандары әлемдік деңгейге көтерілуі де мүмкін. Біздің негізгі мақсат та өңірдегі озық идеялардың жарыққа шығуына жағдай жасау. Бүгінгі іс-шараны «Pizza pitch» форматында өткізудің де өзіндік мәні бар. Бұл жерде қатысушылар өз жобасын көпшілікке жариялап, IT индустрияның жетекші сарапшыларымен кері байланыс орнатуға мүмкіндік алады, – дейді «Oskemen IT Hub» өңірлік менеджері Дидар Мұратұлы.

Іс-шарада қарыштап дамып келе жатқан жасанды интеллектпен қатар қоқыс қалдықтарынан техникалық заттарды жасауға бағытталған ерекше жоба таныстырылды. «Sana» деп аталатын эко-электроникалық жобаның авторы Асылай Жеңісбекова бұл идея қоршаған ортаны қорғау туралы ойдан шыққанын айтады.

 – Бірер жыл бұрын экоерікті болып жұмыс атқардым. Сол уақытта «Oskemen IT Hub» туралы естідім де IT саласына қызығушылығым артты. Заман үрдісіне сай экологиялық мәселені шешудің жолын қарастырдым. Бүгінде қоқыс қалдықтарын қайта өңдеу өзекті мәселенің бірі деп ойлаймын. Сондықтан «Sana» деп аталатын стартапты қолға алып, дамыту үстіндемін. Нәтиже жаман емес. Жобаның негізгі мақсаты – қоршаған ортаға залал келтіретін пластиктерді қайта өңдеп, электронды құрал жасау. Қазір қолымызда Power Bank, яғни қалтаға салып жүретін ұялы телефон қуаттағыштың қорабы бар. Әзірге электроникалық заттардың сыртқы қорабын ғана жасаудамыз. Жобаға қолдау тапсам топ жинап, толықтай өзіміз өндірсек деген жоспарым бар, – дейді ол.

Оның ойынша, электронды құралдарды ел аумағында шығару мемлекеттің технологиялық әлеуетін арттырады. Сондай-ақ мұндай жолмен жасалатын бұйымдар экологиялық мәселенің біртіндеп шешілуіне ықпал етеді. Жас IT маман аталмыш жобасын одан ары дамытуды көздеп отыр.

 

Осы айдарда

Back to top button