ҚоғамТОП

Үздіктердің үздігі анықталды

Өскеменде әскер жасына дейінгі жастар арасында су-құтқару көпсайысы бойынша VI облыстық турнир өтті. Сайысқа барлығы 10 команда қатысты.

Алтыншы рет өткізіліп отырған облыстық турнирдің басты мақсаты – қызықты сайыс арқылы жастардың қауіпсіздікке деген жауапкершілігін арттырып, салауатты өмір салтын насихаттау. Турнирге 15 жастан 18 жасқа дейінгі мектеп оқушылары мен колледж студенттерінен құралған он команда қатысты.

– Бүгінгі сайысты облыстық Төтенше жағдайлар департаментімен бірлесіп өткізудеміз. Жарысқа қатысушылар суға батқан адамды құтқару жұмыстарын командамен бірлесе жүргізетін болады. Турнирге 60-қа жуық оқушы қатысуда, – дейді дарындылық пен қосымша білім беруді дамытудың Шығыс Қазақстан ғылыми-әдістемелік «Дарын» орталығы директорының орынбасары Күнжан Оразаева.

Облыстық турнирде оқушылар аралас эстафетадан бөлек 25 метрге жүзуден сынға түсті. Дәстүрлі түрде жалғасын тауып келе жатқан жарыста әр ауданнан келген үздік командалар бақ сынады.

– Турнирге Алтай қаласынан келдік. Жарысқа бірінші рет қатысып тұрмыз. Дайындығымыз жоғары деңгейде деп айта алмаймын. Дегенмен жарыс жолындағы алғашқы нәтижеміз жаман емес, – дейді Алтай қаласы командасының бапкері Ерік Ержанұлы.

Облыстық турнир қорытындысы бойынша І, ІІ және ІІІ орын алған командалар естелік кубоктармен, дипломдармен, ал ойыншылар тиісті дәрежедегі медальдармен марапатталды.

Осы айдарда

Back to top button