ҚоғамТОП

Үздіктер арасында Катонқарағай да бар

Германия астанасы Берлинде өткен ITB Berlin-2024 халықаралық туристік көрмесі аясындағы «Green destinations top 100 story awards» байқауының үздіктері қатарына тұңғыш рет Катонқарағай ауданы енді.

Дәлірек айтсақ, әлемдегі ең ірі туристік көрме-байқаудың бірі саналатын іс-шарада «Катонқарағай ауданының тұрақты дамуы» қоғамдық қоры «Гүлденген қауымдастықтар» аталымы бойынша жүлделі үшінші орынға лайық деп танылды.

– Катонқарағайдың тұмса табиғатын екінші Швейцария деп атайтындар көп. Алайда осы жолы Катонқарағай өзінің бірегейлігімен ерекшеленіп, Қазақстанда тұрақты туризмді дамыту әлеуеті жоғары екенін дәлелдеді. Катонқарағай әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтар арасында өте танымал орынға айналды, ауданымызда көптеген туристік нысан мен маршрут бар. Тұмса табиғат өзінің әртүрлілігімен және әсемдігімен таңғалдырады. Мұнда қарлы таулардың, түрлі-түсті жартастардың, мөлдір көлдер мен тау өзендерінің, балқарағай тайгасы мен жидек алқаптарының керемет үйлесімін көре аласыз. Ұлттық парк аумағында сирек кездесетін өсімдіктер, пион мен қызғалдақтың түр-түрі өседі, Қызыл кітапқа енген қар барысы, Алтай бұлғыны, тас сусары, қара лейлек сияқты аң-құс өздерін жайлы сезінеді, – деп хабарлады аудан әкімдігінен.

Еске салайық, Катонқарағай мемлекеттік ұлттық паркі Қазақстандағы ең үлкен ұлттық парк саналады. Оның ауданы жарты миллион гектардан асады. Ұлттық парк Оңтүстік Алтайдың ең бір көркем аймағында орналасқан және бір жағынан Ресеймен, екінші жағынан Қытаймен шектеседі.

Осы айдарда

Back to top button