Қоғам

Үздік тәлімгер-вожатыйлар анықталды

Бүгінде білім ұяларында соңғы қоңырау соғылып, оқу жылы аяқталды. Міне, балалардың қызықты жазғы демалысы да басталды.

Демек, жазғы демалыстың тиімді әрі әсерлі өтуі сондағы тәлімгерлердің білім-біліктілігіне тікелей байланысты екенін жоққа шығармаймыз. Осы орайда  шығыста «Тәлімгер-вожатый FEST-2022» облыстық фестивалі өтіп, сайыс нәтижесінде өңіріміздің ең өнерлі, жаңашыл, үздік тәлімгерлері анықталды. Облыстағы жоғары оқу орындары мен колледждерде педагог-ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алып жүрген болашақ тәлімгерлер бақ сынап, әр алуан өнерін ортаға салды. Жалпы фестивальдің мақсаты – жазғы кезеңде балалардың сауықтыруын, демалысын тиімді, сапалы ұйымдастыру және тәлімгерлердің кәсіби шеберлік деңгейін арттырумен қатар, қатысушылар өзара тәжірибе алмасты. Қатысушы командалар «Өзін-өзі таныстыруы», «Лагерьдегі бір күн», «Қызықты ойын», «Жағдаяттық тапсырмалар» сынды байқаудың төрт кезеңі бойынша  сайысқа түсті. Қатысушыларды балалар мен жастар ұйымдарының жетекші мамандары бағалады.

Нәтижесінде Абай атындағы Шығыс Қазақстан гуманитарлық колледжінің командасы бас жүлдені және «Керемет тәлімгерлер-2022» кубогын иеленді. I орынды Халық әртістері ағайынды Абдуллиндер атындағы өнер училищесінің командасы алса, II орынды М.Әуезов атындағы педагогикалық колледждің командасы, III орынды С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің және Шәкәрім жоғары колледжінің командалары місе тұтты.

Қуаныш Рахметоллаұлы

Осы айдарда

Back to top button