Үздік шәкірттердің өнегелі ордасы

Раушан Нұғманбекова, Семей
Семей – тарихи жер. Ұлы Абай елі болғандықтан тарихи білім ордалары да осында орналасқан. Солардың бірі – Төлеубай Аманов атындағы орта мектеп.
Мектеп тарихы білім алушыларға өз есігін ашқан сонау 1922 жылдан басталады. Мектептің алғашқы директоры болған – үлкен жүректі мұғалім, қайратты да салмақты, тұла бойы тың идеяларға толы азамат Нұрымқан Омарұлы Тұрғанбаев. Ел басына күн туып, Ұлы Отан соғысы басталған кезде алғашқылардың бірі болып Нұрымқан Омарұлы майданға аттанады, ал 1943 жылдың тамызында оның отбасына «қара қағаз» келеді. Ұлы Отан соғысының сұрапыл шайқастарына мектеп мұғалімдері Мұқаш Оспанов, Төкен Жұманов, Бейсен Жұмагелдин, Әшім Шайхин, мектеп түлегі, болашақ физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Төлеубай Ыдырысұлы Аманов та қатысады.
– Мектебімізге есімі берілген Төлеубай Амановтан да өзге мақтанарлық, оның атын асқақтатқан түлектері жетерлік, – дейді мектеп директоры Бақтыгүл Құрманғалиева. – Олар: ақын Қасым Аманжолов, жазушы Сәду Машақов, сазгер, қазақ вальсінің атасы Бекен Жамақаев, Абай мұражайының алғашқы директоры Ілияс Тұтқышев, ғылым докторлары Жабағы Тәкібаев, Хамит Жұмабеков, Жұмағали Есенбеков, Ғалия Төлеутаева, Асхат Сейсенбаев, ғылым кандидаттары Рахым Мыңжанов, Еңбекшіл Омарханов, Ерғали Есенжолов, Нұргүл Мекишева, Төлеуғайша Ысқақбаева, Гүлнар Қатабаева, армия генералы Өркен Әбдірахманов, милиция полковнигі Миллат Құсайынов.
Мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының айтуынша, Төлеубай Ыдырысұлы бұрынғы Семей облысындағы Новопокровка ауданына қарасты Құрманқожа ауылында 1923 жылы 25 тамызда туған. 1940 жылы Семей қаласындағы орта мектепті бітірген соң Алматыдағы ҚазМУ-дың физика-математика факультетіне оқуға түседі. 1941 жылдың тамыз айында армия қатарына шақырылып, 1943 жылы майданға жіберілді. Украинаның екінші майданында шайқасқан. Онда ауыр жарақат алып, 1944 жылдың көктемінде Семейдегі пединститутты жеделдете аяқтау үшін мемлекеттік емтихан тапсырады. 1944-1949 жылдары Семей пединститутында аға оқытушы және физика-математика факультетінің деканы болып қызмет атқарады, студенттерге дәріс оқиды. 1950 жылы Мәскеудегі Ресей ҒА-ның қарамағына қарайтын В.Стеклов атындағы математика институтының аспирантурасына қабылданады.
Аспирантурадан кейін 10 жыл бойы Семей пединститутындағы жоғары математика кафедрасының меңгерушісі, институттың ғылыми жұмыстары бойынша проректоры болып қызмет атқарады. 1967 жылы С.Никольскийдің жетекшілігімен физика-математика ғылымдарының докторы ғылыми дәрежесін, ал 1971 жылы профессор атағын алады. 1968 жылы мамыр айында Т.Аманов ҚазССР ҒА-дағы математика және механика институтының функционалдық анализ және функция теориясы лабораториясының меңгерушісі болуға шақырылады және директордың орынбасары қызметіне тағайындалады. 1972 және 1978 жылдары С.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетінің профессоры болған.
Мәскеу қаласында өткен Бүкілдүниежүзілік математиктердің 13-ші конгресіне, Чех кеңесінде және Канадада өткен математиктердің халықаралық конгресінде ғылыми баяндамалар жасайды. «Құрмет белгісі» орденімен және медальдармен марапатталған ғалым 100-ден астам ғылыми еңбек, 10 монография жазған.
Бүгінгі күні мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының басшылығымен тәуелсіз еліміздің жас өрендерін білім нәрімен сусындатып жүрген, тұңғыш қазақ мектебінің намыс туын жоғары ұстай білген алдыңғы толқын ұстаздарымыздың жарқын істерін жалғастырушы ұстаздар тобы қалыптасқан. Олар директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарлары, тарих пәні мұғалімі Перизат Райстанова, информатика пәні мұғалімі Төлеуғайша Алиева, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарлары қазақ тілі пәні мұғалімі Маржан Ажғожина мен тарих пәні мұғалімі Тілек Отанұлы, қазақ тілі пәні мұғалімдері Гүлнара Құнафина, Жанар Нұрлыбаева, Жанар Есенова, Рауия Жұмабекова, орыс тілі пәні мұғалімдері Фарида Чингаева, Алмагүл Рахимова, биология пәні мұғалімі Гүлбаршын Нығметжанова, ағылшын тілі пәні мұғалімдері Анара Каримова, Жұмагүл Құтанбековаларды атауға болады. Жас ұстаздар арасынан Арайлым Амантаева мен Арайлым Исина өз еңбектерімен көзге түсіп жүр.
Мектеп директоры Бақтыгүл Қадылбекқызының еңбегі ерекше. Ақсуат ауданы, Құлбабас ауылында дүниеге келген Бақтыгүл Құрманғалиева Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің жаратылыстану-география факультетін бітірген. География-биология пәнінің мұғалімі бола жүріп Семейдегі №26 орта мектепте директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Кейінірек сол мектептің директоры, ал қазір Т.Аманов атындағы №16 жалпы орта білім беретін мектептің директоры болып еңбек жолын жалғастыруда.
– 2018 жылы облыс мектептері түлектерінің арасындағы «Мақтанышым – мектебім» атты бейнероликтер конкурсына қатысып, жүлделі ІІ орынды иелендік, 2018 жылы Семей қаласындағы «Үздік орта білім беру мектебі» атандық, – дейді Бақтыгүл Қадылбекқызы. – 2019 жылы білім беру ұйымдары арасындағы ең үздік веб-сайт конкурсында ІІ орын алсақ, білім беру мекемелері мен мектепке дейінгі мекемелердің қалалық байқауында ІІ орынға ие болдық.
2020 жылы ел Тəуелсіздігіне арналған «Мəңгілік ел – болашаққа ұмтылған ел» тақырыбында «Дарын» орталығы ұйымдастырған аймақтық конкурста Бас жүлде иеленген білім ордасы содан кейін облыстық «Парасатты отбасы» байқауында да Бас жүлдені жеңіп алды.
Осы жылдар көлемінде мектепте отандық білім беру саласына ерен еңбек сіңірген, Қазақ КСР және Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздіктері Меңкебану Сұлтанова, Төкен Жұманов, Төкен Искаков, Рабиға Ахунова, Гүлбағи Ахметова, Хадиша Баймұратова сияқты көптеген ұстаздар еңбек еткен.