
Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай облыстық Пушкин кітапханасында өңір жастары бас қосты. «Тәуелсіз елдің ұрпақтары» атты дөңгелек үстелге «Мейірім» еріктілер тобының мүшелері мен Jas Otan жастар қанатының белсенділері қатысты.
Шараның өтуіне облыстық Жастар ресурстық орталығы мұрындық болған. Мұндағы мақсат – еліміздің тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктері жайлы пікір алмасу, ой қорыту, жастардың бойындағы Отанға деген сүйіспеншілікті арттыру.
Жастар орталығының басшысы Арайлым Есімбекова Тәуелсіздік жастарға көптеген мүмкіндік сыйлайтынын және бүгінгі жетістіктерге Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың арқасында қол жеткізгенімізді атап өтті.
– Бізге көпшілік, «неге жастарды жиі-жиі марапаттайсыздар?» деп жатады. Сол кезде айтар жауабым біреу ғана, олар елдің – болашағы. Аға буын өкілдері жастарды оқытуы, үйретуі, жігерлендіруі керек, оларға дұрыс бағыт сілтеуі керек. Сондай-ақ әр бастамасын қолдауымыз керек, – дейді Арайлым Есімбекова.
Дөңгелек үстелге қатысушы жастар да ой-пікірлерін ортаға салды.
– Бізге мемлекет не берді деп емес, біз мемлекетке не береміз деп ойлануымыз керек. Елдің өркендеуі мен дамуы тек біздің қолымызда. Бүгінгі алған білімді тәжірибе ретінде қолдануымыз керек, – дейді С.Аманжолов атындағы ШҚУ-дың 3-курс студенті Ұлан Көшербай.
Кездесу соңында белсенді еріктілерге республикалық еріктілер ұйымының атынан мадақтама қағаздары таратылды. Айта кетейік, дөңгелек үстел отырысы аудан-қалаларда да жалғасын табады.