ҮЗДІК АУЫЛДЫ АНЫҚТАМАҚ
Жарма ауданында елді мекендердің тазалық жағдайын жақсарту үшін “Үздік округ”, “Үздік елді мекен”, “Үздік көше”, “Үздік аула” атты жүлде қоры азды-көпті 10 млн теңгені құрайтын байқау ұйымдастырылмақшы.
Байқау 1 мамыр – 30 маусым аралығында өткізіледі.
Ал Катонқарағай ауданындағы Еңбек ауылында 100 адамға арналған қатымхана құрылысы басталып кетті. Бүгінде бұл ауылда 300- ге тарта адам тұрып жатыр. Ауыл тұрғындары қатымхананы өз күштерімен тұрғызып жатыр. Ауыл әйелдері де қалыспай, жұмысшыларға дәм дайындап, қолғабыстарын тигізуде.
– Қазіргі кезде қай ауылда болмасын мешіті, жанында қатымханасы бар. Ауылымызға қатымхана аса қажет болды. Демеуші іздеп біраз жүрдік. Ауылымыздағы жомарт жандар, азаматтар осы бір сауапты істі өз мойнына алып, жекенің қолынан ғимарат сатып алып, құрылыс жұмыстарын бастап кетті, – дейді ауыл ақсақалы Жәкен Сарамысов. Қатымхана биыл пайдалануға берілмек.
Жамал Ермен