ТОПҰлыс оң болсын

Үйлесімділіктің, жақсылық пен мейірімнің мерекесі

Қазақстанда бүгінде 100-ден астам этнос өкілдері тұрады. Бұл шын мәнінде мақтануға себеп. Өйткені, барлық қазақстандықтар бейбітшілік пен келісімде өмір сүреді, ал түрлі мәдениеттер мен дәстүрлердің бірігуі оларды бұрынғыдан да жақындастыра түседі.

Облыстық “Дидар” газетінің өкілдері көктемнің басты мерекесін облыстың этномәдени бірлестіктері қалай атап өтетінін біліп қайтқан еді. 

Галина Борисович, Беларусь этномәдени бірлестігінің жетекшісі:

– COVID-19 пандемиясына дейін біздің бірлестік басқа этномәдени орталықтардың өкілдерімен бірге Наурызды кеңінен атап өтіп келді, түрлі ұлттық тағамдар дайындады, бір-бірінен дәм татты. Мен өзім мерекеге бауырсақ, бесбармақ, сондай-ақ белорусь тағамдарынан құймақ пен «сиқыршыларды» дайындаймын.

Наурыз мерекесінде Беларусь этномәдени бірлестігінің «Гармония” және “Крыничка”вокалдық топтары өнер көрсетіп, қазақ тілінде де ән орындайды. Көрермендер әртістердің шығармашылық нөмірлерін ыстық ықыласпен қабылдайды.

Наурыз – көктем мерекесі. Беларусь халқының да Наурыздай дәстүрлі мерекесі бар, «Гуканне вясны»” деп аталады. Осы мерекенің құрметіне орай адамдар түрлі-түсті декорациялар жасайды. Көптеген құстар қағаздан жасалады, содан кейін олармен ағаштарды, үйлерді безендіреді. Сонымен қатар үй шаруасындағы әйелдер құс тәрізді печенье пісіреді. Өйткені, бұл құстар «Көктем» деп аталады әрі көктемнің хабаршысы саналады.

Жалпы, қазақтар мен белорустардың дәстүрлерінде ұқсастықтар бар. Біз сабақтарымызда әртүрлі этностардың әдет-ғұрыптарын зерттеп, оларды салыстырамыз. Жастарға осы ортақ білімді сіңіру үшін халықтарымыздың салт-дәстүрлері, ұлттық байқаулары туралы айтуға тырысамыз. Мәдениеттер мен дәстүрлердің өзара байланысын әрқашан қолдаймыз.

Ольга Тарасова, украин мәдени орталығының мүшесі:

– Наурыз табиғаттың жаңаруын, жаңа өмірдің басталуын білдіреді. Бұл аязды қыстың орнына жылы күндер келіп, айналадағылардың бәрі көктемде еркін тыныстайтын уақыт.

Көктемгі күн мен түннің теңелу күні тек қазақтар үшін ғана емес, Қазақстанда тұратын барлық этностар үшін сүйікті мереке. Біз, украиндықтар үшін бұл да ерекше мәнге ие. Бұл – бірліктің, достықтың және бір-біріне деген мейірімділіктің символы. Жыл сайын біз осы салтанатпен байланысты салт-дәстүрлермен жақынырақ танысуға тырысамыз.

Қазақтардың басты ерекшелігі – қонақжайлылық. Олар басқа адамдарға қуаныш сыйлауды, оларды құрметті қонақтар ретінде қабылдауды жақсы көреді және біледі. Біздің Достық үйімізде бүкіл Қазақстандағы сияқты, барлық мерекелерді бірге атап өтудің тамаша дәстүрі бар. Наурыз мерекесіне жыл сайын қатысатынымызға қуаныштымыз. Жомарт және көңілді мерекелер әрқашан ұмытылмас әсер қалдырады.

Бұл күні дастархан дәмді тағамдарға толы болады. Үстелдің басты әшекейі – Наурыз көже мерекенің басты нышаны. Оның құрамына жеті ингредиент кіреді: су, ет, тұз, ұн, жарма, құрт және сүт.

Біз үшін Наурыз әрқашан жақсылықтың, жылулық пен жайлылықтың символы болып қала бермек.

Светлана Бойченко және Валентина Третьякова, “Русская песня” халық хорының әншілері:

– Жыл сайын Наурыз мейрамын ауқымды түрде атап өтеміз. Бұл табиғаттың ғана емес, адамның жан дүниесінің жаңаруын білдіретін керемет мереке. Біз Наурызды өте жақсы көреміз.

Биылға дейін облыс орталығының Республикалық алаңында, Достық үйінде жаппай серуендер мен мерекелік концерттерге белсене қатысатынбыз. Түрлі этнос өкілдері ұлттық киім киіп, шын жүректен халықтың көңілін көтеруге шығушы еді.

Қазіргі кезде өкінішке орай, көпшілік адамдардың қатысуымен өтетін іс-шараларға тыйым салынған. Алайда, пандемия тыңдармандармен байланысымызды бұза алмайды. Біз оларды онлайн форматта қуантуды жалғастырып келеміз.

Біз қазақ халқының дәстүрін құрметтейміз. Наурыз айында бір-біріміздің ұлттық тағамдарымыздан дәм татысамыз, бір-бірімізге ізгі тілектер жолдаймыз.

Баршаларыңызды жарқын мереке – Ұлыстың ұлы Күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын. Баршаңызға денсаулық, табыс, бейбітшілік тілеймін және алға қойған барлық тілектеріңіз орындалсын!

Жанар Алқанова, облыстық Достық үйі – қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары:

– Барша Қазақ халқын ең біріншіден Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын!

Сарыарқаның көк тасы жібіп, жер жүзі жанданатын мезгілдің ең басты мерекесі –  Наурыз мейрамын ұлтаралық деңгейде тойлау біз үшін дәстүрге айналған.  Әр ұлт, әр ұлыс жоғарғы деңгейде мерекелеп, атап өтетін мерекеміз биылғы жылы онлайн форматта өтетіні, әрине өкінішті.

Алайда, сақтық шараларын сақтап түсірілген онлайн мерекелік концертіміз баршаның жүрегінен орын алады деген сенімдемін. Наурыз – қазақ жерінде тұрып жатқан барша ұлт пен ұлыстарға тек жақсылықтар, береке-бірлік әкелсін!

Фото: Тілеубек Шаяхмет

Дәурен Аллабергенұлы

Осы айдарда

Back to top button